Жаңалықтар

122 млн: әлемде аш адамдар саны күрт көбейді

ашық дереккөзі

122 млн: әлемде аш адамдар саны күрт көбейді

Пандемия, экстремалды ауа райы және қақтығыстар, соның ішінде Украинадағы соғыс 2019 жылдан бері әлемде аш адамдардың санын 122 миллионға арттырды. БҰҰ бес мамандандырылған мекемесі әзірлеген азық-түлік қауіпсіздігі бойынша жаңа есебінде осындай мәлімет айтылды, деп хабарлады turkystan.kz news.un.org-қа сілтеме жасап. БҰҰ бұл үрдіс өзгермесе, 2030 жылға қарай аштықты тоқтату жөніндегі мақсатқа қол жеткізілмейтінін ескертті. Баяндаманы Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), Ауыл шаруашылығын дамытудың халықаралық қоры (IFAD), Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) және Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы әзірлеген. «Жаһандық пандемиядан кейін бәрін қалпына келтіру мүмкін болмады. Ал Украинадағы соғыс азық-түлік пен дұрыс тамақтану қолжетімділігіне әсер етті. Климаттың өзгеруі, қақтығыстар мен экономикалық тұрақсыздық маргиналды топтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қиындатып жатыр. Біз әдеттегі жұмыс әдістерінен бас тартуымыз керек», - деді  БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) бас директоры Цюй Дунъюй. Баяндамада айтылғандай,  2022 жылы 691 миллионнан 783 миллионға дейінгі адам (орта есеппен – 735 миллион) аштықпен бетпе-бет келген. Бұл COVID-19 пандемиясының басталуына дейінгі кезеңмен, яғни 2019 жылмен салыстырғанда 122 миллионға көп. 2021-2022 жылдары әлемде аш адамдар санының өсуі тоқтады. Бірақ әлемнің көптеген бөлігінде азық-түлік дағдарысы нашарлаған. Азия мен Латын Америкасы 2022 жылы аштыққа қарсы прогреске қол жеткізді. Алайда Батыс Азияда, Кариб теңізінде және Африканың барлық субаймақтарында аштық көрсеткіші көбейе берді. Африка ең ауыр зардап шеккен аймақ болып қала береді: континенттегі әрбір бесінші адам аштыққа ұшырайды. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе көп. «2030 жылға арналған тамақтану бойынша кейбір мақсаттарға жету жолында үміт бар. Бірақ, жалпы алғанда, тез арада жаһандық ауқымда белсенді шаралар қабылдауымыз керек», - деді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Нью-Йорктегі бейнеүндеуінде. 2022 жылы азық-түлік қауіпсіздігі мен тамақтанудың жағдайы төмен күйінде қалған. Баяндамада әлем халқының шамамен 29,6 пайызы немесе 2,4 миллиард адам азық-түлікке тұрақты қол жеткізе алмағаны айтылған. Бес жасқа дейінгі миллиондаған бала дұрыс тамақтанбаудан зардап шегіп жатыр: 2022 жылы бес жасқа дейінгі 148 миллион баланың (22,3 пайыз) бойының өсуі тоқтаған, ал 37 миллионында (5,6 пайыз) артық салмақ болды. 2050 жылға қарай халықтың 70 пайызға жуығы қалада тұрады деп болжанып отыр. Сондықтан аштық пен тамақтанбау мәселесін шешумен айналысатын ұйымдар осыны ескеруі тиіс. Өкінішке қарай, ауыл мен қала арасындағы айырмашылық сол күйінде қалып отыр. Ауылдық жердегі халық азық-түлік мәселесінен көбірек зардап шегеді. Ондағы ересек тұрғындардың 33 пайызы және қаладағы 26 пайызы қиындықты бастан кешіреді екен. Қалалық және ауылдық жерлердегі балалардың дұрыс тамақтанбауының да өзіндік ерекшеліктері бар: балаларда бой өспеу көрсеткіші қалалық жерлерге (22,4 пайыз) қарағанда ауылдық жерлерде (35,8 пайыз) жоғары.