Уақыт ұғымдарды өзгертсе...
Уақыт ұғымдарды өзгертсе...
Халқымыз «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді. Бұл қазақтың мәңгілік ештеңе жоқ дегенді тұспалдаған философиясы ғой. Расында да солай. Соңғы отыз жылда адамзат қоғамы технологиялық дамудың ырғағына түскелі бері бәрі жылдам, бәрі тез. Бізде бәрі жетсе де, уақыт жетпейді. Әсіресе, қалада тұратындарда...
Таңертең жұрт жұмысқа ерте жиналады, өйткені көлік тығыны діттеген жеріңе уақытында баруға үлкен кедергі келтіреді. Жұмыстан қайтарда да солай.
Бұрын барлық іздегені ауылдан-ақ табылатын қазақ енді жұмыссыздықтың кесірінен жанбағыс үшін үлкен шаһарларға тоқтаусыз ағылуда. Жастарда екібастан қала өміріне қызығушылық күшті. Біз қаламасақ та қоғам дамуына, заман тудырған түрлі үдерістерге ілесуге мәжбүрміз. Өйтпесек артта қаламыз, есеміз кетеді.
Заманның шалт қимылды қалайтын, жайбасарлыққа орын қалдырмайтын тездігі адамды өзгертіп жатыр. Адам өзгерген соң ол жасаған ұғымдар да өзгереді. Бір кезде Мұқағали Мақатаевтың:
Асығу керек,
Асығу керек,
Асығу керек, асығу!
Алдында – биік асуың.
Асығу керек жылдамдығындай сәуленің,
Артыңа тастап найзағайлардың жасынын!
Асығу керек,
Тындыру керек барлығын!
Ешкімнің күтпей жарлығын!
Апармай кешке, асығу керек, асығу,
Түстегі ісіңнің қалдығын!
Асығу керек,
Асығу керек, қалайда!
Уақыт саған қарай ма?!
Асығу керек.
Асығып жеткен арманның
Аппақ сәулесі
Түссін де тұрсын самайға! – деген өлеңін оқыған қазақ «қайда асығамыз, өмір онсыз да қысқа» емес пе дер еді. Себебі «Асықпаған арбалы қоянға жетеді», «Асыққан – шайтанның ісі» деп тәмсілдейтін елге асығу деген жат нәрсе сияқты көрінетін. Ал қазір нағыз асығудың заманы келді. Демек, қазіргі адамға «асықпа» дей алмайсың. Бүгінгі асығудың мәні бөлек, асығу – үлгеру, ойда жүрген істі тез бітіріп, демалуға уақыт табу.
Бұрын адамдардың бір-бірімен тез байланысуында көп қиындықтар болатын. Ең тез байланысу құралы үй телефоны болса, оның да көбі ауылдық, аудан деңгейінде шектеулі еді және кез келген адамның үйіне жеке телефон құрғызуға мүмкіндігі жоқ еді. Жұрт қалааралық байланысқа шығу үшін арнайы код теріп, оған қосымша ақы төлейтін немесе поштаға барып АТС-тер арқылы сөйлесетін. Ал қазір ше?
Бағыда мектепте Ыбырай Алтынсариннің:
Өнер-білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды;
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып-жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды, – деген өлеңін оқығанда ондағы айтылғандар қиял-ғажайып ертек сияқты сезілетін. Тіпті, оны орындалуы мүмкін емес армандай көретін едік. Бүгінде «көзді ашып-жұмғанша» хабар алып отырғанда Ыбырайдың өлеңі есімізге де түспейді. Өйткені шынайы өмір көрінісіне айналған қиял жемісі қазір біз үшін кәдімгі күнделікті өмірде жүріп жатқан үдеріс. Ендеше адам бүгінде ештеңеге таңғалмайтын болды, себебі қиялдан өмір шындығы озып кеткен заман бұл...
Адам, қалай десек те, жанды, саналы құбылыс. Сондықтан оған қиялдау, армандау, сағыну, аңсау секілді сезімдер тән. Бірақ оның бәрі қол жеткенде тыйылады. Мәселен, сағыну...
Төлеген Айбергеновтің «Сағыныш» атты ғаламат өлеңі бар ғой. Еске түсірейікші.
...Қажет жерінде қатыгездік пен
қаталдық керек, десек те,
Адамның заңғар ұлылығын, сен,
сағынышымен есепте.
Онсыз сен, тіпті, тұлпар да болсаң,
қосыла алмайсың қатарға.
Әуелі әбден сағынып алмай,
шығушы болма сапарға.
Сағынбай барсаң теңіз де сенің
тебіренбес жастық шағыңдай.
Бұлбұлдың даусын ести алмайсың,
бауларға кірсең сағынбай.
Сағынбай барсаң таулар да сенің
алдыңнан шықпас асқақтап,
Ойлауың мүмкін дүниені мынау
кеткен екен деп тас қаптап...
Иә, өлең туған өткен ғасырда осындағы айтылған ойлардың бәрі жанымызды желпіп, жүрегімізді толқытатын. Жырдың ғаламат күшінің әсері сондай, оны оқыған не тыңдаған адамның көзіне жас үйіретін. Әркімнің ойында жүрген бір сағынышты қоздатып, жүрегін елжірететін. Толғандыратын, тамсандыратын, біреумен кездесуге асықтыратын. Қазір ше?
Әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарды секундта онлайн түрде байланыстыратын құралдар тұрғанда біреуді сағынамыз деп айта аламыз ба? Жылдар бойы көріспесең де, күнде телефон арқылы байланысып жүрген адамды ойда жоқта кездестіріп қалсаң баяғыдай сағына көрісіп, шұрқырасып кете аласың ба? Меніңше жоқ. Демек, дамыған технология адамның ізгі сезімдерінің өзін жеп қойып жатыр...
Қоғам дамуы өзгертпеген не қалды жалпы? Бүгінде көзіміз бен құлағымыз үйреніп кеткен талай нәрсе туралы кезінде не ойлайтын едік?
Тәуелсіздікті енді алып жатқанда жұрт күн көру үшін жабыла ала дорба арқалап кеткен күндер қазір ұмыт болуға айналды. Сол кезге дейін саудагер деген ұғым тек жаман мағынасында айтылатын еді. «Сауда мақсаты – ұту» екенін о бастан-ақ білген қазақ оның сырын білетін, бірақ пайдакүнем деген атаққа қалмауы үшін одан қашатын. Саудамен айналысатын халықтарды ұнатпайтын. Бірақ «дүние – кезек» дегендей ол да біздің халықтың басына келді. Халық аштан өліп, көштен қалмауы үшін саудаға бейімделді. Бұрынғы саудагер деген атақ енді іскер, ақылды саналды. Сөйтіп, заманның қысымы аз уақыттың ішінде халықтың саудаға, саудагерге деген ұғымын өзгертіп жіберді.
Ұят, обал деген ұғыммен тәрбиелеген халық едік, қазір ұяттың өзінен пайда тауып, байлық жиғандар көбейді. Жаманат дегеннен қашатын едік, бүгінде оны «қара пиар» деп алып, атақ шығарудың, танымал болудың құралына айналдырдық. Тіпті, ондайды әбес санап, қарсы шыққандар «артта қалған» деген атаққа ие болады. Интернет деген шексіз еркіндік аузымызға келгенді айтуға, жұртты даттауға, қаралауға үлкен мүмкіндік берді. Бұның бәрі заманды қаралау емес, жай ғана ұғымдардың мәні ауысқаны туралы әңгіме.
Ұғымды айтамыз, ақпараттық технологиялық заманда тұтас мамандықтар жойылып кеткелі тұр. Адам істейтін бүкіл қара жұмысты роботтар атқарса, қанша адам жұмыссыз қалып, нәпәқасынан айырылатынын бір Құдай білсін.
Келіссек те, келіспесек те бұл ғасыр өзгерістердің, жаңалықтардың, дамудың ғасыры. Ал ол жолында кедергі қалдырмай ығыстырып барады. «Егер арманыңыздың орындалмайтынына көзіңіз жетіп тұрса, оны бірден тоқтатқаныңыз жөн. Құр үмітпен күн кешудің қажеті жоқ» депті әйгілі қаламгер Агата Кристи. Демек, біздің бұрынғы өмірімізде болған ізгілік атаулы қайтып келіп, баяғыша өмір сүру енді мүмкін емес. Өйткені өмір деген алға ұмтылуымен маңызды. Себебі ағылшынның атақты жазушысы Герберт Уэллс айтқандай, «Уақыт машинасы әрқайсымызда бар: өткен шаққа – естелік, болашаққа – арман апарады».
Ұғымдарды өзгертіп, жанымызды қасаңдандырып жатса да заманға ештеңе істей алмаймыз. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дейтін қазақы тәмсілдің өлмейтін мәнін жадымызда ұстасақ болды.
Ахмет ӨМІРЗАҚ