Ерекше бала тәрбиелеп отырған ана өз кәсібін ашты
Ерекше бала тәрбиелеп отырған ана өз кәсібін ашты
Атырау қаласының тұрғыны Әслима Абайқызы кәсіп бастауға ештеңе кедергі емес екенін дәлелдеп отыр. Ол кәдімгі гипстен түрлі заттар жасайды. Атап айтсақ, әшекей бұйымдар салатын қобдиша, жуынатын бөлмеге арналған жиынтық, шағын шкаф, тойбастарға қажет заттар және күнделікті тұрмысқа арналған ыдыстар. Адал еңбектің арқасында жетістікке жеткен көпбалалы ана үйде отырып ашқан кәсібінің қыр-сыры туралы Тurkystan.kz тілшісіне айтып берді.
Әслима Абайқызы бала күтімімен үйде отырған кезде ойына бизнес бастау туралы идея келгенін айтады. Әдеттегідей әлеуметтік желіні қарап отырып, заманауи кәсіп ашуға құлшынысы ояныпты.
«Өнімді жасап шығару үшін бізге су және гипс қажет. Әдейі гипстің мүсінге арналған түрімен құямын. Одан кейін затты 3-7 күн аралығында ыстық жерге жерде кептіремін. Ары қарай сыртқы қабатын бояп, клиенттің сұранысы бойынша әрлеп беремін», - дейді Әслима Абайқызы.
Кейіпкеріміз жасаған заттарына сұраныс жоғары екенін айтады. Әсіресе, туған күнге, тойға, құдалыққа, бесік тойға сыйлыққа алатындар көп екен.
«Әшекей заттарды салып қоятын қобдиша мен «ракушка» – қазіргі маусымның тренді. Ішіне шоколад салып, клиенттің қалауы бойынша ұсынамыз. Қобдиша – айнаның алдына қоюға таптырмас бұйым. Тойбастарға да тапсырыс көп түседі. Клиенттің айтуы бойынша сыйлыққа түрлі зат жасап беремін. Күніне 50-ден 250 данаға дейін жасаймын. Сонымен бірге гипстен ваннаға арналған жиынтық, мысалы, сабын, щетка салғыш және түрлі зат салып қоятын ыдыстар да жасаймын. Бұл – күнделікті тіршілікке қажет заттар», - дейді шебер.