Назым ИБРАГИМҚЫЗЫ, психолог, психоаналитик: Жазда демалған баланың сабаққа ынтасы жоғары болады
Назым ИБРАГИМҚЫЗЫ, психолог, психоаналитик: Жазда демалған баланың сабаққа ынтасы жоғары болады
Балалар жаз мезгілін асыға күтеді. Бұл – алаңсыз ойнап, доп қуалап, суға шомылып, күнге қыздырынатын уақыт. Сонымен қатар демалыс баланың психикалық, физикалық, рухани дамуына ықпал ететін, денсаулығын нығайтатын, сауықтыратын кезең. Осы ретте баланың жазғы демалысын қалай тиімді өткізуге болады деген мәселе төңірегінде психолог Назым Ибрагимқызымен әңгімелескен болатынбыз.
– Ең алдымен балалардың жазғы демалысының маңызына тоқталсақ...
– Жазғы демалыс – балалардың ерекше бір ықыласпен күтетін уақыты. Бұл балалардың физиологиялық дамуына, сана-сезімінің жетілуіне, дүниетанымының кеңеюіне үлкен әсер етеді. Себебі жазғы демалыс кезінде балалар өздерін еркін сезінеді. Сауықтыру шараларына атсалысып, өзіне бір жаңа бейімдік әдеттерді қалыптастыруға ерекше көңіл бөле алады. Сол себептен ата-ана балаларының жазғы демалысын дұрыс ұйымдастыруы керек. Әрбір ата-ана баласының демалысты ерекше күтетінін, әдемі естеліктерге толтырып өткізуге тырысатынын жақсы біледі.
– Баланың демалысын қалай қызықты ұйымдастыруға болады?
– Баланың демалысын ұйымдастыруда ата-ана алдын-ала жоспар құруы керек. Оқушылардың жазғы демалысын өткізетін негізгі 3 жер бар. Бірінші – ауылда демалу, екінші – қалада демалу, үшіншісі – жаздық лагерьлер. Қаланың баласын ауылға апарсаңыз, олар «Ауыл қызықсыз» деп неше түрлі сылтау айтуы мүмкін. Бірақ ауылдағы демалыстың маңыздылығы ерекше. Ауылда, біріншіден, таза табиғи өнімдер, сонымен қатар атмосферасы жанға жайлы. Кешке малдың өрістен қайтуы, қозы-лақпен ойнау қалада өскен балаға қызық болары сөзсіз. Ата-әжелер немерелерін шаруаға бейімдей отырып, еңбекке араласуын ұйымдастыра алады. Әр ауылдың маңында өзен, көл бар. Суға шомылу, балық аулау, табиғаттан, күн сәулесінен таза энергия алу баланың денсаулығы үшін өте маңызды. Сондықтан бала ауылды қызықсыз деп сылтауратса, оны қызықтырып, демалысты дұрыс ұйымдастыру керек деген сөз. Қыз баланың қазан-ошақтың жанында жүріп әжесіне қолқанат болуы, ұлдардың таңертең малды өріске айдауы, кешке күтіп алуы қызықты – процесс. Мәселен, құрт жасауды ойын түрінде ұйымдастыруға болады.
Қаладағы баланың демалысы кешке дейін смартфонда отыруымен өлшенбеуі керек. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, балаларға 7-12 жасқа дейін смартфонды 1 сағаттан артық қолдану зиян. Мұның соңы баланың жалпы денсаулығына, көзіне, миына кері әсер етеді. Қалада өскен бала үшін ата-анасымен бірге уақыт өткізу маңызды. Өйткені қалалық ата-аналар жұмысбасты, әдетте баласына көп уақыт бөле алмай жатады. Ата-ана мен бала арасындағы бұл алшақтықтың орнын жазғы демалыста толтыруға болады. Баланы театрға, киноға, кітапханаға, музейге апарып, бірге қыдырғаныңыз дұрыс. Қала сыртындағы кішігірім демалыс орындарында осылай бірге уақыт өткізу екі жаққа да пайдалы. Мұндайда уақытты бірге өткізу деген тек сөз жүзінде қалмауы керек. «Өздерің ойнай беріңдер» деп өз әлеміңізге кетсеңіз, байланыстың болмағаны. Демалысты баланың мүмкіндігі мен қажеттігіне қарай ұйымдастырған дұрыс. Оны баласынып айтқанына құлақ аспау немесе жүре тыңдау дұрыс емес. Бала ұнатпаған жерге оны қинап апара алмайсың. Сондықтан оның қалауын тереңірек, кеңірек сұрап түсінуіміз керек. Әр демалыс күнін баламен бірге өткізуді жоспарлап, әдетке айналдыру тек жазғы демалыста ғана емес, барлық кезде де болуы керек. Баланың есінде сіздің күн сайын қасында болғаныңыз емес, бірге өткізген сәттеріңіз қалады. Сонымен қатар демалысы жақсы өткен баланың сабаққа да ынтасы жоғары болады.
Жазғы демалыс баланың денсаулығын нығайтуға қолайлы кезең. Осы ретте жазғы мектеп лагерьлерінің маңызы зор. Онда бала жаңа білім алады, тәжірибе жинақтайды, шығармашылықпен айналысады, білік, дағды қалыптастырады. Балалармен тіл табысып, өзін жан-жақты дамытады. Баланың бос уақыты теледидар көріп, смартфон шұқылауға кетпес үшін кейде ата-аналарға баласын жазғы сауықтыру лагеріне жіберуге кеңес беріп жатамыз.
– Жазғы демалыста баланың кітап оқуын талап ету, үйірмелерге жіберу қаншалықты пайдалы? Үш ай жаз оқушылардың миы демалғаны дұрыс па, әлде пайдалы іспен айналысқаны ма?
– Жазғы демалыстың алғашқы айларында баланың миының демалуына мүмкіндік жасауымыз керек. Мысалы, маусым айында кітап оқытып, үйірмеден қалма деп жүктемені арттырмау керек. Ал шілде, тамыз айларында балаларға кітап оқытқан дұрыс. Жалпы, демалыс кезінде балаларға кітап оқытуды әдетке айналдыруымыз керек. Кітап оқу – жыл он екі ай жүретін процесс. Ол үшін ата-ана өзі кітап оқуы керек. Жаз мезгілінде балалар күніне бір сағат кітап оқыса, соның өзі жеткілікті. Сондай-ақ баланың қалауы болса, үйірмелерден қалдырмаған дұрыс. Алайда жазда бос отыруға болмайды деп шамадан тыс жүктеме берген жөн емес.
– Сабақ кезінде баланы смартфоннан шектеп жатамыз, ал жаз мезгілінде балаларда уақыт көп. Смартфон пайдалану уақыты да артады. Жаңа өзіңіз бала смартфонды 1 сағаттан артық қолданса, зиян екенін айттыңыз. Алайда мұны қалай реттеуге болады?
– Гаджеттерге тәуелділік қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Технологияның дамыған заманында өмірімізді телефонсыз елестете алмай қалдық. Үздіксіз телефонға телміріп отыру, бір бағыттан өзгермеу баланың денсаулығына үлкен әсер етеді. БҰҰ-ның мәліметтеріне сүйенсек, жылына 5 миллионнан астам бала телефонға тәуелді болады екен. Сондықтан баланың қауіпсіздігін ескеруіміз керек. Ғалымдардың зерттеуі бойынша ересектердің 23 пайызы, балалардың 80 пайызы гаджеттерге тәуелді. Осы орайда баланың көңілін басқа жаққа аударып, оның қызығушылықтарына көңіл бөлген жөн. Балаға жиі көңіл бөлу оны гаджеттерден алыстатады. Әдетте, ата-аналар өздері балаға кішкентайынан телефон ұстатып, мазасын алмауын сұрайды. Бұл дұрыс емес. Сол себептен баланы демалыста гаджеттерден шектеген жақсы. Жазда ауа райы өте тамаша. Балалар далада ойнағаны дұрыс. Сонымен қатар балалар ұйқыға жатқан кезде бөлмесіне гаджеттерді қоймау керек. Оятқышымыз телефонда болғандықтан, таңымыз телефонға телміруден басталады. Сондықтан гаджетті пайдалануда ата-ана да өзіне шектеу қойғаны дұрыс. Ата-ана мен бала телефоннан алшақтаған сайын бір-біріне жақын болары сөзсіз.
Бала жазғы демалыста тек қыдыруды, ойнауды, демалуды қалайды деген қате түсінік. Балалар ата-анасымен көбірек уақыт өткізгенді, сырласқанды жақсы көреді. Әке-шешесінің қасында көбірек болған оларға ұнайды. Баламен бірге отырып оның әр күнін, демалысын жоспарлау керек. Баламен үлкендер секілді ақылдасу, әңгімелесу, пікіріне құлақ асу олардың ой-өрісінің дұрыс жетілуіне, болашақта өз бетімен шешім қабылдауына, өзіне сенімділігін қалыптастыруға зор ықпал етеді. Уақыт өте келе бала да ата-анасын тыңдауды үйренеді.
– Қалада уақытын бос сенделіспен өткізіп, мысық, құс, ит өлтіретін балалар да кездеседі. Осындай жағдайды болдырмас үшін ата-аналар нені ескеруге тиіс?
– Ата-анасы жұмыста болған кезде бала бос сенделіп, уақытын қалай болса солай өткізіп, қажет емес, зиянды дүниелермен айналысып жүрсе, бұл қауіпті. Сондықтан балаға режим қою керек. Бала психологиясында режимнің маңызы ерекше. Ата-аналар «Балам мені тыңдамайды, үнемі телефонда отырады» деп келеді. Яғни, ата-ананың баламен қарым-қатынасы дұрыс емес, екі жақтың байланысы жоқ болып тұр. Сол себептен бала сіздің назарыңызды өзіне аудару үшін басқа дүниелермен айналысып отырады. Не телефон ойнайды немесе бір бұзықтық жасайды. Бұл жерде негізгі мәселе – ата-ана мен баланың арасындағы байланыс. Ол көзге көрінбейді, қолға ұсталмайды. Осыны ата-аналар түсінсе екен деймін. Баланың психикасы өте әлсіз, нәзік болады. Баланы өмірге әкелген соң ата-ананың міндеті – киіндіру, тамағын беру, оқытудан бөлек, мейірім төгу, жылу беру. Сондықтан баланың ата-анасын тыңдамауы тікелей үлкендердің өзіне байланысты.
– Ата-ана баламен уақытын қалай өткізуі керек?
– Біз баланың қажеттіліктерін құнсыздандырмауымыз қажет. Бала ішкі сезімдерін жеткізгенде «Қоя тұршы», «Мен телефонмен сөйлесіп жатырмын» деп сылтау айтпай, балаға көңіл бөлу қажет. Балаға не қажет? Оны не мазалап жүр? Ата-ана ретінде менен қандай көмек керек? Осы сұрақтарға жауап іздеген ата-ана баланың дамуына тікелей әсер етеді. Гаджетке тәуелділіктің соңы отбасындағы қарапайым әңгімелесу дағдысын жойып отыр. Жоғарыда айтқан баланы режимге үйрету дегенім тек гаджетке байланысты емес. Бұл үй шаруасына, сабақ оқуға, қосымша үйірмелеріне де қатысты. Яғни, белгілі бір тәртіп керек. Қит етсе «Балам мені тыңдамайды, мұны психологқа апару керек» деп аттандамай, баламен арадағы байланысты түзеу керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан А.Бимендиева