Зиялы қауым өкілдерімен кездесу
Зиялы қауым өкілдерімен кездесу
Елбасы Н.Назарбаев қашанда қоғамдық-саяси мәселелерді мемлекет қайраткерлерімен бірге талқыға салып, пікір алмасуға уақыт табады. Оған осы аптада бірқатар зиялы қауым өкілдері және қоғам қайраткерлерімен емен-жарқын кездесуі дәлел. Олардың қатарында М.Жолдасбеков, К.Сағадиев, Р.Шырдабаев, О.Әбдікәрімов, Б.Ізмұхамбетов, М.Қасымбеков бар.
Басқосуда конституциялық реформаларға, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын, денсаулық сақтау саласын, ғылым мен білімді, орта және шағын бизнесті дамытуға және жекешелендіруге қатысты экономика, әлеумет, қоғам мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстан күрделі жол жүріп өткенін атап өтіп, республикамыздың одан әрі дамуының негізгі бағыттарына қатысты өз ойын ортаға салды. «Қазақстан танымал елге айналды, экономикамыз қарқынды дамып келеді. Енді «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауда белгіленген мақсаттар мен міндеттерді іске асыру үшін қол жеткен жетістіктерімізді пайдалана білу қажет», – деді Қазақстан Президенті.
Бұдан соң Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан азаматтары бетпе-бет келіп отырған қазіргі заман қиындықтарына назар аударды. – Нарықтық қатынастар жолын таңдаған қоғам алдында елдің одан әрі дамуына ықпал ететін түбегейлі жаңа міндеттер тұр. Жаһандық экономика дәуірінде инновация күн тәртібіндегі басты мәселеге айналды. Индустриялық төңкеріс бізді айналып өтпеуге тиіс. Біз экономикамызға инновациялық технологияларды енгізе білуіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті бұл мақсаттың жүзеге асырылуы тиісті қаржы жұмсауды қажет ететінін атап өтті. – Егер инновациялық технологиялар әзірлеуге қаражат бөлмесек, онда бізге әлемдік жаңа экономикалық құрылымның ауқымынан тыс қалу қаупі төнуі мүмкін. Жаппай өндірісті дамыту үшін жаңашылдықтар енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттырған жөн. Бұл үшін ғылыми-зерттеу институттарын құру қажет. Олар кәсіпорындар және елдің жетекші оқу орындары жанынан ашылатын болады. Мысалы, «Алатау» технобағы Назарбаев Университеті жанынан құрылуы мүмкін. Мәселен, мұндай ғылыми-зерттеу институттары «Алатау» инновациялық технологиялар саябағының, Назарбаев Университетінің жанынан құрылуына мүмкіндік бар, – деді Елбасы.
Арнайы кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысы бастамашы болған, мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлуге бағытталған реформаларды толық қолдайтындарын білдірді. Көптеген бастамалардың, оның ішінде, әсіресе, Парламенттің құзыретін күшейту, дербестік пен жауапкершілікті арттыру бағытындағы ұсыныстардың заман талабына сай екенін де тілге тиек етті.
Бұл ретте ең алдымен Парламенттің өкілеттігін кеңейтуге, оның дербестігі мен жауапкершілігін күшейтуге бағытталған қадамдардың дер кезінде жасалғаны және прогрессивтілігіне тоқталды. Сондай-ақ, республикалық және жергілікті бюджет қаражатының жұмсалуына қоғамдық бақылау жасауға, салалық бағдарламалардың орындалуына, жер реформасына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы орнықтырып, «мүлдем төзбеушілік» саясатын тиімді жүзеге асыруға, сондай-ақ Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша Ұлт жоспарында белгіленген міндеттерді кезең-кезеңмен орындауға қатысты түйткілді мәселелерге тоқталды.