Жаңалықтар

Премьер-министр Инвестициялық штаб отырысын өткізді

ашық дереккөзі

Премьер-министр Инвестициялық штаб отырысын өткізді

Премьер-министр Әлихан Смайылов Инвестициялық штаб отырысын өткізді. Жиын барысында инвестициялық келісімшарттар бойынша мемлекеттік заттық гранттар түрінде жер телімдерін беру мәселелері талқыланды, деп хабарлады turkystan.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың баяндауынша, Мемлекеттік заттық гранттар Қызметтің басым түрлерінің тізбесі бойынша тауарларды өндіру саласында да, қызмет көрсету саласында да беріледі және сауда-саттық (аукциондарды) жүргізуді талап етпейтін ерекше жағдайларға жатады. Осы келісімшарттар шеңберінде 2,2 трлн теңге сомасына инвестициялар тартылды, оның ішінде қызмет көрсету саласында (қойма орындары, білім беру, денсаулық сақтау, қонақүй қызметтері, жолаушылар тасымалы саласындағы нысандардың құрылысы) 125 келісімшарт жасалды. Премьер-министр отырысты қорытындылай отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту мен бизнесті қолдауға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Үкімет те осы бағыттар бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Осыған орай, Әлихан Смайылов жауапты мемлекеттік органдарға заттық гранттар түрінде жер телімдерін берудегі құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру мақсатында нормативтік құқықтық актілерді өзектендіруді тапсырды.