Астанада жатақхана өртеніп, 60 адам эвакуацияланды

24 шілде, 2023 / Анель Жарылғасын
ашық дереккөзі
Астанада жатақхана өртеніп, 60 адам эвакуацияланды Елордалық өрт сөндірушілер өртті сөндіру кезінде адамдарды құтқарды, деп хабарлады turkystan.kz. Қалалық ТЖД баспасөз қызметі хабарлағандай, 23 шілдеде сағат 21.57-де өрт сөндіру бөлімшелеріне Көктал ауданында жатақхана жанып жатқаны туралы хабарлама түскен.
«Өрт сөндірушілер келгеннен кейін 20 шаршы метр алаңда 2-қабаттағы бөлмелердің бірінде өрт шыққаны анықталды. Өрт тез таралды, жоғарыдағы бөлмелерді түтін басты. Өрт сөндірушілер қою түтін арасында жұмыс істеді. Елордалық өрт сөндірушілердің күшімен үш иінді көтергіш арқылы 2 адам аман-есен құтқарылды. Жатақхананың 60 тұрғыны эвакуацияланды», - делінген хабарламада.
Тұрғындарды орналастыру мәселесін жатақхана иесі шешеді. ТЖД күшімен өрт 22.28-де оқшауланып, 22.48-де сөндірілді.
«Өртті сөндіруге Астана қаласы ТЖД жеке құрамынан 41 адам мен 9 бірлік техника жұмылдырылды.  Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ», - делінген хабарламада.