Жаңалықтар

4 жасар баласын өлтірген Ақтөбе тұрғыны сотта жауап берді

ашық дереккөзі

4 жасар баласын өлтірген Ақтөбе тұрғыны сотта жауап берді

Ақтөбеде өз ұлын жауыздықпен өлтірді деп айыпталған Артур Ахунов ешкім күтпеген мәлімдеме жасады. Бүгінгі сот отырысында ол 4 жасар баланы үшемнің сыңары байқамай өлтіріп алды деп ақталды, деп хабарлады turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап. «Ол қызыммен ойнағанды өте жақсы көретін. Олар ойнай бастады. Оны жіберіп қалғанда бетонға баспен түсті. Артынша үлкен ұлым түсінбей итеріп жіберді. Сол сәтте, ол бетін еденге соқты», - дейді сотталушы Артур Ахунов. Төрт жасар ұлын өлтірді деп айыпталған 41 жастағы қатыгез әке әр отырыста түрлі сылтау айтып, шатасып жатыр. Бұл жантүршігерлік қылмыс былтыр желтоқсанда болған. Бірақ айыпталушы өз кінәсін мойындамай отыр. Тіпті сотта неліктен жедел жәрдем шақырмағанын да түсіндіріп бере алмады. Бірақ тергеу кезінде ол ұлының мәйітін жалдамалы пәтердің балконында он күннен астам уақыт ұстағаны анықталған. Кейін 4 жасар Данилдың денесін қытай сөмкесіне салып, таксимен алдын ала қазылған шұңқырға апарып көміп тастаған. Сот сараптамасы бала басынан алған ауыр соққыдан көз жұмғанын дәлелдеген. «Сол жақ маңдай бөлігінің зигоматикалық аймағында соққы болған. Содан кейін оң жақта желке жағынан да соққының ізі бар. Бұл тікелей соққы болуы мүмкін. Сынық жарақаттары да анықталды», - деді сот сарапшысы Ырыскелді Сүлейменов.