Депутаттар Ақсудағы әлеуметтік нысандардың құрылысын тексерді
Депутаттар Ақсудағы әлеуметтік нысандардың құрылысын тексерді
Мәжіліс депутаттары Амантай Жарқынбек пен Нұржан Әшімбетов жұмыс сапарымен Павлодар облысына барып, Ақсу қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысымен танысты.
Мәжілісмендер Ақсу қаласына қарасты Пограничник ауылына сапары барысында проблемалық нысанға айналған фельдшерлік амбулатория мен дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін аралады. Қазірдің өзінде олардың құрылысы бекітілген кестеден кешігіп жатыр. Амбулатория мердігері оның мерзімінде іске қосылатынын айтты. Дегенмен, депутаттардың пікірінше, жоба толықтыру мен түзетуді қажет ететіндіктен, жұмыс көлемі артуы мүмкін.
Мәжілісмендер Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында құрылысы 2021 жылы басталған Мұз сарайында да болды. Бүгінде оның іргетасы ғана құйылған, құрылыс әлі созылып жатыр.
– Қаражат бөлініп, мұз айдынын салу үшін мердігер компания анықталған. Бірақ жергілікті билік нысанды аса қажет емес деп тауып, құрылыс тоқтатылыпты. Қазір бұл нысанды жеке бақылауыма алып жатырмын, – деді Нұржан Әшімбетов.
Сапар соңында депутаттар азаматтарды қабылдап, талап-тілектерін тыңдады. Тұрғындар жайылым жерлерге қатысты сауалдарын қойды.