Жаңалықтар

Сағынтаев "Нұрлы жолға" бөлінген 2 млрд теңгені игере алмаған әкімдерді қызартты

ашық дереккөзі

Сағынтаев "Нұрлы жолға" бөлінген 2 млрд теңгені игере алмаған әкімдерді қызартты

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген 2 млрд теңге игерілмеген. Бөлінген қаржының басым бөлігін Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары тиімді жұмсай алмапты. Осыған байланысты үкімет отырысында премьер министр Бақытжан Сағынтаев аталмыш өңір басшыларының жұмысын сынға алып, олардан келесі жолы орынсыз ақша сұрамауды талап етті. Бұл жөнінде Baq.kz. хабарлады. 

Үкімет отырысында игерілмеген қаражат бойынша алдымен есепті Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин берді. Кейін Қостанай өңірінің басшысы Архимед Мұхамбетов аталмыш бағдарлама бойынша 300 млн-ға жуық қаржының неге игерілмегендігін Үкімет басшысына түсіндірді. Бірақ әкімнің жауабына Бақытжан Сағынтаевтың көңілі толмады. «Екі облыс әкімінің есебін тыңдадым. Менің түсінуімше, өзім кінәлі сияқтымын. Себебі, маған бұл туралы ақпарат беріліп, есеп тапсырылған болатын. Сіз неге бұл туралы айтып отырсыз? Ақшаны игере алмасаңыздар, сұрамаңыздар. Маған да алдын ала келмейтін боласыздар. Бұл сіздерге ғана қатысты емес. Жалпы айтып отырмын», - деді премьер-министр. Айта кетейік, бүгін  инфрақұрылымды дамытудың 2015 - 2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы жөнінде Үкімет отырысы өтті.