Атырауда мейрамхана күзетшілері қызды жабылып соққыға жыққан (ВИДЕО)
Атырауда мейрамхана күзетшілері қызды жабылып соққыға жыққан (ВИДЕО)
11 шілде күні Атыраудағы «SOLVE» мейрамхана барының бірнеше қызметкері жас қызды соққыға жыққан. Оқиғаның бейнежазбасын Айназ есімді жәбірленуші өз Instagram парақшасына жариялап, мән-жайын айтып берді.
Оның айтуынша, күзетшілер оған қырындап, таныспақ болған. Қыз ұсынысын қабыл алмағандықтан, олар қызға өштесіп, мазақтап, мазасын алған.
«Таңғы сағат бес шамасында бардан шығып, телефонмен сөйлесу үшін кіреберіске шықтым, содан кейін күзетшілер мені кіргізбеді, дөрекілік танытып, «мына жерден кетіп қалшы. Ешкім сені кіргізбейді» деді. Мен олардың құқығы жоқ екенін айтып, әкімшіні шақыруды сұрадым», – деді қыз.
Алайда, олар әкімшіні шақырмаған. Қыз кіреберіс арқылы кірмек болған кезде бір топ ер адам оған шабуылдап, күш қолданған.
«Бетімнен бірнеше мәрте ұрды, соққыдан кіреберістегі кафельге басымды соқтым. Мені әрі қарай итеріп, қуып шықты. Алайда бір күзетші артымнан жүгіріп келіп, ұрып-соғуын жалғастырды, отырған кезімде басымнан тепкіледі», – деді жәбірленуші Айназ.
Айтуынша, полиция қызметкерлері келгенше қаскөйлер қашып кеткен және әкімші бейнебақылау камераларынының жазбасын көрсетуден бас тартқан. Тек екі күннен кейін көру мүмкін болды.
Атырау облыстық Полиция департаменті күдіктілердің ұсталғанын мәлімдеді.
«11 шілде күні Атырау қаласындағы мейрамхана барлардың бірінде азаматты ұрып-соғу дерегіне қатысты Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2-бөлігі «Бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер анықталды. Жәбірленушіге сот-медициналық сараптамасы тағайындалды.
Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды», – деп мәлімдеді ПД.