Жаңалықтар

Партиялық бақылау: ЖЭО жабдықтарының 66%-ы тозған

ашық дереккөзі

Партиялық бақылау: ЖЭО жабдықтарының 66%-ы тозған

Жаңа жылыту маусымының басталуына небәрі 2 ай қалды. Өткен маусымдағы көптеген олқылық пен апаттарды ескерсек, қыстың қамын жазда ойлап, ертерек қамдану керек. Оның үстіне, бұл салада жылу желілерінің тозуы, мамандардың тапшылығы сияқты бірқатар қордаланған проблема бар. Осы және басқа да түйткілді мәселелер «AMANAT» партиясының Партиялық бақылау комитетінің отырысында көтерілді.

Жылу энергиясын өндіретін нысандардың басым көпшілігінде белгіленген ережелер мен талаптар сақталмайды. Бұл туралы Комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев мәлімдеді.

«Энергетика министрлігінде және жергілікті атқарушы органдарда орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінің техникалық ахуалы мен өнімділігі туралы толық және сенімді ақпарат болмай отыр. Бұл саланы сапалы жоспарлау мен дамыту үшін қазіргі жағдайын бағалауға мүмкіндік бермейді. Білікті мамандардың тапшылығы және саладан тәжірибелі мамандардың кетуі де күрделі проблема. Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, сектор мамандарының орташа айлық жалақысы еліміздегі орташа еңбекақыдан 15%-ға төмен. Бірінші басшылардың тиісті білімінің болуына жасалған талдау жұмысы аудит жүргізілген нысандардағы алты басшының тек екеуінің ғана арнайы білімі бар екенін көрсетті», - деді М.Шекенов.

Толыққанды заңнамалық базаның болмауы және саланы реттеуде айтарлықтай құқықтық олқылықтардың болуы да өз алдына бір мәселе. Жылу энергетикасын реттеудің толыққанды құқықтық негізін белгілейтін жеке салалық заң жоқ. Тиісті заң жобасын әзірлеуді Энергетика министрлігі биыл ғана аяқтады.

Партиялық бақылау комитетінің жұмыс тобы бір мемлекеттік органда жылу энергетикасы жүйесін реттеу саласындағы функцияларды орталықтандыру жөнінде шұғыл шаралар қабылдау қажет деген қорытындыға келді. Сондай-ақ, жылыту маусымына дайындықты уақтылы атқармағаны және жылыту маусымында жіберілген олқылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленуі керек.