Жаңалықтар

Балалық шағы болмаған бала

ашық дереккөзі

Балалық шағы болмаған бала

Адам өміріндегі ең ғажап уақыт оның балалық шағы. Бала кезін сағынбайтын адам кемде-кем шығар. Ал болмаған балалық шақты сағыну мүмкін бе? Ақын Ақберен Елгезектің проза жан­рындағы тұңғыш кітабы «Бол­ма­ған балалық шақ» повесі оқыр­ман қауымға жақсы таныс. Сонау 2008 жылы жазылған шығарма әлеу­меттік желілер арқылы кең та­рап, кейін бестселлерге айналды. Ин­тернет желісінде жүргізілген сауал­нама бойынша повесть XXI ға­сырдағы үздік 20 прозаның тізі­міне енді. Шығарма режиссерлер тара­пынан сұранысқа ие болып, биыл еліміздің екі театрында қойы­лып, көрерменімен қауышты. Біз­дің көргеніміз – Ә.Мәмбетов атын­дағы Мемлекеттік комедия және драма театрында жас режис­сер Әли Бидахметтің сахналауымен қойылған спектакль еді. Әлемде қанша адам болса, сонша тағ­дыр бар. Әр бала – бір әлем, бір тағ­дыр. Кітап авторы өз хикаясы туралы: «Мұн­дағы оқиғалар қиялымнан туған қанатқақты дү­ниелер емес, осы жердің бетінде, осы елде ме­нің шақшадай ғана басымнан өткен шы­рыл­дақ тағдыр» – дейді. Ақынның қиын тағдырын бейнелейтін дра­мада бүгінгі автор мен бала Ақош қатар жү­реді. Автор санасында жаңғырып тұрған өт­кен жылдарды суреттей отырып басынан кешкен хикаяны әңгімелейді. Кейіпкер ба­ла­лық шағына сырттан қарап тұрып, өзінің іш­кі сезімдерін көрсетеді. Балалықтың қи­мас кездері мен әттеген-айларын жа­сыр­май­ды. Өз қиялындағы ғұмырын, теперіш көр­ген тағдырын, алаңсыз жүрген кездері мен ба­қытсыз күндерін бейнелейді. Төрт жа­сын­да әкеден, кейін туған бауырынан, соңынан ана­сынан тірідей айырылған баланың күйі­ніші, мейірімге шөлдеген жүрегі көрерменді жылатпай қоймады. Жұртшылықты шы­найы­лығымен баураған қойылым туралы режиссердің өзінен сұраған едік. Кішкентай жүрегіне үлкен әлемді сый­дырған бала Ақоштың жанындағы жара мен көңілінде қатқан шерді, қайтпас мінезі мен ақ көңілін, бозбала болмысын Қазыбек Аман­жол сомдады. Актер бұл қойылымға бір жа­рым ай дайындалған. Сахнада ішкі эмо­цияларына барынша ерік берген актер өз кейіпкерінің образын шынайы алып шығуға тырысқаны көрініп-ақ тұр. Ақынның ішкі жан тебіренісін, рухани әлемі мен сезім иірім­дерін терең толғаныспен суреттеу ең маңыз­ды жұмыс. – Режиссер бала Ақоштың бейнесіне ме­ні сырт келбетімнің ұқсастығы бойынша таң­дады. Осыған дейін қойылымдарда бала­ның рөлін ойнап жүрмін. Алайда тағдыры қиындыққа толы бас кейіпкердің бейнесін сахнада ойнау оңай болған жоқ. Кейіпкерім­нің психологиялық портретін беруде автор­дың өзімен жүзбе-жүз кездесуіміз септігін ти­гізді. Дайындық барысында оның әңгі­ме­сіне, әртүрлі қылықтарына қарап образымды терең тү­сіну­ге тырыстым. Бұрын-соңды спек­такльде ойнап жүр­ген кезде кө­рер­меннің жы­лап жатқа­нын сезбей­тін­мін. Осы қойылымда сахнада алдыңғы қа­тар­ға келетін сәттер бар. Сол жер­де адам­дардың жылап отырғанын, қан­дай сезімде екенін сезіндім. Бұл менің рөлді жақ­сы алып шығуыма әсер етті. Байқағаным, қойы­лымға халық көп жиналған сайын, қы­зықты өтеді. Ақберен аға шығармашылық топпен кез­десу барысында: «Кітап менікі болға­ны­мен, қойылым сендердікі» деп, бізге барлық жа­ғынан еркіндік берді. Мүмкін, автордың ба­ла кезін сәтті алып шығуыма өзімнің ақын­мен ұқсастығым да себеп болған шы­ғар. Мен де өлең жазамын, ақындарды жиі оқып тұрамын», – деді актер. Балалық шағының тәтті дәурені ерте таусылған Ақоштың арманы – ана­сы­ның жанында болу еді. Анасының айна­лайы­ны мен ыстық алақаны үшін өгей әке­ден көрген құқайға да көнбек еді. Алайда тағ­дыр оған бұл бақытты да бұйыртпады. Боз­баланың ендігі тұрағы – Алматыдағы әке­сінің ағасының үйі болды. Осылай мейі­рім мен махаббатқа шөлдеген бала жүрек анасынан алыстап, алыс Алматыға аттанып кете барды. Көкесінің үйінде әр күнін ана­сын күтумен өткізген Ақоштың бір күні үміті де үзіледі. «Мен анамды күтуді доғар­дым. Ал жүрегім сағынуды қоя алмады» дей­ді. Өмір ерте есейткен, балалығы шытыр­ман оқиғаға толы Ақоштың тағдыры көрерменін әр алуан сезім жетегіне ертіп, жанарға жас келтіріп, жүректі қозғады.