«Жас Қазақ» лагері жырақтағы қандастардың басын қосты
«Жас Қазақ» лагері жырақтағы қандастардың басын қосты
Кеше Ақмола облысы Бурабай ауданы Щучье көлінің оңтүстік-шығыс жағалауында орналасқан IQanat High School of Burabay мектебінде «Жас Қазақ» жазғы этно-лагерінің жабылу салтанаты болып өтті. «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен екі аптаға жалғасқан бұл лагерьге әлемнің 8 елінен, атап айтсақ, АҚШ, Иран, Беларусь, Қытай, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Моңғолия және Ресейден екі жүзге жуық этникалық қазақ балалары қатысты.
Шетелде туып-өскен, мектеп жасындағы қазақтарға ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге үндейтін бұл лагерьге келемін деушілер қатары жыл сайын артып келеді. Былтыр дәл осы мектепте өткен жазғы лагерьге 8 елден (Ресей, Өзбекстан, Франция, Моңғолия, Иран, Түркия, Қырғыз Республикасы және Қытай) келген 84 оқушы қатысқан болатын. Биыл бұл көрсеткіштің екі есеге артуы 2019 жылы қолға алынған бұл өміршең жобаның расында мәні зор, миссиясы үлкен екенін аңғартады. Әрі биыл лагерь жолдамасы өз аймағында белсенділік танытып жүрген оқушыларға оңай беріле салған жоқ. Оқушылар бірнеше кезеңді қамтитын түрлі байқауға қатысып, іріктеліп алынды. Жалпы, былтырмен салыстырғанда, биыл лагерь бағдарламасына енгізілген өзгеріс көп. Оқушылар асық ату, алтыбақан тебу, садақ ату, киіз үй құру, домбыра тарту, қазақ биін билеуді үйрететін дәрістерден бөлек мобилография курсын оқыды. Сонымен қатар Nazarbayev, М.Қозыбаев атындағы университет өкілдері елге оралып, оқуға түсемін деушілерге таныстырылым жұмыстарын өткізді. Одан бөлек, сегіз ордаға (әр ордада 25-28 баладан) бөлінген оқушылар спорттық жарыстарда өзара кім мықтыны анықтап, «Үздік орда» атағы үшін таласқа түсті. Оған қоса, қазақша мақал-мәтел айтудан жарысып, Қазақстан тарихына қатысты тест тапсырмаларын орындады.
«АТАЖҰРТЫМЫЗДЫ ЕРЕКШЕ ҚАДІРЛЕЙТІНІМІЗ ЖҮЗІМІЗДЕН-АҚ БАЙҚАЛЫП ТҰРҒАН ШЫҒАР»
Мақал-мәтел айту сайысында Өзбекстан елінен келген Нұргүл жиналған көпшілікті таң-тамаша етіп, біріншіМоңғолияның Баян Өлгей өлкесінен келген Айбота да Нұргүл секілді бұл лагерьге бұрыннан барғысы келіп жүргенін айтады. «Біз мұнда екі топқа бөлініп келдік. Бірінші топта қыр сұмындарынан отыз екі бала келсе, Баян Өлгийден он үш оқушы келдік. Туыс әпкем былтыр бұрын бұл лагерьге келгендіктен, ондағы іс-шаралар маған да ұнап қалды. Сөйтіп, түбі барамын деп мақсат етіп жүрген едім. Мен бала кезімнен өлең шығарамын. Биыл Баян Өлгейде өткен он үш сайыстың онында жүлделі болдым. Сол кезде ұстаздарым «бұл лагерьге сенің бармағаның дұрыс болмас» деп айтқан еді. Сөйтіп, іріктеу кезеңінде мәнерлеп оқу және сурет салудан үздік болып танылып, жолдаманы иелендім. Бір қызығы, үйімдегілер мұнда келетінімді жолдаманы ұтып алған кезде ғана естіді. Әрине, бөтен жерге емес, атажұртқа бара жатқан соң әрі жан-жақтан қатарластарым жиналады деген соң олар мені қуана-қуана жіберді», – дейді Айбота. «Саған ең ұнаған қай дәріс?» деген сұрағымызға ол «Қазақстан тарихы бойынша өткізілген тестілеу айрықша ұнады. Ол тестілеуге сексенге жуық бала қатысты. Біз жақта қазақтар көп шоғырланғандықтан, Қазақстан тарихын жақсы білеміз. Соның арқасында ешкімге дес бермей, көп сұрақтың жауабын таба алдық. Финалға өткен он баланың жетеуі – Моңғолиядан, үшеуі – Өзбекстаннан келгендер. Сондықтан бұл тартысқа толы іс-шара маған қатты ұнады» деп жауап берді. Қазақстан тарихынан бөлек, киіз үйді қалай құруды жетік білетін олар бұл тапсырманы орындау кезінде өзгелерге көмектессе керек. «Біз жайлауда тұратын ата-әжемізге жиі баратындықтан, мұның бәрін беске білеміз. Ал білмейтіндерге оны қалай құрайтынын түсіндіріп бердік. Біз де олардан көп нәрсені үйрендік. Мысалы, мен Қытайдан келген қазақ баладан қытай тілін үйреніп жүрмін. Екі апта ішінде біраз сөз жаттап алдым», – дейді Айбота. Сондай-ақ ол осы екі апта ішінде айналадағы әсем көрініс пен дәріс өткізіп жүрген ұстаздардың қанаттандыратын сөздеріне тебіренгені сонша, «Мен бақытты – адаммын» деген өлең шығарғанын айтады. Сиясы кеппеген бұл өлеңін қайтар кезде көпшілік алдында оқып беруге уәде берді.«ҚАЗАҚСТАН ТҮГІЛІ, ӘЛЕМДЕ МҰНДАЙ МЕКТЕП БАР ДЕП ОЙЛАМАДЫМ»
Ресейдің Қосағаш ауданынан келген Аягөз қайтуға әлі екі күн болса да, қатарластарымен қоштасқысы келмей жүргенін, лагерь тағы бірнеше аптаға жалғасса деген тілегін айтады. «Мен бір бөлмеде Қытай, Өзбекстан, Қырғыз Республикасынан келген қыздармен бірге тұрамын. Төртеуіміз ә дегеннен-ақ оңай тіл табысып кеттік. Одан бөлек, басқа бөлмелерде тұратын қыздармен де жақсы қарым-қатынас орнаттық. Спорттық жарыс кезінде ұйымдастырушылар бір елден келген балаларды бір ордаға біріктірмей, сегіз елдің балаларын сегіз ордаға бөлді. Сондықтан бір бөлмеден бөлек, бір ордада жақын араласып кеткен бірнеше қатарластарым бар. Сабақтарға, жарыстарға бірге қатысып, үнемі бірге тамақтанып жүрдік. Күн сайын біріміздің көңілімізді біріміз көтеріп, қалжыңдасып жүргендіктен оларды жақын тартамын. Алдағы уақытта олармен көрісеміз бе, жоқ па, бір Құдай біледі. Қоштасар сәтті ойласам, көңіл күйім түсіп қалады. Расымен бұл жерден қайтқым келмейді. Маған мұнда бәрі ұнады. Әсіресе, мобилография курсынан көп нәрсе үйрендім. Мен бастапқыда бұл сабақтың өтетінін білмедім. Естіген кезде ұйымдастырушылардың біздің қамымызды ойлап, заман ағымынан қалмай мұны да үйренсін деген ниетіне риза болдым. Біз Қосағаштан он алты бала келдік. Олардың бәрі жаңа дос тапқанына риза. Бәрі «қайтпай-ақ қойсақ қой» деп, қайтар күнді тіпті ойлағысы да келмейді», – дейді Аягөз. Беларусь астанасы Минскіден келген он бес жастағы Камила Филипенко «Қазақстанда туыстарым тұратындықтан, мұнда жыл сайын келемін» дейді. Жазғы лагерьге алғаш келген күні біраз қиналғанын жасырмайды. «Бірінші күні көп нәрсені түсінбей, басым қатты. Оқушылар өзара қазақша сөйлейтіндіктен, айтқандарын бірден түсіну қиын болды. Қазақшам керемет дей алмаймын, бірақ аз-маз түсінемін. Лагерьдің мақсаты – этникалық қазақтар тілін, дәстүрін, мәдениетін ұмыттырмау мақсатында ұйымдастырылғаны түсінікті. Сондықтан қазақша сөздерді еске түсіруге тырысып, арасында аударма құралдарын пайдаландық. Ым-ишарат белгілерін де қолдандық. Бірақ ағылшын тілін білетіндермен емін-еркін сөйлестім», – дейді Камила. Ол ұйымдастырушылардың лагерьге келген екі жүзге жуық баланың әр уақытын тиімді өткізуге бағытталған бағдарламаны қалай құрғанына аң-таң. «Тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Бәрі керемет. Барлық сабақтан өзіңе керегіңді аласың. Түгелі пайдалы. Әр күніміз жоспарланған. Төсекте аяқ көтеріп жату деген жоқ. Тағамдары да дәмді. Маған бәрінен бұрын садақ ату сабағы ұнады. Сосын атпен серуендеуден ерекше әсер алдым. Беларусьте жылқыны көп ешкім баптап өсірмейді. Қазақстандағыдай атпен емін-еркін серуендей алатын жерлер жоқтың қасы. Ал мұнда бәрі басқаша», – дейді ол. Сондай-ақ Минскіге қайтқан соң домбыра сабағына қатысамын деп шештім дейді. «Домбыра сабағында мұғалім есту қабілетім ерекше екенін бірнеше рет айтты. Бір марқайып қалдым. Елге барған соң, домбырада шебер ойнауды үйренемін деп бекініп отырмын. Анам фестивальге қатысқан кезде үйге бір домбыра алып келгені есімде. Ол аспапты сол кезде ғана ұстап көргенмін. Жалпы, менің анам басқа елде тұрса да, өз мәдениетін ұмытпауға тырысады. Бізге де «қайдан шыққандарыңды, өз тамырларыңды ұмытпаңдар» деп айтып отырады. Сондықтан мұның бәрін ұқтыратын бұл лагерьге дер кезде, қажет шақта келген секілдімін», – дейді Камила. Лагерьдің жабылу салтанатында IQanat High School of Burabay өкілі Жания Исмағамбетова оқушыларға сәттілік тілеп, болашағы жарқын болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ ол екі апта бойы өзара сайысқа түскен «Үздік орда» жетекшісін марапаттады. «Отандастар» қорының директоры Абзал Сапарбекұлы осы күндер ішінде естен кетпес ерекше сәттерді бастан өткерген оқушылардың бір-бірімен жақын танысып, бір үйдің баласындай жақын тартқанына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ол қатысушыларға төрт тілде жарық көрген, қазақ тілін үйретуге бағытталған кітаптарды сыйға тартты. Сонымен қатар «Мақал-мәтелді жатқа айту» және «Қазақстан тарихы» жарыстарында үздік үштікке ілінгендерге қор атынан бағалы сыйлықтарды (планшет, электронды кітап және смарт сағат) табыс етті. Кеш соңы «Қазақконцерт» ұйымы өнерпаздары мен қандас оқушылардың әзірлеген концертіне ұласты.Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ