Мәжіліс депутаттары мемлекеттік шекараны қорғайтын болады
Мәжіліс депутаттары мемлекеттік шекараны қорғайтын болады
Алматы облысы, 19 шілде. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері ҚР ҰҚК Шекара академиясы курсанттарына арналған лагерьде үш күннен бері оқу-жаттығу жиынына қатысуда.
Олар – Мәжіліс депутаттары Максим Рожин, Олжас Құспеков, Болат Керімбек және Самат Нұртаза. Курсанттармен бірге апта бойы таудағы лагерьде тұрып, жаттығады. Содан кейін депутаттар Қытай және Қырғызстанмен мемлекеттік шекараны қорғайтын болады.
Депутаттар шекара әскерлері соңғы үлгідегі техникамен жабдықталып, онда үздіктердің үздіктері қызмет етуі керек деп есептейді. Өйткені еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ең күрделі жауынгерлік міндеттерді күн сайын орындайтын – осы шекарашылар.
Тәуелсіздік шекарадан басталады. Шекарашыларымыздың дайындығы жоғары, Отан игілігі үшін адал қызмет етуге дайын екенін көріп отырмыз. Биік таудағы шекараны қорғаудың қыр-сырымен таныстық. Бұл - өте күрделі де нағыз ерлерге лайық жұмыс. Лагерь командада жұмылып жұмыс істеуге үйретеді, - деді депутат Максим Рожин.
Депутаттар курсанттармен бірге шатырларда тұрады. Таулы аймақта ерте тұрып, сапқа тұрып, тактикалық тапсырмалар мен жауынгерлік дайындықтан өтеді. Олар тауға көтерілуді, толық қару-жарақпен бірнеше шақырымдық марш лақтыруды үйренеді.
Мемлекет басшысы әскери қызметшілер үшін жағдайды жақсарту қажеттігіне бірнеше рет назар аударды. Елордаға әр сарбаздың, әр офицердің мәселесін жеткіземіз. Күрделі проблемалардың бірі – офицерлердің жалақысының төмендігі, орта есеппен 170-220 мың теңге. Бүгінгі нарықпен бұл өте аз. Тұрғын үй, әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бар. Әрбір заставада тиісті техникалық құралдардың болуы маңызды. Дрондар, заманауи қару-жарақ, көлік болуы керек, – дейді Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза.
Жоба барысында депутаттар ұлттық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа заңнамалық бастамалар мен шараларды, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі тәсілдерді, сондай-ақ әскерде қызмет ету жағдайларын жақсарту қажеттілігін зерделеуді көздеп отыр.