Кәдеге жаратса, қоқыс та – кіріс
Кәдеге жаратса, қоқыс та – кіріс
Былтыр елімізде қатты тұрмыстық қалдықтарды іріктеу және қайта өңдеу үлесі 25,4 пайыз болды. Бұл көрсеткіш бір жылда екі пайызға ғана өскен. Яғни, өткен жылы 4,3 миллион тонна қоқыстың тек 1,1 миллион тоннасы сұрыптаудан өтіп, қоқыс өңдеу зауытына жеткен. Ал өнеркәсіп қалдықтардың тек 40 пайызы қайта өңделген немесе жойылған.
Елді мекендер мен ауыл-аймақты айтпағанда, қалалардың өзінде қалдық пен қоқысты өңдеу мәселесі әлі реттелмей келеді. Қалалардың сыртындағы қаншама қоқыс полигоны ашық жатыр. Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу ісінде біз батыстан ғана емес, Орталық Азия елдерінен де артта қалып отырмыз.
Тұрмыстық қалдықтардың тек төрттен бірі өңделеді
Елімізде қатты тұрмыстық қалдықтардың төрттен бір бөлігі ғана сұрыпталады және қайта өңделеді. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 4,3 миллион тонна қоқыстың тек 1,1 миллион тоннасы ғана сұрыптауға, қоқыс өңдеу зауытына өткен. Дәл осындай ахуал өнеркәсіптегі қайта өңдеуде де байқалды. Өткен жылы өнеркәсіп қалдықтарының тек 40 пайызы қайта өңделген немесе жойылған екен. Былтырғы мамырда еліміздегі 3 мың қоқыс полигонында 125 миллион тоннадан астам қоқыс жиналып қалды деген де дерек жарияланыпты. Ал Energyprom дерегінше, 2022 жылы тұрмыстық қалдықтар 13 пайызға көбейген екен. Zertteu research қоғамдық қоры қоқыстың 70 пайызы – полигондарға, 30 пайызы – қайта өңдеуге жіберіледі деген мәлімет береді. Аймақтар бойынша статистикалық мәліметтерден сұрыптау және қайта өңдеу бойынша ахуал аудандар мен мегаполистерде әртүрлі екенін байқатады. Тіпті, ауылдар мен аудандарда ғана емес, қалалардың арасындағы жағдай салыстыруға келмейтіндей әрқилы.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, сұрыптау және қайта өңдеу үлесі бойынша Шымкент қаласы көш бастап тұр. Мұнда қоқыстың 93 пайызы өңдеуге кетеді екен. Екінші орында 90 пайызбен Алматы қаласы, ал үшінші орында 78 пайызбен Астана қаласы тұр.
Сұрыптау мен қайта өңдеудің үлесі біршама болатын өңірлердің қатарына Қарағанды облысы да кірді, онда қалдықтардың 57 пайызы сұрыптауға дейін жетеді. Қайта өңдеудің орташа үлесі Батыс Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Абай облысы және Алматы облысында байқалады. Бір қызығы, былтырғы деректе Абай облысындағы көрсеткіш 1,6 пайыз ғана болып, тізімде соңғылардың қатарында тұрған еді.
Түркістан облысы, Жетісу облысы, Ақтөбе облысы мен Ұлытау облыстарындағы ахуал туралы дерек жоқ.
Ал көрсеткіші төмен өңірлердегі қоқыс өңдеудің пайыздық үлесі – 4 пен 0 пайыздың аралығында. Қостанай, Павлодар, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында көрсеткіш өте төмен. Ал Қызылорда облысында қалдықтардың тек
1 пайызы ғана өңделсе, Атырау облысында мүлде өңделмейді екен. Байқасақ, облыс орталықтары мен облыс аймақтарындағы статистикада әжептәуір алшақтық бар. Мұны облыс орталықтарында қайта өңдеу процесі жүргенімен, аймақтардағы қалдықтардың ескерусіз қалып қоятынымен түсіндіруге болатындай.
Әлемдік есептеулерде де ахуал мәз емес
Қалдықтарды өңдеу бойынша еліміздегі ахуалдың көңіл көншітпейтінін әлемдік деректер мен рейтингтер де растайды.
Йель университетінің экологиялық саясат және құқық орталығының зерттеу нәтижелеріне сәйкес, еліміз экологиялық процестерге мән беретін, жақсы жетістіктері бар ел деп айтуға келмейді. Былтыр еліміз экологиялық тиімділік индексі (EPI) бойынша 180-ден 93-ші орынды иеленді. Бұл –экология мәселелеріне ден қоятын, оны шешуге бар саяси және экономикалық күш-жігерін мейілінше бағыттайтын батыс елдерімен салыстырғанда төмен нәтиже.
EPI индексі – экологияның әртүрлі саласындағы 40 түрлі индикатордан тұратын құрама көрсеткіш (су, ауа тазалығы, биоәртүрлілік және т.б.). Оның ішінде қатты тұрмыстық қалдықтарды және коммерциялық қалдықтарды жинау және өңдеу коэффициенті, сондай-ақ қайта өңдеу коэффициенті де есептеледі.
Бірінші – қалдықтарды жинау бойынша еліміз 88-орында, ал қоқысты қайта өңдеу деңгейі бойынша – 175-орында. Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу ісінде біз дамыған елдерден ғана емес, ЕАЭО көршілері мен ОА мемлекеттерінен де артта қалып отырмыз. Йель университетінің сарапшылары Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу коэффициенті өткен жылы 3,8-ге тең болғанын, ал әлем бойынша ең жоғары коэффициент –67,1 болғанын айтады.
Жалпы, әлем бойынша экологияға қатысты рейтинг көп. Дегенмен осы аталған америкалық университеттің зерттеу нәтижелері экология саясатының тиімділігінің деңгейін объективті түрде көрсетеді және елдерді бір-бірімен салыстыруға мүмкіндік береді. Әдістемедегі айырмашылыққа байланысты бұл деректерді Ұлттық көрсеткіштермен салыстыру дұрыс емес екенін де айтып өткен жөн. Елімізде қатты қалдықтарды сұрыптау мен өңдеудің жалпыланған көрсеткіш алынады. Оны біз жоғарыда талдап өттік. Екі кезеңді жалпылау-сұрыптау және қайта өңдеу-сұрыпталған қоқыстың қанша көлемі дайын өнімге өңделгені немесе экспортқа сатылғаны туралы нақты түсінік жоқ. Өйткені сұрыпталғаннан кейін қоқыс ретінде шыққан қоқыс жалпы көрсеткішке де енеді, дегенмен болашақта ол сұрыпталмаған қалдықтар сияқты көміледі.
Меншік болса да, әкімдіктер жауапты
Әуелде айтып өткеніміздей, екі көрсеткіш-ті – сұрыптау және қайта өңдеуді біріктіру жағдайды анық көрсетуге кедергі келтіреді деуге де болады. Өйткені, бұл бөлімдердің әрқайсының өзіндік ерекшелігі мен проблемалары бар. Мысалы, материалдың барлық түрін айтпағанда, еліміздің барлық қаласында қарапайым «дымқыл» және «құрғақ» қалдықтар бойынша қоқысты бөлек жинауға арналған контейнерлер жоқ. Дәлірек айтсақ, еліміздегі 207 қала мен ауданның тек 64,3 пайызында қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізілген және барлық елді мекендердің жартысында ғана сұрыптау желілері бар.
Мұнда көп мәселе жергілікті атқарушы органдардың қызметіне байланысты болып тұр. Себебі Экология кодексінің 351-бабына сәйкес, қалдықтарды көму көлемін азайтуды ынталандыру бойынша жұмысты әкімдіктер ұйымдастыруы тиіс.
Әйтсе де, процесті жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыруы керек болса да, көптеген аймақта қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, сұрыптау, өңдеу және көму бизнесі жеке меншіктің қолында екенін де айтып өткен жөн. Бұл Бәсекелестікті қорғау агенттігі мамандарының нарықты талдау нәтижелерінде көрсетілген. Құжатта қатты тұрмыстық қалдықтарды жинайтын кәсіпорындардың тек 4,5 пайызында ғана мемлекеттің үлесі бар екені көрсетілген. Ал полигондарда қоқысты көму бойынша мемлекеттік компаниялардың үлес салмағы сәл жоғары – 9 пайыз, ал сұрыптаудағы мемлекеттің үлесі 10 пайыз екен.
Зерттеу нәтижелері бойынша агенттік сарапшылары бұл нарыққа жаңа қатысушыларға кіру қиын деген қорытындыға келіпті. Бірнеше әкімшілік және экономикалық кедергі бар екені де көрсетіліпті.
Біріншіден, әкімдіктер жоғары талап қояды және қатты тұрмыстық қалдық полигонына арналған жер учаскесін алу өте қиынға түседі.
Екіншіден, бұл – инвестиция жағынан алғанда да қымбат бизнес. Бірден техника мен жабдықтарды сатып алуға қомақты қаражат керек, ал инвестиция қысқа уақыт ішінде өтелмейді, яғни шығындарын жаппайды.
Үшіншіден, бұл мәселенің әлеуметтік жағын да қарастыру керек, өйткені шығындар мен инвестиция өссе, қызметтің тарифі де өсуі керек болады. Бұл, әрине, өте күрделі мәселе.
Ал «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының дерегіне сүйенсек, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу саласындағы экожобалар жүзеге асар болса, таяудағы екі жарым жылда 3-4 пайыз оң динамика байқалуы мүмкін. Егер барлық жоспарлар осы жылдың соңына дейін іске асырылатын болса, онда 2024 жылға қарай қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу деңгейі 27 пайыз, ал өнеркәсіптік қалдықтар — 42 пайыз, ал 2025 жылғы желтоқсанда — тиісінше 34 пайыз және 46 пайыз болады деген болжам бар.
Жалпы, әлемде тұтыну деңгейі де өсіп бара жатқанын айтып өткен жөн. Дүниежүзілік банктің деректеріне сүйенсек, тұтыну секторының жаһандық сыйымдылығы 2021 жылы 52,3 триллион долларға бағаланған екен. Бұған қызып тұрған жарнама нарығы да айтарлықтай әсер етіп отырғаны сөзсіз. Жарнама әлеуметтік желіні жаулағаннан кейін, көрсеткіштерде де айтарлықтай өзгеріс байқалған.
Осылайша, адамзаттан жыл сайын миллиардтаған тонна қалдық қалады, бұдан табиғатқа үлкен зиян келеді. Осыған байланысты әлемде қайта өңдеуге арналған шикізатты тиімді кәдеге жарату бойынша бастамалар көбейіп келеді. Биыл алғаш рет БҰҰ Қалдықсыз әлем үшін халықаралық күнін атап өтті.
Қазір әлем қоқысты қайта өңдеу мәселесіне баса мән беріп отыр. Киім, жеңіл өнеркәсіп саласындағы алпауыт компаниялар өздері өндірген тауарды қайта жинап алып, басқа өнімге айналдыру бойынша табысты жұмыс істеп жатыр. Яғни, киімге де «екінші өмір» сыйлайды.
Ал бізге әлі де болса қалдықтарды өңдеудің негізгі сатыларындағы жұмыстарды жетілдіру мәселесіне күш салу керек. Эколог маман, сарапшы Азаматхан Әміртайдың сөзінше, саланы тежеп тұрған – жемқорлық.
Азаматхан ӘМІРТАЙ, эколог:
Саланы тұралатып тұрған – жемқорлық
– Қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі бойынша, әрине, мәселе көп. Дегенмен ең бірінші кедергі – сол саладағы жемқорлық, сол саладағы монополия. Сонымен қатар мемлекет тарапынан барьер көп, сол кедергілер мүмкіндік бермей отыр.
Өйткені қалдықтарды қайта өңдеу үшін оны нарыққа беру керек. Нарықтың өзі жасап шығаратын шағын орта кәсіпкерлік, одан кейін дұрыс тарифтік жүйе болуы керек. Қалдықтарды қайта өңдеу бойынша да реттілік керек.
Ал бізде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша ең жақсы, пайда түсетін, тиімді жұмыстар бармақ басты, көз қыстының аясында ғана жүреді, ал енді ақша түспейтін, пайдасыз жағын нарыққа беріп қойған. Ол дұрыс емес, сала нарыққа толық берілуі керек. Яғни, қалдықтарды жинау, одан кейін жеткізу, одан кейін қайта өңдеу, утилизация жасау. Осының бәрі бір жүйеде жасалуы керек. Ашық болуы керек.
Қалдықтардың да түр-түрі бар. Тұрмыстық қалдықтар дейміз, негізгі қалдықтарды да газ, сұйық, қатты деп 3-ке бөліп қарастырамыз. Тұрмыстық, медициналық және өндірістік қалдықтар деп бөліне береді. Олардың бәрін жүйелеу үшін, біріншіден инвестиция керек. Үлкен мүмкіндіктер қажет.
Мәселені қалай шешуге болады? Қоқыс полигондарын қалай жаба аламыз? Қоқыс полигондарын жабу үшін қайта өңдеуге жарамды қалдықтың үлесін көтеру керек. Мысалы, Еуропада 100 пайыз қалдық қайта өңдеуге келеді. Шығыс Еуропада 80-90 пайыз. Ал бізде бұл көрсеткіш 6-7 пайыз ғана болып тұр.
Яғни, бізде сұрыптаудан, жинаудан бастап жеткізу, өңдеу – бәрі жүйелі жасалуы керек. Қоқыстың өзінің типіне байланысты жиналып, сосын өзінің бағытына жетіп, мысалы, пластик – пластикке, әйнек – әйнекке кетуі керек.
Қорыта айтқанда, қоқыс өңдеу мен жинау саласына дейін жемқорлық араласқан деген қорытындыға келуге болады. Дегенмен әлеуметтік немесе азаматтық жауапкершілікті де естен шығармаған жөн: қоқыс лақтыру алдында сұрыптаудан өткізу бізде әлі әдетке айнала қоймағаны да рас. Бір қарағанда, мәселенің салмағы байқалмағанымен, бұл болашақтың, болашақ ұрпақтың қауіпсіздігіне тікелей қатысты түйткіл екенін ұмытпаған жөн.