Жаңалықтар

Тана мырза

ашық дереккөзі

Тана мырза

«Тана мырза Тілемісұлы – ел ішінде Тана мырза деген атпен мәлім атақты мырза әрі би. 1803 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Ақсуат өңірінде дүниеге келген. Жасынан мұсылманша сауат ашқан ол ел билігіне ерте араласқан. 1842 жылы Мұрын-Назар болысының басқарушысы болған. Тана мырза салдырған ең алғашқы білім ордасы «Ақ мектеп» орны әлі күнге дейін бар. Өзі билік жүргізген елде суармалы жерге егін ектірген, елді өнер-білімге баулып мешіттер салдырған. 1868 жылы осы өңірде «Сұлутал» ауылының маңында қайтыс болған. Көкпекті ауданының орталығы Көкпекті ауылында Тана мырзаның атында мешіт бар. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы бір ауыл қазір Тана мырза ауылы деп аталады.» (Шығыс жұлдыздары» энциклопедиясы, «Фолиант» баспасы). «Отаршылдықтың отанымызға орнығып Ресей патшалығының «бөлшекте де билей бер» –деген ұранымен қоса «шен аямасаң қазақ жан аямайды» деп, «жезден қарғы тағынған» (Дулат Бабатайұлы) заманда қар түнді қақ айырған найзағайдай құбылыс болып «елім, жерім» деп өткен тұлғалардың бірі де бірегейі Тана мырза Тілемісұлы. Мұрыннан Шерубай мен Тана шықты, Өз тобын заманында жара шықты. Ұлықпен патша алдында заңдасқанда, Оларды арыстанын Алаш ұқты. Батырдың Қожагелді құнын жоқтап, Сескенбей генералмен таласыпты – деген Сабырбай ақынның ұзақ толғауы бар. «Жас та болса бас» болған Тананың мыр­за атының атау болып орнығуына ат жалын тартып мінгеннен бастап, ел ара­сында болсын немесе қайда сапар шек­се де өзіндік өрнекті сән-салта­на­ты­мен ерекше жүре білген, қасына сал-се­рілер, суырыпсалма ақындар, жезтаңдай әнші­лер мен буырқанған бура санды балуан­дарды ертіп жүрген. Әрбір жүрген жо­лында кедей-кепшікке, жетім-жесір­лерге өзіне түскен мол олжадан тарыл­май қолы ашық жомарттықпен үлестіріп отырған. Патшаның әскерден қашып жүрген ноғай бауырларын өз болысында жылы қабылдап, қорған болған қазақ деп жаздырып алдына мал салып үй­лен­дірген. Байсиық елінің «ауыздыға жол бермеген қар сөздің шешені Бекбосын би Тана мырзаның алдына барып Байыс елін­де кеткен есесін толығымен алып ри­за болған екен. Дәулескер күйші Қай­рақ­бай Шәлкенұлын қасына ертіп бау­лы­ғаны аңызға айналған. Атақты Құр­манғажы (Қоңыз батыр) өле-өлгенше Тана мырзаны құрмет тұтып өткені жай­лы «Хан батыр Қабанбай» кітабында жа­зылған. Қабанбай батырдың бел ба­ла­сы Сүлеймен би туралы толғауда Тана мыр­заға теңеп: «Жарлыға тон, нашарға қам­қор болған, Мырзалығы Мұрынның Та­на­сы еді» – деп жырлағаны белгілі. Ер­тіс Нұрқасым дерегінде: «Кенесары хан­­ның әлсіреп оңтүстікке ауған ша­­ғын­да Тана қаншама жылқы апарып қол­дау көрсетіпті. Немере туысы Манақ бай­дың бір өзі 500 құр ат қосыпты. Осы са­пардан қайтқанда орыс ұлықтары Та­наны аңдып жүріп ұстап түрмеге де қа­ма­ған. Игі жақсылар араласып жүріп қа­маудан шығарған. Бір салтанатты жиын­да орыс офицерлері әскери ойын­дардан жарыс өткізіпті. Тана да қатысып өте үздік өнер көрсетіпті. Бір сөздерін тү­сінбей өзін мазақтағандық деп ұққан Та­некең ойын басқарушы офицерге най­засын кезеп шаншып тастамақ болып, атын тебініп тұра ұмтылады. Қорыққан офицер губернаторға тігілген үйге кіріп кетіпті. Өз дәулеті өзіне артығымен жет­ке­німен Тана аса бай болмаған. Есесіне ағайындары мыңғырған бай әрі батыр­лар болған. Тананы көбінесе солар қол­да­ған. Мырзалық мал мен емес, сүйекке біт­кен ниетпен болады емес пе?!» «Мөл­дір сана» газеті .№7 (197) 8 сәуір 2022 жыл. Даланы христиан миссионерлері қаптай бастайтынын, оның аяғы қазақ­ты шоқындыруға алып келетінін зама­нын­да ерте түсіне білген адам Тана мыр­за. Қожагелді батыр өлімі дауындағы та­лаптардың бірі хақтың діні Исламды сақтау үшін дала төрінде мешіттер салу­ға алынған рұқсатты оңтайынан пай­да­ла­на білген. Тарихи деректерде Тана мыр­за үш мешіт салдырған десе, көнекөз қа­риялар жеті мешіт салдырғанын рас­тап кеткен. Мешіттер қасынан медре­се­лер салып, жастардың сауатын ашуды да жолға қойған. Ақсуат өңірінің Қарғыба өзе­ні бойында Тана мырза елді оты­рық­шылдық егіншілікке баулып кезінде «Ба­лық көз бидайынан бал татыған» Қар­ғы­баның жұмсақ бидайының түрінің даңқы көпке жайылған. Тана мырза жайлы ел аузында жүрген аңыздар же­тер­лік. Елдің аңызы бойынша Тана мыр­заны кейде аға сұлтан болған деп те ай­тады. Абырой атағы асқақтап тұрғанда ай­тылған сөз деп білеміз. Ертіс Нұрқа­сым: «Аға сұлтандық лауазымға сайлауға тү­сіп шар салғанда сайлаушылардың кө­бі Танаға дауыс берсе де Семей ұлық­тары әдейі өткізбеген. Кенеханға (бір де­ректе Әлхан Тілеубердин. автор) қол­дау көрсеткеннен кейінгі мінездемесінде орыс ұлықтары Тана Тілемісов – саяси сенімсіз. Тез ашуланғыш батыл әрі мырза адам, – деп кесіп айтқан. Батылдығының дәлелі – Балқаштың тарғыл жолбарысы қалың қопадан арылдап атып шыққанда Алтайдың аюымен жалғыз алысқан Апақ балуан бастаған жолдастары тұра қашыпты. Тана мырза саспастан білтелі мылтығын тұтатып, дәу жолбарысты атып сеспей қатырыпты. Ал орыс ұлық­тары Шорманның Мұсасы, Құнанбай, Құс­пек, Шалғынбай төрелер, хан Қисық т.б. бәрін саяси сенімді деп көрсеткен. Ел тағ­дыры үшін басын бәйгеге тіккен Та­надай ерлер отаршылдардың саясатына жақпасы айдан анық.» «Мөлдір сана» 7(197) 8 сәуір 2022 жыл. 1849 жылы Көкпекті округіне ғы­лыми зерттеумен келген инженер А.Влан­галидің 1863 жылы К.Струве мен Г.Потаниннің экспедициясына қатысып, жолбасшы болған. Бұл жөнінде осы атал­ған ғалымдардың жолжазбасында айты­лады. Патша өкіметінен поручик шенін алып, Анна лентасымен марапатталған. «Зайсан ойпатына аты шыққан би Тана Тілемісов біздің саяхатымыздың жол­басшысы болды. Сол өңірдегі оған бағы­нышты немесе бағынышты емес қырғыздар үшін де дала салтының біл­гірі,заңдылықтарын қолданушы аса сауатты. Бұдан бірнеше жылдар бұрын Тана Оңтүстік Алтайда көшіп-қонып жүрген, жер жағдайын өте жетік біледі, онда оның Мұхаммедсұлтан атты не­мере туысы және басқа да көптеген ту­ған-туыстары баршылық, осы уақытша са­пар кезінде далалықтардың дау-да­майын сауаттылықпен шешуде болды. Орталық Алтайдан кейіннен де дау-дамай шештіріп алуға оған қырғыздар үздіксіз ағылып келіп жатты. Мұның бәрі Оңтүстік Алтай үшін, басқа теңдесі жоқ басшы тапқанмен бірдей болды. Мұ­ның алдында ғана ол ғалым саяхат­шы, тау инженері Влангалиге де жолбас­шы болған еді. 1863 жылдың жазында Карл Струве және Григорий Потанин Зай­сан көлі мен Қара Ертістің бойымен Марқакөлге дейін және Сарытау сапары. (Аударған автор ) «Семей қаласынан шыққан сауда жо­лы арқылы көп қой айдалып Бөкен өзе­нінің ағысы маңын және Ертіс аң­ға­рын кесіп өтіп, Оңтүстік Алтайға өте­ді. Жағалауларды жалғастырып тұратын екі паромның біреуі біздің жолбасшымыз Тананікі; Тасымал бағасын анықтай алмадық.» Г.И.Потанин. Исследования и материалы. (Аударған Автор.) Мейрамбек Рас­паев деректері де осы мәліметтерді анық­тай түседі. Жалпы, Г.Потанин өз жаз­баларының өн бойында Тана бидің ел таныған тұлға екенін тамсана жазған адам. Әсіресе, ел ішінде барымтаның етек алғанын, оның жалпыға бірдей бере­кесіздік әкеліп отырғанын дәл бай­қап анықтаған. «Малы мен жан бағып, күн көріп отырған қырғыздар үшін, осы ортада етек алған «барымта» жаңа байып, дәулетін түзеп келе жатқандарға да және аса бай ауқаттылар (ішінде дәулетін барымтадан құрағандар да бар) үшін де, бірдей қолайсыздық тудырып отырғаны анық. Тана сияқты сол ортаға ық­палды адамдар халық ықыласына бө­ленген» – деп жазды Потанин. 138-бет. «Поездка по Восточному Тарбагатаю летом 1864 года.» (Аударған автор.) Биыл ел ертеңі үшін атқа мініп, па­расатымен, жомарттығымен танылған Тана мырза Тілемісұлының туғанына 220 жыл толып отыр.

Жамбыл Жұманбай, өлкетанушы