Журналист − тарих жанашыры
Журналист − тарих жанашыры
Кеңестік кезеңде Қазақстаннан тыс жерлердегі қазақтардың өмірі бірдей болған жоқ, әсіресе руханият салаларында. Сондықтан атажұртынан тыс жерлерде өмір сүргендер арасында жазу өнеріне бейімі барлар өз өнерін өрістету үшін атамекеніне көшті, көше алмағандары өзге тілдерде жазуға мәжбүр болды.
Сол шақта сырттағы қазақ диаспорасының арасында өз баспасөзіне ие болғандар аз, сол аздың бірі − бұрын Өзбекстанның Бұқара облысына қарайтын, қазір Науаи облысындағы Тамды ауданы қазақтары болды. Тамды ауданында 1935 жылы «Шопан үні», кейінірек «Социалистік шаруашылық», бүгінде «Тамды шаруагері» деген атпен шығып келе жатқан аудандық қазақ газеті сол аймақтағы қазақтардың тыныс-тіршілігін сәулелендірді. Қарапайым еңбек адамдарынан бастап, еңбекте үлкен жетістікке жеткен тұлғалар туралы жазып, қиян шеттегі бір аймақ қазақтарына рухани нәр берді. Қызылқұмның бір шетінде мал шаруашылығымен айналысқан, мектебі қазақша, қазақ тілінде шығатын газеті бар Тамды ауданы қазақтары қалайда Өзбекстанның өзге өңірдегі қазақтарынан ерекшеленіп тұрды. (Осы тұста Тамдымен көршілес, негізінен қазақтар өмір сүретін Кенимех ауданында да ұзақ жылдан бері «Кенимех таңы» деген қазақ газеті шығып жатқанын айта кеткіміз келеді).
Тамды ауданында әлі де біраз қазақ ғұмыр кешіп жатыр, «Тамды шаруагері» газеті әлі де шығып келеді, әлі сол аймақтағы қандастарымызды руханият бастауымен сусындатып келеді. Алайда кезінде Өмірзақ Қожамұратовтай даңқты ақынның қолтаңбасы қалған, талай қазақ журналистерінің маңдай тері сіңген осы бір газеттің тарихын, ауданның жалпы қазаққа таныту жолында белгілі ақын, қаламы жүйрік журналист Руза Алдашеваға дейін ешкім белсене қоймапты.
Руза Алдашева – ҚазҰУ-дың түлегі, осы даңқты оқу ордасының журналистика факультетін 1988 жылы бітірген. Журналистика мен ақындықты қатар алып жүрген оның «Жеткізбей жүрген құштарлық», «Тәуелібай – тал бесік», «Қаңтарда қауыз жарған гүл» атты жыр жинақтары жарық көрген. Өзбекстанда Науаи облысы Тамды аудандық «Социалистік шаруашылық», Үшқұдық аудандық «Достық-Дружба» газеттерінде тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактор болып еңбек етті. 2002 жылы атажұртына оралған соң «Теміртау» газетінде еңбек етіп, оның бас ретакторлығына дейін көтерілді, кейін өзі «Құрыш қала» атты қалалық газет ашып, біраз жыл басылымға басшылық жасады. Қазір Теміртау Мәдениет сарайының бөлім меңгерушісі болып еңбек етіп жатыр. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі.
2020 жылы жаһандық пандемия басталып, елдің бәрі үйде отырып қалған кезеңде Руза Алдашева қол қусырып қарап отырмай, өзінде сақталған Тамды ауданы қазақтарының үні «Тамды шаруагері» («Социалистік шаруашылық») газеттінің 1958-1988 жылдарындағы сандарында жарияланған материалдар негізінде кітап құрастырып, өткен жылы «Тамды тарихынан» атты публицистикалық танымдық кітап шығарды. Кітап «Тамдының тарихи дерекнамасы», «Тамдының тіршілік көзі», «Тамдының мәдени өмірінен», «Тамдының шығармашылық шежіресінен», «Тамдының таңғажайып арулары», «Атажұрттан аманат», «Редакцияға хат» атты жеті тараудан тұрады. Әр бөлім тақырыбына қарай жүйеленіп, оқырманға Тамды қазақтарының тыныс-тіршілігінен, әдебиеті мен мәдениетінен сыр шертеді. Әсіресе, «Тамдының шығармашылық шежіресінен» деп аталатын бөлімде 60-жылдардағы поэзиямыздың ренесансына олжа салған қазақтың дарынды ақындарының бірі Өмірзақ Қожамұратовтың «Социалистік шарушылық» газетінде басылған өлеңдері берілген. Арасында тіпті, бұрын-соңды ақынның кітаптарына кірмеген өлеңдері де бар. Сонымен бірге кітапта көптеген ғалымның маңызды материалдары жарияланған.
Кітапта Тамды ауданындағы қазақтардың білім саласына да қатысты қызықты деректер бар. Мәселен, «Цифрлар мен фактілер» деген мақалада мынадай деректер келтірілген: «1964-1965 оқу жылында ауданда 8 орта, 6 сегіз жылдык, 18 бастауыш мектеп жұмыс істейді. Мұғалімдер саны – 275, осыдан жоғары білімділер – 156, орта білімділері – 119. Контингент бойынша биыл оқитын бала саны 4 451, яғни өткен жылға қарағанда бала саны 764 көп». Сондай-ақ жоғары мемлекеттік награда алған тамдылықтардың марапаттары туралы фактілер баршылық. Жалпы, Тамды қазақтарының баспасөзінен мол мәлімет беретін Руза Алдашеваның «Тамды тарихынан» кітабы – шетелдегі қазақ журналистикасын зерттеушілерге таптырмайтын құнды кітап.
Мақсаттың үлкен-кішісі жоқ, халқына қызмет етем деген адамның ізгі ниеті үлкен жетістіктерге жетелейді. Өзбек еліндегі қандастарымыз тарихын ұлт тарихымен ұштастыру жолында тер төгіп жүрген тарих пен әдебиет жанашыры, қарымды қаламгер Руза Алдашева алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмысын жалғастырып, шеттегі қазақтар жайлы құнды мәліметтер беретін кітаптар жазуды жалғастыра бермек.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ