Елбасы мемлекет қайраткерлерімен кездесті

Елбасы мемлекет қайраткерлерімен кездесті

Елбасы мемлекет қайраткерлерімен кездесті
ашық дереккөзі
Кездесуге М.Жолдасбеков, К.Сағадиев, Р.Шырдабаев, О.Әбдікәрімов, Б.Ізмұхамбетов, М.Қасымбеков қатысты деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты. Басқосуда конституциялық реформаларға, ауыл шаруашылығы мен шаруашылығын, денсаулық сақтау саласын, ғылым мен білімді, орта және шағын бизнесті дамытуға және жекешелендіруге қатысты экономика, әлеумет, қоғам мәселелері талқыланды. Елбасы тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстан жүріп өткен күрделі жолы туралы айта келіп, елдің болашақ дамуының негізгі жолдары туралы сөз қозғады. — Қазақстан бүгінде әлем жұртшылығы білетін елге айналды, экономиканың беталысы жақсы. Енді бар жетістікті «Үшінші жаңғырту» Жолдауында белгіленген мақсаттарға жету үшін пайдалану керек, — деді Назарбаев. Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтары бетпе-бет келіп отырған қазіргі заман қиындықтарына назар аударды. — Нарық жолын таңдаған біздің қоғам алдында түбегейлі жаңа міндеттер тұр. Елдің болашақ дамуы олардың тиімді шешілуіне байланысты. Жаһандық экономика дәуіріндегі негізгі мәселе инновация болып отыр. Индустриялық төңкерістер бізді айналып өтпеуі тиіс. Экономикамызға инновациялық технологияларды сіңіре білуіміз керек, — деді Назарбаев. Президент бұл міндеттерді орындау үшін тиісті қаржы керек екенін айтты. — Инновациялық технологияларды жасауға қаржы бөлмесек, әлемде қалыптасып отырған жаңа экономикалық үрдіске ілесе алмай, кенжелеп қалуымыз мүмкін. Жаппай өндірісті дамыту үшін қажет технологияларды енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттыруымыз керек. Бұл үшін ғылыми-зерттеу институттарын құру қажет. Олар кәсіпорындар және елдің жетекші оқу орындары жанынан ашылатын болады. Мысалы, «Алатау» технобағы, Назарбаев Университеті жанынан құрылуы мүмкін, — деді Президент. Кездесуге келген мемлекет қайраткерлері Мемлекет басшысы ұсынған мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу реформаларын қолдайтындарын жеткізді. Көптеген бастамалардың, оның ішінде әсіресе Парламенттің құзыретін күшейту, дербестік пен жауапкершілікті арттыру бағытындағы ұсыныстардың заман талабына сай екенін айтты. Бұған қоса, кездесуге қатысушылар республикалық және жергілікті бюджет қаражатының жұмсалуына қоғамдық бақылау жасауға, салалық бағдарламалардың орындалуына, жер реформасына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы орнықтырып, «мүлдем төзбеушілік» саясатын тиімді жүзеге асыруға, сондай-ақ Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша Ұлт жоспарында белгіленген міндеттерді кезең-кезеңмен орындауға қатысты түйткілді мәселелерге тоқталды.