Жаңалықтар

Астанада «Сенің Олимпиадалық оқулығың» атты жинақтың тұсаукесері өтті

ашық дереккөзі

Астанада «Сенің Олимпиадалық оқулығың» атты жинақтың тұсаукесері өтті

Бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Сенің Олимпиадалық оқулығың» атты оқу-әдістемелік құралының тұсаукесері өтті, деп хабарлады turkystan.kz.  Кітап авторлары – Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті, философия ғылымдарының докторы (Dph) Тастанбек Есентаев, профессор, педагогика ғылымдарының докторы, Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшесі Мария Булатова мен ҚР Құрметті спорт қайраткері, доцент Бақытжан Есжанов. «Бұл оқу құралын жазу идеясы маған «Қазақстан Дене шынықтыру ғылыми-практикалық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Бас директоры қызметін атқарып жүргенде келді. Себебі біздегі оқу орындарында Олимпиада ойындарының тарихы мен оның танымалдығы тиісті деңгейде емес. Одан бөлек, оқу орындарында еліміздің жазғы және қысқы Олимпиада ойындарында жеткен жетістіктері жайында мағлұмат беретін бірде-бір бұрыш жоқ. Демек, өскелең ұрпақ ел мақтаныштарын, Отанымыздың патриоттарын дұрыс білмейді деген пайымға келдім», - деп айтты салтанатты кеште сөз алған Тастанбек Құтжанұлы. Оқу-әдістемелік құралда негізінен сонау Олимпиада ойындарының тарихынан бастап тәуелсіз Қазақстанның Олимп ойындарындағы жетістіктері жазылған. Кітап авторлары Олимпиада ойындары жайында қызықты деректер мен қызықты сұрақтарды да қамтыған.