Нашақорлық дендеп тұр
Нашақорлық дендеп тұр
Әлемді жайлаған нашақорлық дерті Маңғыстауға да жетіп, бірнеше жылдан бері тамырын тереңге жая бастады. Мәліметке жүгінсек, облысымыз еліміз бойынша нашақорлықтан 7-орында тұр. Есірткі, соның ішінде синтетикалық есірткілерді тұтыну, әсіресе, жастар арасында белең ала бастады.
Есірткінің бұл түрі интернет сайттар мен дәріханаларда еркін сатылып, түнгі клубтарды жайлап алған. Тіптен ең арзан түрлерін дүкен сөресінен табуға да болады дейді мамандар. Алайда құқық қорғау органдары нашақорлықтың алдын алуға, жолын кесуге және жүйелі жұмыс жүргізуге қауқарсыз. Осылай деп дабыл қаққан маңғыстаулық қоғам белсенділері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, мәслихат депутаттары және әкімшілік, құқық қорғау қызметкерлері Ақтау қаласындағы Абай атындағы мәдениет сарайында бас қосты.
Бірден басын ашып алайық, басқосу еркін формат – қоғамдық тыңдау түрінде өтті. Оны облыстық мәслихат хатшысы Жаңбырбай Матаев ашып, жүргізіп отырды. Жиналғандар алдымен нашақорлық туралы «Арбасу» атты әлеуметтік фильмді көріп, Маңғыстау облысы прокуратурасы қылмыстық қудалау басқармасының прокуроры Сұлтанбек Ешмұратов баяндама жасады. Баяндамашының сөзіне сенсек, өңірдегі жағдай күрделі қалпында қалып отыр. Әсіресе, синтетикалық есірткілер ерекше алаңдаушылық тудырады. Үкіметтің өткен жылғы Қаулысымен аса қауіпті есірткі заттардың криминалдық мөлшері 3 грамнан 1 грамға дейін төмендетілді, яғни ендігі жерде 1 грамм зиянды затты алып жүрудің өзі ауыр қылмыс болып саналады, сонымен қатар оларды өткізу мақсатында заңсыз сақтағаны үшін де қылмыстық жауаптылық күшейтілген.
Прокуратура органдары құқық қорғау органдарының ұйытқысы ретінде есірткі қылмыстарымен күресті үйлестіруді және осы саладағы заңдылықтың сақталуын қадағалауды жүзеге асырады. Уәкілетті органдардың есірткімен күресте бірлесіп жүргізген кешенді жұмыстарының нәтижесінде есірткі тасымалдау арналарына тосқауыл қойылып, оны таратушыларға қарсы күрес күшейтілді, сөйтіп бұл саладағы бірқатар қылмыстың беті ашылған. Атап айтқанда, осы жылдың өткен 5 айында облысымызда есірткі қылмыстарына қатысты істер 39 пайызға азайған, оның ішінде есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың заңсыз айналымына байланысты тіркелген істердің саны 8 пайызға төмендеген. Тергеу органдарымен жалпы салмағы 96 келі есірткі заттары тәркіленген, оның ішінде гашиш – 686 грамм, марихуанна – 73 келі, апиын – 20 келі, экстрадициялық апиын – 0,19 грамм және синтетикалық есірткі заттары 2 келіні құрайды.
Интернет технологиялардың дамуына және синтетикалық есірткі заттарға сұраныстың көптеп болуына байланысты, қазір есірткі саудасы да өзгерді, яғни белгілі бір адаммен кездесіп қолма-қол ақшаға сатып алу тәсілі азайды, – дейді баяндамашы. Нашақорлар «Синтетикалық есірткі» заттарын telegram әлеуметтік желісі арқылы емін-еркін сатып қана қоймай, бұл қылмысқа жастарды тартып, есірткі таратудың негізгі аймақтары – ойын-сауық орталықтары, жоғары оқу орындары, қала аумағының көшелеріне (закладка) тастап, жастарды (студентерді) итермелеумен қылмыстық әрекетін жүзеге асырып отыр. Бұдан басқа, қоғамдық орындарда және ғимараттарда есірткі заттарын сататын интернет сайттарын белсенді түрде жарнамалауда.
Қылмыстық қудалау органдарының профилактикалық іс-шаралары шеңберінде 50 есірткі заттарын жарнама ететін интернет сайттары анықталып, бұғатталған. Қалада орналасқан үйлер мен ғимараттардың қабырғаларына салынған 290 граффити түріндегі есірткі жарнамалары анықталып, жойылған.
Бір қызығы, есірткі сататындардың басым бөлігі басқа өңірдің азаматтары екен. Олардан шетелдік азаматтар да қалысар емес. Алайда биыл олардың бірде-бірі ұсталмаған. Өткен жылы 20 шетелдік қылмыскер құрықталған болатын. Бәрімізге белгілі, біздің өңіріміз аумағы 750-800 шақырым қашықтықта 2 мемлекетпен шекаралас, бір жағы Өзбекстан Республикасы болса, екінші жағы Түркіменстанмен шектесіп жатыр. Ал теңіз арқылы 4 мемлекетпен көршілес орналасқан. Соңғы кезде осы теңіз арқылы есірткінің ірі партиялары өту фактілері көбейген. Мәселен, Ақтау қаласының тұрғындары 29 дана баклашка ыдысына салып, жалпы салмағы 40 келіге жуық апиынды өңірге әкелмек болған. Тергеу барысында олар апиынды тапсырыспен Иран Ислам Республикасынан Каспий теңізі арқылы алып өтпек болған. Бұған дейін 25 келісі өтіп кеткен екен. Тағы бір дерек. Өткен жылы «Алау» демалыс орнында Иран Ислам Республикасының 3 азаматы 9 келі апиын және 8 келі гашиш есірткісін Каспий теңізі арқылы тасымалдау барысында қолға түсті. Өткен 5 айда есірткі қылмыстарына қатысты істер бойынша 107 тұлға анықталып, оларға қатысты айыптау сот үкімдері қабылданған.
Ал келесі баяндамашы Ақтау қалалық есірткі қылмыстарына қарсы іс- қимыл бөлімінің бастығы Нұрбол Бақтыбай да синтетикалық есірткі түрінің жастар арасында кең таралып бара жатқанын мойындайды. Заманауи технологиялар мен интернет кеңістігін ескерсек, интернет алаңдары мен дүкендерді ұйымдастырушылармен күресу қиынға соғуда. Осыған байланысты мемлекеттік деңгейде, барлық мемлекеттік органдар мен арнайы қызметтер, азаматтық қоғамның институттарында нақты шаралар мен шешімдер алынуы қажет. Бұл зұлымдықпен күресу үшін жер жерлерде, әсіресе, жастар арасында алдын алу, түсіндіру жұмыстары қарқынды жүруі керек, оған қоғам болып атсалысуымыз қажет, – дейді полиция майоры.
Бірақ полицияның өз ішінде де мәселелер аз емес, мәселен сот сараптамалар институты синтетикалық есірткілер мен олардың аналогтарына сараптама жүргізудің заманауи техникасымен жабдықталмаған. Синтетикалық сараптама 1,5 ай бойы жүреді, ол үшін оқытылған сарапшылардың штаты да жоқ, бүкіл облысқа 1 адам жұмыс істеп жатыр. Сондықтан облыстың сот сараптамалық институты үшін Toxtyper платформасын сатып алу керек, себебі ол 10 минут ішінде синтетикалық есірткінің 1 200-ге жуық түрін анықтай алады. Бұл мәселе қанша мәрте көтеріліп, алқалы жиындарда айтылғанмен әзірше нәтиже болмай тұр.
Күн тәртібінде тұрған тағы бір күрделі мәселе – денсаулық сақтау басқармасының облыстық психикалық денсаулық орталығы синтетикалық есірткіні қолданатын адамдардың скрингі бойынша, қазіргі заманғы тестілермен жабдықталмаған. Қолда бар тестілер синтетикалық есірткіні анықтауға қауқарсыз. Бұл жағдай нашақорлардың есепке алынуына және жауапкершілікке тартылуына кедергі болып отыр. Сондықтан орталықты заманауи есірткі тест құралымен қамту шұғыл қолға алынуы керек шаруа қалпында қалып отыр.
Біздің полиция өкілінің соңғы сөзінен ұққанымыз, бар мәселе – қаржы-қаражатқа келіп тіреледі. Жергілікті биліктің дұрыс қаржы бөлмеуінен бар жұмыс ақсап жатыр. Қоғамдық тыңдауда сөз сөйлеген үкіметтік емес ұйымдар мен қарапайым ата-аналар да құқық қорғау органдарының есірткі қылмысының жолын кесуге дәрменсіз екенін ашық айтты. Есірткі сататындар енді облыс орталығы мен қалаларды айтпағанда, шалғай аудандар мен алыс ауылдарға дейін жеткен. Есірткінің түр-түрі әлеуметтік желілерде бағасы көрсетіліп тұнып тұр. Тіптен мектеп пен жоғары оқу орындарына дейін жеткен.
Маңғыстау облыстық наркологиялық диспансерінің директоры М.Тоқановтың айтуынша, жастар мен жасөспірімдерде есірткіге тәуелділік қалыптасуының негізгі себебі – олардың өмір қиындығына төзе алмауы, одан шығатын жолды өзінше іздеуі. Мәселені шешудің оңай жолын алкоголь, есірткі немесе онлайн құмар ойындардан іздейді.
Сонымен қатар қоршаған ортаның да әсері зор. Жасөспірімнің мінез-құлқына отбасылық дағдарыс, ата-аналарының ажырасуы, әлеуметтік жағдайдың төмендігі және мектептегі проблемалар әсер етіп, тәуелділіктің қалыптасуына ықпал етеді. Үшінші себеп – өзін-өзі бағалау және әлеуметтік бейімделу. Өзін сенімді сезінбейтін немесе қоғамда өз орнын таба алмаған жасөспірімдер нашақорлықтан жұбаныш табуы мүмкін.
Сондай-ақ генетикалық бейімділіктің рөлі де бар. Егер жақын туыстарынан біреуі нашақор болса, жасөспірімде де тәуелділіктің даму қаупі артады. Алайда есірткіге тәуелділік үкім емес, бұл мәселені шешудің көптеген жолы бар, – дейді дәрігер. Жасөспірімнің мінез-құлқының денсаулығына, жалпы өміріне зиянын тигізетінін түсінуге көмектесіп, мәселені шешу жолдарын көрсету керек. Тәуелділіктің алдын алуда жасөспірім өмірінде ата-аналар, мұғалімдер және басқа да ересектер маңызды рөл атқаратынын есте ұстаған жөн. Қолдау және түсіністік арқылы біз балаларымызға жасөспірімдік шақтағы қиындықтарды жеңуге және олардың дені сау және табысты ересек болуына көмектесе аламыз.
Басқосуда 15 жыл есірткіге тәуелді болып, соңында өзінің күш-жігері мен дәрігерлердің көмегі арқасында аурудан айыққан Мұрат деген азамат сөз сөйлеп, бұл дерттің қаншалықты қауіпті екенін айтып берді. Кезінде есірткіге елтіген жас ұрлық жасап, түрмеге де отырғанын, отбасы мен қоғамнан аластатылып, жалғыз қалғанын ашына айтты. Синтетикалық есірткілер кезінде біз тұтынған анаша, героин немесе гашиш сияқты емес, оған адам бірден тәуелді болады. Оның соңы жастардың өз-өзіне қол жұмсауына, басқа да ауыр қылмыстарға баруына әкеп соқтырады, – деді ол.
Жиында нашақорлықтың алдын алу отбасынан басталатыны баса айтылды. Бала тәрбиесін тек мұғалімдер мен қоғамға, құзырлы органдарға ғана артып қоймай, алдымен ата-ана өзі бастап айналысып, қолға алуы қажет. Біздің бұл сөзімізді жиын соңында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев те нақтылай түсті. Нашақорлықпен күресу бәрімізге ортақ міндет, одан ешкім де қалыс қала алмайды. Бұл індеттің алдын алу үшін мемлекеттік органдар тарапында арнайы бағдарлама бар, оның ішінде интернет жүйесіне арнайы мониторинг жасау, арнайы құрал-жабдықтар сатып алу, «Сергек» камералары, экспрес-тест т.б шаралар қолға алынуда. Бірақ қоғам мен ата-ана да қарап отырмауы керек, олар да қал-қадерінше жұмыстар жүргізуі керек. Бұл жұмысқа еріктілерді де шақырамыз, – деді облыс басшысының орынбасары.
Жиынды зум байланысы арқылы Парламент сенаторлары Н.Жүсіп, С.Алдашев, Б.Орынбасаровтар тыңдап отырды. Қоғамдық тыңдау қорытындысы бойынша облыстық мәслихат депутаттары өңір тұрғындарына Үндеу жолдады.
Сағындық Рзахметов, Ақтау қаласы