Жаңалықтар

Сирия келіссөзінің кезекті жиыны 16 ақпанға ауыстырылды

ашық дереккөзі

Сирия келіссөзінің кезекті жиыны 16 ақпанға ауыстырылды

Астанада Сирия дағдарысын бейбіт реттеу жөніндегі кезекті келіссөз 16 ақпанға ысырылды деп хабарлады Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. Министрлік ақпаратына қарағанда, 16 ақпан күні сағат 12-ге қалдырылған. Келіссөздің кешігуіне не себеп екені айтылмайды. Астанада Сирия келіссөзінің кезекті отырысы әуелде 15-16 ақпанға жоспарланған еді. Сириядағы жанжалды реттеу жөніндегі келіссөздерге Сирия үкіметі, қарулы оппозиция өкілдері, сонымен бірге БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура және АҚШ бақылаушылары ресми түрде шақырылған. Сыртқы істер министрлігі бұған дейін Астанадағы келіссөздердің негізгі тақырыбы атысты тоқтату режимін сақтау және Сирияның кей аудандарындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша нақты шараларға арналатынын мәлімдеген. Келіссөздерге Сирия президенті Башар Асадтың режимін қолдайтын Ресей және сириялық көтерілісшілерді жақтайтын Түркия арағайын болып отыр. БҰҰ мәліметінше, алты жылға созылған Сириядағы азаматтық соғыста 300 мың адам қаза тапқан.