Абстракция астарындағы ақиқат
Абстракция астарындағы ақиқат
Қазір қазақ бейнелеу өнерінде өзінің лайықты орнын ойып алған суретші Қуат Асқаровтың басқаларға ұқсамайтын басты қыры сол, ол мифология мен абстракция синтезінен өзіндік стилін тапқанымен ерекше бағаланады. Осы тұрғыда гиперреализм бағытында бағын сынап келе жатқан оның шығармашылығы образдардың эмоционалдық құрамдас бөлігінен алшақ кетпей, картиналарға баяндау сипаты мен жаңа сезімдер қоса алатынымен құнды. Бұл суретшінің нақты техникалық мүмкіндігін ғана емес, абстракцияға тән біраз компоненттерді де қамтитыны – тылсым құбылыс. Көптеген өнертанушы гиперреализмді қазіргі заманғы бірегей реалистік стильдің бірі ретінде қарастырғанымен де енді біреулері оны абстракционизмның соны ағымы ретінде қарастырып келеді. Мен де соңғыларына қосыламын. Олай дейтінім, адамдарды терең ойлануға үйрететін абстракцияның элементтері гиперреализмнен молынан табылады. Осы ағымның Қазақстандағы бірден-бір өкілі ретінде Қуат Асқаров өз картиналарында Тромплей техникасын қолданатындықтан болар, көрерменді оптикалық иллюзия құра білетіндігімен баурап алады. Осы тұрғыдан алғанда оның туындыларынан суперреализм мен мегареализмнің канондарын да байқауға болады. Алайда оның басты мақсаты иллюзия құру емес, оның мұраты – кез келген затқа деген суретшінің төл көзқарасына назар аударту. Ол шынында да заттардың масштабын өзгерту мен нысандарды жасанды жағдайда орналастыру арқылы көрушіні тосын ойларға итермелейді. Суретшінің ең басты мақсаты бұл да емес. Оның түпкі ойы біздің шындық туралы танымымызға балама көзқарасын білдіре отырып, әлеуметтік мәселелерге алабөтен мән беру үшін саяси және философиялық идеяларын ұсынуында жатыр. Мен айтар едім, Қуаттың тағы бір түйткілді арманы – ой тереңдігіне құрылған оқиғаға көрерменді де қатыстыруға ұмтылуы. Бұл – әрине, суретші үшін оңай міндет емес. Алайда Қуат Асқаров өз туындыларында композицияны интуитивті түрде таңдау арқылы кез келген көрерменді бейжай қалдырмайды. Бейнелеу өнерінің хас шебері өзінің керемет техникасына қоса шынайы әлемнің сөздің жақсы мағынасындағы елесін жасауға көмектесетін нәзік элементтерді пайдалану арқылы туындыларына қосымша мағына беруімен алға озып тұр. Оның картиналарын көзбен көру бір басқа, жүрекпен сезіну керек. Оны айтасыз, ақылға салып безбендеуді қажет етеді. Қуат Асқаров – ұлттық мифологиялық бейнелерді абстракциялық бағыттың элементтеріне бағындыра отырып, философиялық ой қорытуға қол жеткізген суретші. Басқаша кестелесек, Қуат Асқаров – «Мифология-Абстракция-Философия» симбиозы арқылы ақиқатты іздеген талантты туындыгер. Оның картиналарындағы сюжет мифологияға жүгінгендіктен болар, ілкі сәтте туынды пассеистік сарында жазылғандай әсер қалдырады. Бірақ олай емес. Сақа суретші көне дүниенің тылсым тұстарын алдыңа ақтарып отырып, сені қазіргі заманның проблемаларын түсінуге және оны шешудің жолдарын бірге қарастыруға шақырады. Шығармашылық шеберлік деп осыны айтар болар! Ол осы бір өзіне ғана тән сырлы синтез арқылы қазіргі бейнелеу өнерінде ақиқатты табуға ұмытылып қана қоймай, сол жолдағы шығармашылығында үлкен үйлесімділікке жеткен. Қуат Асқаров абсолютті ақиқатты айтуға ұмтылмайды. Мұндай ұғымның болмайтынын да жақсы біледі. Сондықтан болар, туындыларында қарапайым ақиқаттың өзін ашықтан ашық жайып салмайды. Саналы түрде. Оның түпкі мақсаты әріде жасырынып жатыр. Ақиқат тезиз пен антитезистің қорытындысынан шығатынын жақсы игерген суретші ой сиквелін жасауды көрерменнің өзіне қалдырады. Суретші картиналарындағы ой энергетикасының буырқанған бояуы осында дер едім. Қуат Асқаровтың біз айтып отырған суреткерлік қарым-қабілеті әсіресе, оның «Тұлпарға ода» деген тамаша туындысынан айқын аңғарылады. Сондықтан да біз аталмыш туынды төңірегінде егжей-тегжейлі сөз қозғауды жөн көріп отырмыз. Бұл картинада тәуелсіздік алған отыз жыл ішіндегі халықтың жақсы өмірге деген құлшынысы мен өз мүмкіндігін дұрыс пайдаланбауы арасындағы көзге көрінбейтін құбылыстың осал тұстары философиялық тұрғыда толыққанды ашылған. Суретші «Троя атын» ірі планда көрсете отырып, жұмбақ дүниенің сырын таппаған адамдардың күйкі тіршілігін суреткерлік деңгейге дейін көтеріп әкеткен. Қарапайым халық елдің өркендеуіне жұмыла кіріскенімен де, істің ығын білмегендіктен олардың барлық үмітінің орындалмай жатқанын келісті оймен кестелеген. Картинадағы гиперболалық тәсілмен салынған ер-тоқымды көтерген он шақты адамның тірлігі де, жылқы мен адамнан да әлдеқайда биік көрінетін алып арба дөңгелегін аттың аяғына қондырғалы бара жатқан жігіттердің күлкілі іс-әрекеті де, беріректе тылсымға толы «Троя атына» қанат байлап ұша жөнелуді ақылдасып тұрған екі жігіттің арман-қиялы да, зәңгі көтеріп, «Троя атына» шығуды қиялдап, бос әурешілікке салынып жатқан жігіттердің далбаса дәмесі де – бәрі-бәрі суретшінің картинадағы философиялық иірімдерді терең символикалық тілмен шебер көрсете алғанын айғақтайды. Қылқалам шебері картинада осылайша халықтық философияның қырларын көрсетумен шектеліп қалмайды, тың да тосын ойларымен қуантады. Сол бір орамды ойды көрсету үшін суретші «Троя атын» орталық образ ретінде өте сәтті пайдаланған. Тәуелсіздік алғаннан кейін де қазақ елінің еңсесін көтеретін идея мен идеологияның көп жыл бойы табылмағанын суретші осы мифологиялық фигураның айналасында сюжет құру арқылы тамаша тұспалдап жеткізгені – оның талантының тағы бір қыры. Алып аттың тым жоғарыда көрсетілуінің символикалық мәніне терең үңілген адам билік халықпен байланысын үзгенін, тек қана өз мүдделерін ойлайтынын тайға таңба басқандай байқайтыны даусыз. Мұның астарында ұзақ уақыт билікке алданып келген бұқараның топтық образы жатқанын бажайлау қиын емес. Қолында бастапқы капиталы жоқ жұрттың қай іспен айналысарын білмей, әр нәрсенің басын бір шалып кеткенін бейнелейтін керемет образдар да картинаның концепциясын аша түскен. Суретші осылайша символика тілімен алабөтен ой айтудың апогейіне жеткен. Тәуелсіздік секілді тәтті категорияны бар жан-тәнімен қорғай отырып, егеменді елдің көсегесін көгертуге ұмтылған халықтың образы картинада өзінің дұрыс шешімін тапқан. Суретші жақсы өмір сүрудің айқын жолы құр тыраштануда емес, адал еңбекте екенін әлі де түсінгісі келмейтін кейбір адамдардың дәрменсіздігін де дәл көрсеткен. Бұл көрініс те бейжай қалдырмайды. Халықтың қордаланған проблемасына құлақ түрмейтін билікті суретші бейнелеу өнеріндегі сарказм жанрының найзасымен түйреп өткендей әсер қалдырады. Табиғаттың көзге көрінбейтін тұстары мен адамның көңіл күйінің сан батпан қатпарларына терең үңіле білетін және оны өзіне бағындыра білетін суреткер ғана натуралық образды философиялық тұғырға қондырады. «Тұлпарға ода» абстракция астарындағы ақиқатты айта білетін Қуат Асқаровтың азаматтық позициясының нәтижесінде туған туынды екені оның өн бойынан көрініп тұр. Тіпті, ат үстінде көкпар тартып бара жатқан жігіттердің делебені қоздырар ұлттық ойынын көрсетуімен суретші халықтың ой ойлаудан гөрі әлі де той тойлайтын кәнігі «қасиетін» өте нәзік импульспен берген. Дәл осы жұмбақ сырды көрерменге сездіре алған суретшінің бұл картинасы ешкімді де бейжай қалдырмайды. Енді картинаның композициялық шешімі мен эстетикалық құндылығына аз-кем тоқтала кетейік. Көргені де, түйгені де көп, өмір тәжірибесі мол, әр тарапты білімі бар Қуат Асқаровтың фантазиясы оның өскен ортасына және этностық спецификасына байланысты екені дау тудырмайды. Ол картинадағы сюжет пен образдардың ара қатынасын айқындайтын композиция құруда өзінің осы қырын толық аша алған. Оның суреткерлік қиялы айналадағы барлық психикалық құбылыстармен ұштасып жататын процесс екенін ілкі сәтте байқайсыз. Бұл қиял мен еркіндіктің біртұтастығынан болса керек. Сондықтан да суретшінің қиялы ойлау процесін дамытумен қатар шығармашылық әрекеттеріне айтарлықтай әсер етеді. Бағзы замандарда көшіп-қонып, тар заманды кең қылып жүретін ата-бабаларымызға тән жайбарақат өмір картинаның тұла бойынан көзге ұрып тұр. Суретші кең-байтақ жазира даланың сұлулығымен қоса өмірлік философиясын да кенеп бетіне түсіру әдісімен түсіндіруге талпынған. Туындыгердің психологиялық тебіренісі картинаға ортақ сюжеттің болмысын барынша тереңдетуге көмектескен. Образдардың ішкі және сыртқы арпалысының картинадан ерекше айшық көрінуі монотонды қозғалыстың өзін керемет динамизге ұластырады. Кейіпкерлердің іс-қимылы мен жан дүниесі бір бағытта, бір мақсатта өрбіп бара жатқанына қарамастан картинада әр образ өзіндік келбетімен және өзіндік қозғалысымен көрінеді. Бейнелеу өнеріндегі типтендіру принципін терең меңгерген суретші образдарды ашуда екіұштылыққа ұрынбайды: картинадағы қаптаған образдарды бір-бірімен шатастырмайсың. Әр образ өзінше кесек өрілген. Мұның өзі картинаға монументалдылық көрік беріп тұр. Әр кейіпкердің сезімге толы толғанысы мен ішкі жан дүниесі, психологиялық иірімдердің дәлдікпен берілуі шығарманы үлкен үйлесімділікке жетелейді. Ұлттық ерекшеліктер табиғатын жете түсінетін суретші бұл картинада қоңыр түсті көбірек қолданғаны да сәтті шыққан. Қоңыр мінез бен қоңыр тірлікті өмірінің өзегіне айналдырған қазақ халқының ұлттық кодын жазу процесінде суретшінің түс таңдаудағы бұл қадамы да картинаның бағасын асырады. Картинадағы кеңістік сюжеттің болмысына сай келетіні қайран қалдырады. Суретші алып отырған тақырыбын техникалық тұрғыдан орындаудың барлық қыр-сырын толық меңгерген. Өмірдегі құбылыстарды өз түсінігімен жаза білетін суреткердің бұл картинасы қас-қағымда қоңыр тірліктің мың құбылған сәттерін қарапайым түрде әсерлі етіп көрсетуімен қызықтырады. Табиғаттың көңіл күйін өзіне бағындыра білетін суреткер ғана шедеврді дүниеге әкеледі. Картина қазіргі таңдағы қазақ халқының өз темірқазығын таппай дал болған күйін жеткізуге ұмтылған. Көрерменді өнер рахатына бөлеумен бірге оған ойлау мүмкіндігін қайта сыйлай білу – дарынды суретшінің шығармашылық қайраткерлігі. Шағын мақалада оның шығармашылығын толық қамту – қиынның қиыны. Алайда Қуат Асқаровтың қазақтың салт-дәстүрлеріне арналған «Ұлы дала сазы» деп аталатын картиналар топтамасына тоқталмай кете алмайсың. Қазақ халқының ерекшелігін көрсететін цикльге кіретін «Тұсаукесер» картинасында да қазақ халқының типтік образы терең ашылған. Анық бедерленген туынды ұлттық дәстүр тұңғиығына тартып ала жөнеледі. Суретші ең алдымен образдардың ішкі жан дүниесін ашуға ұмтылады. Олардың сол сәттегі көңіл күйін түстер композициясы арқылы әдемі орындап шыққан. Суретші мұнда постмодернистік ағымның қағидаттарына жүгінгенін де байқау қиын емес. Бесік киіз үйден де үлкен көлемде салынған. Мұнда үлкен мән бар. Ол қазақтың дәстүр сабақтастығын меңзейді. Суретші кеңістікті нәзік сезінеді. Түстердің сан алуандығын шебер пайдаланады. Табиғат панорамасында ешқандай жасандылық жоқ. Картинадан тылсым табиғатты сезесіз. Одан сұлулық пен тазалықтың исі аңқып тұр. Бұл туындыда да кеңістік пен түстің бірлігі үндескен. Кеңістік сюжеттің болмысына сай келеді. Техникалық тұрғыдан жақсы орындалған. Көрерменге тар кеңістікте кең ойлауды үйретеді. Полотно дала эстетикасының құдіретін береді. Суретші сұлулық пен парасаттылық образын келістіре ашқан. Барлық элементтер кіршіксіз орындалған. Суретші ойы таза көрінеді. Қуаттың ұлттық колоритте жазылған тағы бір картинасы суретші туралы әңгімемізді толықтыра түсетіні даусыз. Бұл картинада әдемі сюжет бар. Туындыдан көшпенді қазақтың кәдімгі қарапайым тіршілігін салған бетте сезінесіз. Туынды «Бүркіт» деп аталады. Аталмыш картинаның қақ ортасында орналасқан бүркіт бейнесі ерекше көздің жауын алады. Бұл образды суретші әдемі сомдаған. Басқа да ұлттық көріністерді ашуда да бояулар үндестігі бірден байқалады. Бүркітті баптап, аң аулауға шыққалы тұрған оң жақтағы аңшыны да алдыңғы планда көрсетуімен суретші қазақтың ұлттық өнерін насихаттай білген. Бекзат өнердің бар бояуы осы образда жатыр. Суретші саятшылық өнерді адам мен табиғат арасындағы қатынастың гуманистік қыры ретінде көрсетуге ұмтылған. Тазы жүгірту мен бүркіт баптағаннан ләззат алатын жасыл киімдегі аңшының образы осы байланыстың құпиясын аша түскен. Суретші өмірдің қасқағым сәтін бейнелеу тәсілі мен мұқият аяқтап жазу әдісін бұлжытпай орындағаны аталмыш картинадан ерекше сезіледі. Бұл картинадан көрермен ілкі сәтте дүлей динамиканы сезінетіні – ерекше тапқырлық. Аңшының аң аулауға шығардағы адами болмысы мен қуаныш сезімін де ең алдымен суретші томағасы сыпырулы тұрған бүркіттің бейнесін алдыңғы планға шығару арқылы бере алған. Киіз үйдің алдында атына мінгелі жатқан аңшыға сәттілік пен мол олжа тілеп тұрған кейуана мен жас баланың да образын суретші бір ритмге бағындыра білген. Ырғақ энергиясы деген осындай-ақ болар. Сондықтан да суретшінің бұл динамикалық шешімі картинаны тұтас бір қозғалысқа түсіргенін байқау қиын емес. Көне заманнан бүгінге жеткен көшпелілер тұрмысында зор маңызға ие болған заттық мәдениеттің айрықша үлгісі болып табылатын ер-тұрман мен шаңырақтың киесі саналатын қамшы секілді ұлттың қастерлі бұйымдарын да суретші әдемі кестелеген. Кәсіби шеберлігін былай қойғанда, суретші көңіл күйдің сұлу көріністерін ғаламат бір әуездікпен әсем үйлестірген. Көңіл түкпірінде жасырынған тіл жеткізе алмас көркем ой мен ұшқыр қиялды қылқалам ұшына сыйдыруды меңгерген суретші туындысының ең басты құндылығы да осы шынайылығында. Туындының фонында сары түстің молынан пайдаланылуы, арасында жасыл түстің де салыстырмалы түрде көбірек қолданылуы сары даланың аптап ыстығын алдыңа жайып салады. Бұл да суреткердің табиғат заңдылығын терең білетіндігін аңғартса керек. Қысқасы, түс пен техниканың гармониясына жете білген суретші аталмыш картинасында шеберліктің шегіне жеткені дау тудырмайды. Табиғаттың қас-қағым сәтін живопись тілінде ғажап сөйлете білген суретші бейнелеу өнеріндегі жарықты зерттеумен көптен айналысып келе жатқанын білесің. Аталған туындыда суретшінің шығыс философиясына қызығушылығының белгілері көзге шалынады. Шығармадан кеңістікке деген жаңаша көзқарасты, сонымен қатар композициялық шешімдер мен техникалық жаңа әдістерді де анық көруге болады. Суретшінің қылқаламынан туған бұл туындыдан жалғандық таппайсың. Картина бүгінгі заманның тілімен үн қатса да, бабалар дәстүрінен алыстап кетпеген. Тамылжыған табиғат аясындағы сұлу көріністі бейнелеу өнеріндегі айшықты өрнектеудің үлгісі деп бағалайсың. Картинаның композициялық байлығымен және бояу алуандығымен еркін сусындайтыныңыз да – аталмыш жұмыстың тағы бір артықшылығы. Осы мақалада маңызды бір жағдайды да айта кеткеніміздің артықтығы болмас. Кез келген суретшінің елге танылуында меценаттар мен өнерді ардақтай білетін тұлғалардың атқаратын рөлі орасан. Бұл тұрғыдан алғанда белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеевтің еңбегі зор. Қазіргі қазақ бейнелеу өнерінің жанашыры Жақсыбек Әбдірахметұлы көп жылдан бері Қуаттың шығармашылығына қолдау көрсетіп, суретшінің алаңсыз еңбек етуіне бар жағдайды жасап келеді. Оның жеке коллекциясында Қуаттың көптеген жұмысы бар. Жақсыбек Құлекеев өзі ғана сатып алып қоймай, оның картиналарын басқа коллекционерлерге де кеңінен насихаттап жүр. Қазақтың ақберен азаматының бұл еңбегін де айту – парыз. Қуат Асқаров Н.Гоголь атындағы Алматы көркем сурет училищесін бітірген. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қарағанды облысы әкімі сыйлығының «Жылдың үздік суретшісі» номинациясы бойынша лауреаты, Ә.Қастеев атындағы «Ең үздік туынды үшін» алтын медалінің иегері. Теміртаулық суретші Қуат Асқаровтың 2010 жылы өткен елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайындағы «Жеті қазына» және Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған «Шексіздік» атты дербес көрмелері кезінде көрермендер мен өнер зерттеушілерінен жоғары бағасын алды. Осы көрмелердегі 150-ге жуық келісті картиналарда сыршыл суретшінің ел мен жер туралы жан толғанысы көрініс тапқан. Бұл туындылар – туған елiн қастер тұтатын кез келген адамның iзгi сезiмi мен азаматтық намысын оятатын һәм жүрек отымен жазылған шымыр шығармалар жиынтығы. Қуат Асқаров – республикалық, шетелдік және халықаралық көрмелердің де қатысушысы. Суретшінің жұмыстары Германия, Түркия, Франция және ТМД елдеріндегі өнерсүйер қауымның жеке коллекцияларында сақтаулы. Қуат Асқаров – ұлттық дәстүр мен жаңа дәуір жаңалығын, классика мен қазіргі заманғы бейнелеу өнерін үлкен гармониямен байланыстыра білген тұлға. Бұл туындыгердің ұлттық ерекшеліктің жаңа үлгілерін табуға үнемі ұмтылатын қасиетінен көрінеді. Автордың осы ізденісі қазақ елінің жылнамасындай әсер қалдыратын «Туған жер» триптихі, адамзаттың мәңгілік сұрақтарына жауап іздеген «Шексіздік» және номадтардың өмірінен сыр шертетін «Ұршық өмір» полиптихтерінен де байқалады. Қорыта айтқанда, ол – қазақ аңыздарындағы образдар мен сюжеттердің аллегориялық астарына терең үңіле отырып, өзінің сара жолын тапқан суретші. Дара көркем бейнеліліктің соны тәсілін жасай білген суретшінің туындылары қазақ мәдениетінің төл қасиетімен рухтанған терең пәлсапалық мәнге ие екенін көрермен де қапысыз танитыны содан болса керек.
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ