Жаңалықтар

Мальдив аралдарында дайвинг инструктор болып істейтін Асыл

ашық дереккөзі

Мальдив аралдарында дайвинг инструктор болып істейтін Асыл

Былтыр Қазақстан мен Мальдив Республикасының үкіметі өзара визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қой­ған болатын. Кейін екі ел арасында тұрақты әуе рейсі ашылды. Со­дан бері әлемнің әр түкпірінен туристер ағылатын Мальдивке бара­тын қазақстандықтар саны арта түсті. Мұны онда дайвинг инст­руктор болып жұмыс істейтін отандасымыз Асыл Ерболатова да растайды. Асыл Мальдив аралдарына кездейсоқ келмегенін ай­тады. Басқа мамандық бойынша білім алған ол «Әр адам өзі ұнат­қан іспен айналысса ғана өз ісінің шебері бола алады» дегенді алға тартады. Алдағы уақытта Қазақстанға оралып, жеке кәсіп ашу­ды көздеп жүрген Асылға хабарласып, аз-кем әңгімеге тартқан едік.

– Механика-математика факуль­те­тін­де білімін жетілдірген Асылдың Ма­ль­­див аралдарына қалай барғаны бізге қы­зық. Басқа салаға маманданса да, жү­рек қалауына ерік беріп, сүйікті ісі­мен айналысатындарды «Хоббиін жұ­мысқа айналдыра білген жан» деп ай­тып жатамыз. Сізді де солай айтсақ бола ма?

– Солай айтсаңыз болады. Негізі, мен қа­­­зіргі Абай облысы Мақаншы ауданына қа­расты Келдімұрат ауылында туып-өстім. Әкем мал ұстайды. Ал анам үй шаруасында бол­ды. Үш ағайындымыз. Мен ортан­шы­сы­мын. Мектепті «Алтын белгіге» бір ұпай жет­­пей қалып, қызыл аттестатқа бітірдім. Сөй­тіп, арман қуып Алматыға барып, ҚазҰУ-дың механика-математика факультетіне оқу­ға түстім. Оқу бітіруге екі ай уақыт қал­ған­да анам қайтыс болды. Анасынан айы­ры­лып қалғандар түсінер. Мұндай қайғы тіпті мы­қтының өзін қажытып, есеңгіретіп жі­бере­ді. Мен сондай кезеңді бастан өткердім. Ештеңеге құлшыныс болмады. Дегенмен бала кү­німнен дегеніме жетпей қоймайтынмын. Анам қайтыс болған соң басылып қалдым. Есім­ді жиып, еңсемді тіктеген соң кафеге кас­сир болып жұмысқа тұрдым. Сосын ту­рис­тік компанияда тур агенті болып жұмыс істе­дім. Сол жұмыста жүргенде бірінші рет шет­елге шықтым. Саяхаттаудың әсері мүлде бө­лек екенін сезіндім. Содан соң айналамның айт­қанына еріп, «Мектепті қызылға бітірдім. ҚазҰУ-де оқыдым. Лайық жұмыс істейін» деп есеп­ші болып жұмысқа тұрдым. Жалақым 80 мың теңге болса да, жинап-теріп, саяхатқа жиі шығуды мақсат еттім. Сол жиған ақшама Тайландқа саяхаттап қайттым. Мен кішкене кү­німде саяхат, табиғат туралы бағдар­ла­ма­лар­ды жиі көретінмін. Сол кезде сондай жер­­лерге бір барып көрсе ғой деп арман­дай­тынмын. Мұны тек арман күйінде қал­дырмай мақсатқа айналдырайын деп шетелге жұмысқа тұрғызатын агент­тік іздедім.

– Сөйтіп, бірден Маль­див аралдарына келдіңіз бе?

– Жоқ, алдымен Ка­тар­­да қонақүйде ресеп­шн­­де жұмыс істе­дім. Онда ағылшын­шам­ды жақсартып ал­дым. Пандемия ке­зінде елге орал­­­­дым. Жан-жақ­қа түйінде­мем­­ді жі­беріп, жұ­мыс іздеп жүргенде Мальдивтегі компания хабарласып, аудармашы болуға ша­қыр­ды. Сөйтіп, онда жұ­мыс­қа тұрдым. Мен өзім у-шу, би кеші, концертке бару­ды мүлде ұнатпаймын. Ал Маль­дивта ондай жоқ. Жұмыс, табиғат және спорт. Негізі, мен дайвинг инструктор боламын деп мүл­де ойламадым. Бос уақытымда снорк­линг­пен айналысып, маска және дем алу түтігін та­ғып алып, су астында жүзетінмін. Туристер кү­ніне бір рет ғана жүзсе, мен судан шық­пай­тынмын. Кейін дайвингке қызығу­шы­лы­ғым артып, ақырында дайвинг десе ішер асым­ды жерге қоятын жағдайға жеттім. Мы­салы, жұмысым түскі үште бас­талса, мен таң­ғы жетіде тұрып, дайвингпен ай­налысып, су астын «зерттеп» келетінмін. Шар­шамай­тын­мын. Бұл шынайы сүйіс­пеншілік емей немене? Сен сүйікті ісің үшін ғана таңертең ерте оянасың ғой. Көңіліңе жақпаса, мен секілді атып тұрып, жағалауға жүгірмейтін едің ғой. Сөйтіп, жүргенде дай­винг хоббиіме айналды. Бір жылдан соң жұмыс берушімен арадағы келісімшарт аяқталды. Сол уақыт ішінде аралда айнымас досқа айналған жақын таныстарым дай­винг­ке айрықша қызығатынымды ескеріп, Тайландқа барып оқып, сертификат алып, осында дайвинг инструктор болып жұмысқа тұру туралы ұсыныс айтты. Жалпы, дайвинг инструктор болу көпшілік ойлағандай оңай емес. Алдымен жиырма метр тереңдікке сүңгіп, Open water деңгейін, сосын отыз метрге тереңге сүңгіп, Advanced open water, одан соң Rescue diver, яғни құтқарушы драйвер кур­сын оқуың қажет. Содан соң Divemaster кәсі­би деңгейіне өтесің. Содан кейін барып инс­труктордың оқуын оқып, емтихан тап­сырасың.

– Сонда сіз мұның бәрін Тайландқа барып оқыдыңыз ба?

– Негізі, дайвинг инструктордың оқуы 1 жыл 3 ай уақытты қамтиды. Бірақ мен Тай­ландта үш ай ғана оқыдым. Мальдивте жұ­мыс­тан тыс уақытта бір жылдай дайвингпен ай­налысқанымды айттым ғой. Сол кезде ал­дымен бірінші деңгейден, сосын екінші, артын­ша үшінші және төртінші деңгейден өттім. Бұл курстарды бір жылдың ішінде өт­тім. Ал соңғы үш деңгейді Тайландтқа ба­рып, үш ай оқыдым. Онда бірінші күні ар­найы оқулықтарды ақтарып, теориялық не­гіз­деріне зер салып оқыдық, екінші күні хауыз­да практикалық жаттығулар жасадық. Соңында тестілеуден өтіп, сертификат ал­дық. Жалпы, Мальдив аралдарында қо­нақ­үйлер дайв орталықтармен тығыз жұмыс істейді. Мен достарымның ұсыны­сы­мен сонда еуропалықтар ашқан бір дайв ор­­­талыққа жұмысқа тұрдым. Олардың Ма­ль­­див аралдарында он беске жуық орталығы бар. Негізі, мені орысшам жетік болғаннан жұмысқа алды. Өйткені мұнда келетіндердің дені – орыстілділер. Қазақтар да жиі келеді. Сөй­тіп, сол аралда тағы бір жыл жұмыс істе­дім. Әлгі арал ел астанасы Маледен алыс ор­наласқан. Ешқайда шыға алмайсың. Тек арал ішінде жүресің. Сондықтан бас­шы­лық­тан басқа аралға ауыстыруын өтіндім. Бірақ онда да өзімді қолайлы сезіне алмағандықтан, қалаға жақын аралдан жұмыс тауып алдым. Қ­азір сонда дайвинг инструктор болып жұ­мыс істеймін. Бір ғана аралға емес, бірнеше арал­ға бара аламын. Мале қаласына қайық­пен жарты сағатта жетіп барамын.

– Бізге мәлім де беймәлім дайвингтің ерекшелігі неде?

– Көп адам жер астындағы әде­мілікті көру­ге асығады. Балық­тар, акула мен тас­ба­қаларды бақылағанды жақсы кө­ре­тіндер же­терлік. Сон­дықтан дайвинг жа­сауға ың­ғайлы жер­лерге жиі барады. Негізінен, дай­винг­тің пайдасы зор. Тіпті, меди­та­цияның бір түрі деп айтар едім. Дегенмен дайвингпен ай­на­лысудың құ­ны қымбат еке­нін айта кет­кен жөн. Мысалы, Маль­див арал­да­рында бір сағатқа жал­ғасатын сүңгудің ба­ғасы екі жүз алпыс дол­лар тұрады.

– Дайвинг инструк­тор­дың жұмысы қызық бол­ға­нымен бізге қауіпті секілді кө­рінеді.

– Анау айтқандай қауіпті емес. Көпшілігі су астында жүзіп жүрген акулалардан сес­кенуі мүмкін. Бірақ ондағы акулалардың еш­кімге зияны жоқ. Басында мен де үрейге бой алдырып, акула жоқ жаққа барып суға сүң­гитінмін. Сосын өз-өзімді «Асыл, сен кү­ніне неше рет сүңгіп жүрсің. Акулалар саған жолаған емес. Қорықпа» деп жұбатып, кейін оларды алыстан көргенде қорықпайтын болдым. Дайвинг инструктор қауіпті емес, қиын жұмыс деп айтар едім. Өйткені мұн­да суда жүзе алмайтындарды жиі кез­дес­тіресің. Оларды нөлден бастап үйрететін – сен. Сондықтан шыдамды болуың керек. Әрі сен жай ғана дайвинг инструктор емес, адам жанын түсінетін психолог бола білуің керек. Себебі клиенттер мені бірінші рет көріп тұр. Жетекшілік етіп, су астына «ертіп» апара­тындықтан, олар маған толығымен сенуі керек. Мен алдымен оларға теорияны түсін­діремін. Аквалангты қалай қолдану керек? Су астындағы қысымды қалай еңсеру керек? Су астында қалай тыныстау керек? Қалай жүзу қажет? Құрылғы істемей қалса, не істей­сің? Осының бәрін үйретеміз. Айтпақ­шы, бізге келмес бұрын олардың денсаулық жағдайы қатаң тексеріледі. Олар алдымен сауалнама толтырады. Егер онда дәрі қабыл­дап жүргенін немесе бұрын ауырғаны тура­лы жазса, оны бірден дәрігерге жібереміз. Дәрігер келісімін берсе ғана суға сүңгиді. Бы­лайынша, дайвинг кезінде ауырып қал­ған­дар аз болды. Тек үрейге бой алдыра­тын­дар жетерлік. Олармен сағаттап сөйлесеміз. Көзіне қараймыз. Бәрі жақсы болатынына сендіреміз. Бізде дайвинг жасауға қолайлы са­налатын өз «нүктелеріміз» бар. Қайықпен сол жерге жүзіп барамыз. Инструктор ре­тінде өзім бірінші секіріп, судың ағынын тек­серіп, барлап келемін. Судың ағынына байланысты секіретін жерді таңдап аламыз. Со­сын олармен бірге сүңгимін. Алғашында екі метр терең жерде сүңгиміз. Бірте-бірте одан да терең жерге барамыз. Көп жағдайда дайвингті алдымен хауызда үйренеді. Дегенмен бірден теңізге сүңгіп үйренгісі келетіндердің қатары көп. Олар шынайы атмосфераны сезінгісі келеді. Сол кезде өз-өз­деріне деген сенімділігі арта түседі. Дайвинг әдетте бір сағатқа жалғасады. Күні­не максимум үш дайвинг жасаймын. Бірақ біздің команда үлкен, сондықтан бүгін мен дайвинг жасасам, ертесі кеңседе басқа жұ­мыс­қа жауапты боламын. Инструкторлар ауы­сып отырады. Адамдармен тез тіл табы­сатындықтан, өзгелер шағым айтып жатса да, мені ешкім даттаған емес. Керісінше ар­тығымен төлеп, бетімнен сүйіп, құшақтап, алғысын білдіріп жатады. Мұнда демалуға келген қазақстандықтар менің осында жұ­мыс істеп жүргенімді көріп таңғалады. Ал шетелдіктер Қазақстаннан екенімді білген кез­де «Онда су жоқ қой. Дайвингті қайдан үйренгенсің?» деп сұрақты төпелетеді.

– Мен мұндай жұмысқа тек ер адам ғана қызығады деп ойласам керек.

– Сенбессіз, бірақ мұнда мен секілді дай­винг инструктор болып жұмыс істейтін қыз­дар жетерлік. Дайвинг жасау ер адамның да қолынан келмейтінін дәлелдеп жүр. Көп­шілік мұндай іспен шұғылдана­тын­ қыздар ер адамға ұқсап кетеді деп айтып жа­та­ды ғой. Түк те олай емес. Түгелі дерлік, бе­лі үзі­лейін деп тұрған, нәзік қылықтылар. Айта кетерлігі, мен өзімді әлем қызыға қа­рай­тын, таңдай қақтыратын аралдары бар Маль­див аралдарында жүрмін деп сезін­беймін. Біз мұнда қарапайым тұрамыз. Бір бөл­мені өзге ұлт өкілімен бөлісемін. Мұнда бәрі қара­пайым.

– Алдағы жоспарыңыз қандай?

– Америка Құрама Штаттарына тур­виза­мен баруды көздеген едім. Онда дайвинг ма­­манына берілетін мүмкіндік көп. Алайда осында аралда екі жыл жұ­мыс істеген кезде бай­қа­ға­ным, менің Қазақстанға қайт­қым келіп тұрады. Қа­зақ­станда тұрып-ақ, шетелге қы­дырып, саяхаттауға мүм­кіндік бар екенін жақсы түсіндім. Қазақстанға барып жеке кәсіп ашу жоспарымда бар. Бірақ кәсіп ашудың өзі маған жауапкершілігі зор әрі қиын жұмыс секілді. Қазір мен мұнда қарапайым жұ­мысшымын ғой. Бастығым не айтады, соны орындай­мын. Бірақ ауылда туып-өс­кен соң бәрібір еркіндікті жақ­сы көресің. Әрі түп-та­мырың тартпай тұрмайды екен. Туған жерге тартады да тұрады. Туристер ағылып ке­летіндіктен, мұнда барлық жағдай жасалған. Жақсы жа­лақы төленеді. Үй жина­май­мын. Тамақ істемеймін. Бәрін компания істейді. Бір аралдан екінші аралға сая­хаттауға болады. Былайша айтқанда, бү­кіл елдің алтыны қолымда деп сезінемін. Десе де, елге барып, топырағын басқан кезде жүрегің тыныштала ма, қалай?! Ерекше күйге бөленесің ғой. Сіз соны байқадыңыз ба? Сон­­дықтан елге оралып, дайвингпен бай­ла­ныс­ты жеке кәсіп ашуды мақсат етіп отыр­мын. Бірақ жеке кәсіп ашу ісі – мен үшін қалың орман іспетті. Ештеңе білмеймін. Өткенде Қазақстанда дайвинг саласы қалай дамығанын қазбалап, мұнымен айналы­са­тындарды іздестірдім. Сөйтсем, бір орыс аға хауызда кішкентай балаларды үйретеді екен. Сосын Астанадағы аквариумда да дайвинг инструктор болып жұмыс істеуге мүмкіндік бар екенін білдім. Онда мамандар үйренемін деушілерге дайвингтің қыр-сы­рын үйретеді екен. Жаңылыспасам, бірінші дең­гейді үй­ретудің құны үш жүз мың теңге ғой деймін. Бірақ мен Астанада тұрғым кел­мейді. Өйт­кені бүкіл туысым Алматыда тұра­ды. Туған-туыстарымнан алыс кеткім кел­мейді. Кейде сол туыстарымызбен сөзге ке­ліп, ырылдасып, енді араласпайтындай бо­лып, бүк түсіп жа­тып аламыз ғой. Уақыт өте келе сол жаман туы­сыңнан артық ешкім жоқ екенін түсі­несің. Бәлкім, Алматыда бала­ларға хауызда сүңгуді үйрететін шығармын. Менде қажет құры­лғының бәрі бар. Көре жатармыз.

– Діттегеніне жетпей қоймайтын Асыл­дың елде қолға алған ісі оңға баса­ды деп сенеміз.

– «Діттегеніне жетпей қоймайтын» де­мекші, көп адам мамандығына деген сүйіс­пеншілігі жоқ болғаннан қиналып жүреді. Кейбірі сүйікті ісімен айналысайын десе, үлкендер ұрысады деп ойлап, ол істі бастауға батылы жетпей жүреді. Мен кезінде «Мұнда жұ­мыс істеу ұят секілді. Дұрысы есепші бо­лайын» деп есепші болып жұмыс істеп жүр­генімде ісім алға баспады. Денсаулығым на­шарлады. Бәрі қиындап кетті. Содан соң «Ел не дейді?» деген блокты ысырып қойып, жү­рек қалауыма ерік беріп едім, не болды дей­сіз? Оң жамбасыма келетін іспен шұғыл­дандым. Қаражатым көбейді. Ел көрдім. Жер көрдім. Қазір жұмысқа құдды бір мерекені тойлауға бара жатқандай барамын. Амери­калық бір әртістің «Құдай ашқан жолды ешкім жаба алмайды» деп айтқаны есімде қалып қойыпты. Расында, сүйікті ісіңмен шұғылдансаң, Алла саған бәрін үйіп-төгіп береді. Әрине, сені жолыңнан тайдырғысы келетін, сенің жетістігіңді қызғанатын адам­дар да болады. Дегенмен өз ісіңді сүйсініп орындасаң, ешкімнің сөзін пысқырмай, тек алға қарай қарыштауды ғана ойлайсың ғой. Ауыл, қала деп бөлгенім емес. Дегенмен ауылдың балалары еркін өседі ғой. Мысалы, мен кішкене кезімде күні бойы тау жақта атқа шауып, үйге кеш оралатынмын. Кейде тіп­ті сонда қонатынбыз. Қасқырларды көр­ген кезіміз көп болды. Рухымның осынша биік әрі Қазақстанға барғым келіп тұратыны да сондықтан шығар, бәлкім.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ