Жаңалықтар

Қазақ неге «ай көрдім, аман көрдім» деген?

ашық дереккөзі

Қазақ неге «ай көрдім, аман көрдім» деген?

Ұлтымызда жылдың әр айы аяқталып, жаңа ай туғанда, «Ай көрдім, аман көрдім, баяғыдай заман көрдім, ескі айда ескіркедің, жаңа айда жарылқа» деп, өткен айдан аман шыққанына тәуба қылып, жаңа туғанынан үміт күтетін ырым бар.     Бұл сөзді жаңа туған айды көргенде айтады. Айдың алғашқы жеті тәулігін «бір жаңасы – жеті жаңасы» деп санамалап, сегізінші тәулігінен бастап «бірінші ширегі» дейді. Бұл жеті-тоғыз тәулікке созылады. Одан кейін толған ай, яғни, айдың толық көрініп, бұлтсыз түндердің сүттей жарық болатын кездері өтеді. Бір жетіден кейін ай кеми бастайды. Бұл айдың соңғы ширегі. Айдың кеш туатын осы шағын қазақы ұғымда айдың қорғалауы дейді. «Ай қараңғы, таң жарық», «айдың қараңғысы» дегендер де осы айдың таусылар кезі. Ал, айдың өліарасы – ескі айдың бітіп, жаңа айдың көрініп үлгермеген шағы. Жаңа туған ай шалқасынан жатса, «өзіне жайлы, халыққа жайсыз», ал егер тіке тұрса, «халыққа жайлы, өзіне жайсыз» деп болжам етеді. Яғни, айдың ашық, не жауын-шашынды, боранды, қызылды болу-болмауын болжайды.

Дереккөз: «Таныс сөздің бейтаныс сырлары» кітабы.