Жаңалықтар

AMANAT: мүмкіндігі шектеулі жанға әуе билеті жеңілдікпен сатылады

ашық дереккөзі

AMANAT: мүмкіндігі шектеулі жанға әуе билеті жеңілдікпен сатылады

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Әбдиев ерекше қажеттіліктері бар адамдардың мәселелерін жиі қозғап, оларға әуе билеттеріне жеңілдік қарастыру керек екенін өзінің депутаттық сауалдарында көтерген еді.

«FlyArystan» компаниясы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін (1 топ) және бір еріп жүруші адамға Қазақстан бойынша әуе билеттеріне 50% жеңілдік ұсынады.

​«Менің алғашқы депутаттық сауалымның бірі мүгедектігі бар жандарға әуебилеттерге жеңілдіктер болмауына байланысты болды. Осы мәселе бойынша Парламент қабырғасында тақырыптық отырыс ұйымдастырдым. Оған мемлекеттік органдар мен әуекомпаниялардың өкілдері қатысты. Әуетасымалдаушылардың бірі «FlyArystan» мүмкіндігі шектеулі жандарға жеңілдіктер жариялады» деп жазды Ерлан Әбдиев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, еліміз бойынша «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында қоғамдық нысандарға мониторинг жүргізілуде. Жобаның мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту және олар үшін кедергісіз орта құру.

Сондай-ақ партияның сайлауалды бағдарламасы аясында алдағы 5 жылда мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін жәрдемақы мөлшерін арттыру, мүгедектікті растау рәсімін жеңілдету, сондай-ақ әлеуметтік қызметтер порталының жұмысын қайта форматтау жоспарлануда. Сонымен қатар аутизмі бар балаларға арналған орталықтар, мүгедектік қаупін азайту үшін патологияны ерте анықтау орталықтары және аудандық деңгейде оңалту орталықтары ашылатын болады.