Қарағандыда қаржылық пирамида құрған алаяқтар ісі жалғасуда

Қарағандыда қаржылық пирамида құрған алаяқтар ісі жалғасуда

Қарағандыда қаржылық пирамида құрған алаяқтар ісі жалғасуда
ашық дереккөзі
Қарағандыда қаржы пирамидасын құрып, талай адамды тақырға отырғызып кеткен  Елена Колесникованың екі сыбайласы анықталды, деп хабарлайды 24.kz арнасы. Қолға түскен Колесникованың сыбайластарының бірі  Александра Марквард қазіргі уақытта тергеу изоляторында. Ал қылмыстық топтың жетекшісін тұтқында ұстау мерзімі тағы бір айға созылды. Өйткені бұл істен  зардап шеккендердің қатары өте көп. Қарағандыда қаржы пирамидасының құрығына ілініп, ақшасынан айрылғандар саны 700 адамнан асқан. Ал, шағымданудан бас тартқан тағы 36 адамнан куәгер ретінде жауап алынуда. Сондықтан, тергеу ісі де ұзаққа созылмақ. Әлі 500 адамнан жауап алу керек. Бұл туралы прокуратура өкілдері хабарлады. Өткен жылдың күзінде «ФинансОптоГрупп» деп аталатын күмәнді мекеме қала тұрғындарынан ақша жинай бастаған. Салымдарын үстемелеп  қайтарамыз деген алаяқтардың қармағына бірден 1500 адам іліккен. Соның  719-ынан полицияға арыз түсті. Жалпы алашақ  шамамен 2 миллиард теңгені құрап отыр. Халықтан ақша жинап, өсіммен қайтаруға уәде берген ұйым басшысы Елена Колесникова қамауда. Оған «аса ірі көлеме ақша тарта отырып, қаржы пирамидасын құру және  басқару» бабымен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Аты шулы іске қатысы  бар тағы 7 адам күдікке ілінген. Еске  салсақ, Елена Колесникова өткен жылы қазанда заңсыз ақша жинады деген  күдікпен ұсталған. Елена Колесникова қолға түскен кезде оның есепшотында болған 121 миллион теңге мен 4 қымбат автокөлік тәркіленді. Өзге бағалы мүлкі мен қандай бір бизнесі анықталмаған. Сондықтан шоттағы ақша салымшыларға сот үкімі шыққан соң ғана бөлініп  берілуі мүмкін. Қадағалаушы орган өкілдерінің айтуынша, қаржы пирамидасының қожайыны қалтасын толтырып, ізін суытпақ болған.  Тіпті, құжаттарын дайындап, балаларын да шекара асырып үлгерген. Алайда  жоспары жүзеге аспай, қолына кісен салынды. Октябрь  аудандық прокуратурасының бөлім басшысы Сабыр Саржан: «Колесникованың көрсетуі  бойынша, басқа да куәгерлердің көрсетуі бойынша, Марквард жиналған ақшаның барлығын алып, Колесниковаға апарып беріп отырған. Сол кісі  қазір қамауға алынды. Үш миллиардтан астам айналым болған ол жерде,  яғни үш миллиардтан астам ақша жиналған. Бүгінгі таңда нақты келтірілген   залалға келсек, ол 1 миллиард 900 миллионнан астам теңге», – дейді.