«Qazaq kuresi» ассоциациясының президенті сайланды
«Qazaq kuresi» ассоциациясының президенті сайланды
Е. Мырзабосынов «Qazaq kuresi» ассоциациясының қазақ күресі ережесін біріздендіру және төл күрестің халықаралық аренадағы танымалдығын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын жеткізді. Ербол Қуантайұлы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың көп шығынды қажет етпейтін және балаларды теріс әдеттен аластататын спорт түрлерінің қатарында қазақ күресін дамыту қажеттігіне назар аударғанын атап көрсетті. Ол ұлттық спорт түрлері арқылы елдің имиджін көтеру мүмкіндігіне тоқталды. Мысал ретінде Жапонияның ұлттық спорт түрі - дзюдоны келтірді. Е.Мырзабосыновтың пікірінше, қазақ күресі елді халықаралық аренада танымал ететін брендтердің біріне айналуы тиіс. Сондай-ақ, қазақ күресінің Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына енгізілуі медальдық көрсеткіштерін жақсартып, елдің имиджін қалыптастыруға оң әсер ететінін айтты. Сондай-ақ, Ербол Қуантайұлы жиын қатысушыларының назарын өзбектердің «Кураш» күресінің дамуына аударды. Азия ойындарының бағдарламасына енгізілген бұл күрес түрі Өзбекстанға 7 салмақ дәрежесінде медаль жеңіп алуға мүмкіндік береді. Қазақ күресі дәл осылай Азия ойындарының бағдарламасына енгізілген жағдайда жалпы командалық медальдық есепте жоғары орын алу мүмкіндігіміз арта түспек деп түйіндеді.