Жаңалықтар

Алтай өлкесінің астанасы Барнауылда қазақ әні шырқалды

ашық дереккөзі

Алтай өлкесінің астанасы Барнауылда қазақ әні шырқалды

Жуырда Алтай өлкесінің Барнауыл қаласында «Тәттімбет» атындағы академиялық  ұлттық аспаптар оркестрінің «Ұлы Дала сазы» атты концерті өтті. Тәттімбет атындағы академиялық оркестр әлемнің 40-тан астам елінде гастрольдік сапарда болып, әлемге танылса да, Барнаулда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар» қорының ұйытқы болуымен бірінші рет өнер көрсетті. Концерттің өтуіне септігі тиген тағы бір ұйым – Алтай өлкесіндегі Қазақ ұлттық автономиясы. Автономия жетекшісі Мұрат Бекмұратовтың айтуынша, ұлттық әуендер бабалар рухын оятады. Бір жарым сағатқа созылған концерттің соңында қандастарымыз «Атамекен» әнін қосыла шырқады. Концерттің жабылу салтанатында «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы екі ел арасында саяси-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықпен қатар, мәдени-гуманитарлық байланыс жоғары деңгейде екеніне тоқталып, осы концерт те халықтар арасындағы достық қарым-қатынасқа оң септігін тигізеді деп сенім білдірді. Жалпы, «Отандастар» қорының этникалық қазақтармен қатар, кезінде Қазақстанда туып-өскен, кейіннен өз тарихи Отанына оралған бұрынғы отандастармен де жұмыс жүргізуге жауапты ресми мекеме екенін атап өтті.