Жаңалықтар

«Жас қазақ» этно-лагері шалғайдағы қазақ балаларының басын қосты

ашық дереккөзі

«Жас қазақ» этно-лагері шалғайдағы қазақ балаларының басын қосты

Отан. Атамекен. Атажұрт. Тарих. Бұл – құлаққа жағымды естілер асыл да асқақ ұғымдар. Ес біліп, етек-жеңіңді жиған сәттен бастап-ақ өзің өсіп-өнген туған жердің қадір-қасиетін терең түсініп, жоғары бағалайсың. Ондағы елеулі оқиғалардың бірін де қалыс қалдырмай, сараптайсың. Адам бойындағы сондай жоғары құндылықтарды дәріптейтін, әрі дамытатын жобалардың бірі – «Жас қазақ» жазғы этно-лагері. Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» КеАҚ ұйымдастыруымен 2019 жылы бастау алған «Жас қазақ» жазғы этно-лагері биылғы маусымын да сәтті аяқтады. Жылдан-жылға ауқымы кеңейіп, деңгейі жоғарылап келе жатқан жобаның мақсаты мен мазмұны тереңнен сыр шертеді. Әлемнің түкпір-түкпірінде тарыдай шашылған этникалық қазақ балаларының басын қосып, Атажұртқа әкеліп, тарихымызды, дінімізді, ділімізді һәм рухани құндылықтарымызды дәріптей отырып, табиғат аясында әдемі демалыс сыйлайды. Балалар арасында Бурабай, елордадан бөлек, Қазақстанға алғаш келгендері бар. Шекарадан асып, елге аяқ басқанда қуаныштың көз жасына ерік бердік дейді. Биылғы этно-лагерьдің басты ерекшелігі – дарынды балалардың басын қосты. Сайдың тасындай іріктеліп келген 12-17 жас арасындағы балалар лагерьге жолдаманы түрлі байқауларға онлайн, офлайн форматта қатысып, жеңіп алған. Мысалы, бірі мәнерлеп өлең оқыса, енді бірі домбыра тартып, жеңімпаз атанған балалар. Ашылу салтанатында балалар алғашқы күндерден-ақ жауапкершілікті сезініп, концерттік бағдарламаны өздері дайындады. Арнайы қонақ болған Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының президенті  Әлихан Бәйменов балаларға ақ батасын беріп, ырымдап «Темірқазық» деп аталатын кітапты сыйға тартты. «Шын шеберге шаршы алаңда тұсау жоқ» демекші, лагерьдің алғашқы күндерінен-ақ өнерлі балалар жүрген жерін әнмен әрлеп, би билеп, думандатты. Талапты да талантты балалардың қалыптасқан дағдыларын әрі қарай шыңдау мақсатында сабақ кестесі де соған сай құрылды. Балалардың әр уақыты құнды әрі жүйелі өту мақсатында күнделікті күн тәртібі бекітілді. Таңертең таңғы жаттығудан бастап, түрлі сабақтарға, үйірмелерге қатысты. Дәлірек айтсақ, асық ойнау, садақ ату, домбыра шерту, алтыбақан тебу, атпен серуен, киіз үй тігу сынды ұлттық ойындардан бөлек, заманауи сала –  мобилографиядан сабақ алды. Лагерь барысында балалар арнайы бекітілген «Алаштану» сабағын оқыды. 13 шілде «Iqanat High School of Burabay» мектебінде «Жас қазақ» жазғы этно-лагерінің жабылу салтанаты өтті. Екі аптаға жалғасқан айтулы іс-шарада әлемнің 8 мемлекетінен (АҚШ, Иран, Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Ресей) келген 200-ге жуық этникалық қазақ балаларының өзара тығыз байланыс орнатып, ұлттық құндылықтарымыз дәріптелді. Лагерь барысында ұйымдастырылған «Мақал-мәтел» және «Қазақстан тарихы» байқауларының жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды. «Әр қазаққа – бір кітап» акциясы аясында барша балаларға қазақ тілін үйренуге арналған әдістемелік оқулықтар таратылды.