Жаңалықтар

Режиссер Шайқақовтың «Айқай» фильмінің монтаж кезеңі аяқталды

ашық дереккөзі

Режиссер Шайқақовтың «Айқай» фильмінің монтаж кезеңі аяқталды

Режиссер Шайқақовтың «Айқай» фильмінің монтаж кезеңі аяқталды. Кинокартина Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ қолдауымен түсірілген. Фильмде күллі қазақтың қасіреті болған «Семей полигоны» құрбандарының тағдыры ядролық жарылыстан зардап шегіп, қос аяқсыз дүниеге келген азаматтың өмірі арқылы бейнеленеді. Жарынан айырылған жалғызбасты әке мен жарымжан әкесіне жанашыр, қамқор бола білген баланың күйбең тіршілігі арқылы режиссер 1980-90 жылдардағы халықтың жағдайын көрсетеді. Айта кетерлігі, фильмнің режиссері және сценарий авторы – Кенжебек Шайқақов 2014 жылы «Аманат кз» продюсерлік орталығының қаржыландыруымен «ДSfilm» киностудиясында дебюттік «Күркө» атты фильмін түсірді. Аталған кинокартина сол жылы Душанбе қаласында өткен халықаралық «Дидор» кинофестивалінде жүлделі орынға ие болды. 2015 жылы Ресейдің Чита қаласында өткен «Байкал аймағы» халықаралық кинофестивалінде «Әділқазылардың арнайы жүлдесі» номинациясымен марапатталды. 2015 жылы Якутскде өткен халықаралық кинофестивальде «Ең үздік режиссерлік дебют» номинациясымен марапатталды. Сол жылы Алматы қаласында өткен тұңғыш қазақстандық «Сыншылар таңдауы» киномарафонында «Жылдың үздік сценарийі» жүлдесін алды. Сол жылы Австралияның Брисбан қаласында Азия және тынық мұхиты аймағы киноакадемиясының «АРSA» кинофестивалінде «Үздік сценарий» номинациясы бойынша қатысты.