Жаңалықтар

Әкім кісі қолынан қаза тапқан 5 жастағы қыздың үйіне барды

ашық дереккөзі

Әкім кісі қолынан қаза тапқан 5 жастағы қыздың үйіне барды

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданына барды. Жібек жолы ауыл округінде кісі қолынан қаза тапқан 5 жастағы қыздың шаңырағында болып, ата-анасына, жақындарына көңіл айтты. Қайғыларына ортақ екенін айтып, Құранға қатысты, деп хабарлады turkystan.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Өте ауыр жағдай. Қайғыларыңызға ортақпын. Жұбатуға сөз табу қиын. Кішкентай балапанның ауыр қазасы бәрімізді күйзелтті. Қазір күдікті ұсталды. Заң аясында қатаң жазаланады», – деген облыс әкімі қайғы жамылған отбасыға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында болған қылмысқа қатысты күдікті ұсталып, қамауға алынған. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауыл округінің әкімдігінде оқиға болған аймақтағы өзекті мәселелер талқыланды. Оған барлық құзырлы орган басшылары мен жергілікті тұрғындар қатысты. Өңір басшысы шекаралас аймақты дамыту, сауда-логистикалық әлеуетін тиімді пайдалану, көлеңкелі экономиканы жою бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. «Шекара маңындағы заңсыз сауда айналымына тосқауыл қою керек. Кәсіпкерлерге жағдай жасап, заңдастыру мәселесін шешу қажет. Осы салаға жауапты мекемелер, құзырлы органдар өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарағаны жөн. Тұрғындар тарапынан түрлі мәселелер көтеріліп жатыр. Назарға алынып, тиісті жұмыс жүргізілсін. Заңсыздықтарға қарсы қатаң шаралар қабылдануы қажет», – деді Дархан Сатыбалды.