Жаңалықтар

Қошанов: «Жастарға жұмыс» жобасы жұмыс табуды қолжетімді етеді

ашық дереккөзі

Қошанов: «Жастарға жұмыс» жобасы жұмыс табуды қолжетімді етеді

Мәжіліс спикері, «AMANAT»партиясының төрағасы Ерлан Қошанов «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған елордадағы Арбатта бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысты. Іс-шара Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен өтті, деп хабарлады turkystan.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында жастарды қолдау мәселесіне баса мән берілген. Онда 2029 жылға дейін 2,3 миллион жасты жұмысқа орналастыру міндеті қойылды.

Осы орайда, партияның «Жастар Рухы»жастар қанаты «Жастарға жұмыс» жобасын жүзеге асырып отыр. Жобаның негізгі бағыттарының бірі – бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу. Жәрмеңке 10-20 шілде аралығында еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылады.

Жоба аясында жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын несиелендіру, тау-кен өнеркәсібінде 2 мың бос жұмыс орнын құру, жас мамандарды IT-дағдысына үйрету үшін 3 мың ваучер бөлу және тағы басқа бастамалар қарастырылған.

Елордадағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі Арбатта – ашық аспан астында ұйымдастырылды. Бұл – жастар қауымы көп жиналатын көрнекті орын. Мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор және жеке компаниялар арасынан 70-тен астам жұмыс беруші 1300-ге жуық жұмыс орнын ұсынды. Олардың арасында ҚазАгроҚаржы, Қазпошта, Samruk-Kazyna Construction, Қазақстан теміржолы, Самұрық-Энерго және өзге де компаниялар бар. Іс-шараға 2000-нан астам адам қатысты.

«Жастарға жұмыс» жобасы 2023 жылдың қаңтарында бастау алды. Жарты жылда ел аумағында 120-дан астам бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған 90 мыңнан астам адам қатысты. Оның ішінде, 18,6 мың жас жұмысқа орналасуға жолдама алып үлгерді. Еліміздегі 3000-нан астам ірі және шағын кәсіпорындармен жастарды жұмысқа орналастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Еске сала кетейік, бұған дейін «AMANAT»партиясы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге жастарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған «Жастарға жұмыс» жобасын жүзеге асыру бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеген еді.