Жаңалықтар

Сенаторлар ел өңірлерін аралап, тұрғындардың мәселесін назарға алды

ашық дереккөзі

Сенаторлар ел өңірлерін аралап, тұрғындардың мәселесін назарға алды

Сенаторлар Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, тұрғындармен кездесу өткізді.  Кездесу барысында өзекті мәселелер мен олардың шешімін табу жолдары талқыланды, деп хабарлады turkystan.kz.   Парламент Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Алишер Сатвалдиевтің сапары Қазығұрт ауданында жалғасты. Өнер мектебінде жергілікті тұрғындармен болған кездесуге ардагерлер кеңесінің мүшелері, кәсіпкерлер мен шаруалар, аудандық мәслихат депутаттары және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Сенаторлар кездесу барысында қабылданған ұлттық және халықаралық заңнама баптары мен оған енгізілген толықтырулар туралы жиналғандарға жан-жақты түсіндіріп, өңірдегі мәселелер бойынша пікір алмасты. Әңгіме барысында мемлекеттік шекараның тозған бағанасын, жолдарды, күрделі жөндеуді қажет ететін нысандарды ретке келтіру, сондай-ақ ауданда туризм саласын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және шаруаларға төмен пайызбен несие беру сияқты тақырыптар қозғалды. Сенаторлар өз кезегінде көтерілген барлық мәселе Парламенттің алдағы сессиясы барысында назарда болатынын атап өтті. Парламентшілер сонымен қатар Шарбұлақ ауылдық округінің Ақбастау елді мекеніндегі 150 орындық мектепке барып, қосымша салынып жатқан ауызсу қоймасы құрылысының барысымен танысты. Парламент Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қалалық мәслихат депутаттарымен және қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Сенаторлар еліміздің Президенті белгілеген мемлекеттің негізгі басымдықтары және VIII шақырылымның бірінші сессиясында қаралған заңдардың басты ережелері туралы айтып берді.