Жаңалықтар

Баян-Өлгийде қандастар құрылтайы өтті

ашық дереккөзі

Баян-Өлгийде қандастар құрылтайы өтті

Ұлан-Батырдан бастау алған Моңғолия қазақтарының кездесуі Баян-Өлгийдегі негізгі жиын – кіші Құрылтайға ұласты. Осы мақсатта Моңғолияға жұмыс сапары аясында 6 шілдеде ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР Сыртқы істер министрлігі «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Бейбітұлы Қойшыбаев пен бір топ ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжіліс депутаттары бастаған қазақстандық делегация мүшелері Баян-Өлгий аймағына ат басын тіреді. Сондай-ақ, Құрылтай қатысушылары арасында Қазақстаннан келген дипломатия ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен Түркия және Ресейден келген қандастар да бар.

Баян-Өлгийдегі екіжақты кездесу

Арнайы сапармен келген қонақтарды Баян-Өлгий аймағының әкімі   Камелият Ахмадияұлы мен Баян-Өлгий халқы әуежайдан шашу шашып қарсы алды. Аймақ губеранторы Камелият Ахмадияұлы, Маслихат Төрағасы Хабыл Шәривұлы бастаған делегациялар арасындағы кездесуде Абзал Сапарбекұлы қазақстандық делегация құрамын таныстырып, Ұлан-Батырда болатын іс-шаралар туралы айта келе, алдағы Кіші Құрылтай жұмысына сәттілік тіледі. Өз кезегінде Камелият Ахмадияұлы «Бермесең алмайсың! Бармасаң алыстайсың!» демекші, 10 жылдан аса үзіліп қалған Моңғолия қазақтарының кіші Құрылтайының қайта жалғасын тапқанына аса қуанышты екенін айтты. Қазақстандық делегация құрамында ҚР Президентінің кеңесшісі мен сенатор, депутаттардың болуы да бұл іс-шараға ерекше маңыз берудің дәлелі деп атап өтті. Аймақ губернаторы өлкенің экономикалық-әлеуметтік ахуалы және халықтың тыныс-тіршілігі туралы кеңінен мәлімет берді. Кездесуде сөз алған Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Президент Қасым-Жұмарт Кемелұлының ыстық сәлемін жеткізуге арнайы келгенін айтып, Қазақстан қашанда ішкі тыныштықпен қатар сыртқы байланысты үзбеу саясатын нық ұстанатынын, сонымен қатар қашанда шетте жүрген қандастарымыздың мәселесін назарда ұстайтынын, олармен байланысты нығайта түсуге аса мән беретінін жеткізді. Екіжақты кездесуде ҚР Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапак, Нұргул Тау, Жарқынбек Амантай да сөз сөйлеп, екі елдің парламентаралық байланыстарының күн тәртібіндегі мәселелер, еліміздегі құқықтық-демократиялық реформалар туралы баяндап өтті. Баян-Өлгий аймақтық мәслихатының төрағасы Баян-Өлгий аймағында қазақтардың емін-еркін өмір сүруіне жағдай жасалғанын айтып, мемлекеттер арасындағы достықтың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, басқосуда Баян-Өлгейдегі қандастармен рухани-мәдени байланысты арттыру мәселелері де тақырыпқа өзек болды.

Концертте қазақ және моңғол халық әндері шырқалып, дәстүрлі күйлер мен халыққа кеңінен танымал музыкалық шығармалар орындалды. Алқалы жиынға арнайы келген Қазақстан Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кіші құрылтай қатысушылары мен Моңғолия қазақтарына арнаған құттықтау сөзін оқып берді. Құттықтауда ел Президенті екі халықтың достығы мен ынтымақтастығын нығайтатын мәдени, іскерлік байланыстардың маңызын айтып, Құрылтай жұмысына сәттілік тілеген. Құрылтай барысында  Мұхамедқали Құрманхан атындағы Қазақ музыкалық драма театрында Мұхамедқали Құрманханның ескерткіші ашылып, оның «Ғұламаның ғұмыры», аймақтың алғашқы басшыларының бірі, қоғам қайраткері   Қызырхан Құсбекұлының ескерткіші мен көше атауының берілуі, «Өмірім –өзім, өмірім – ісім» атты кітаптарының да тұсаукесерлері өтті.  Сондай-ақ, жастар арасында ұлттық ойындар (тоғызқұмалақ, асық ату, қазақша күрес) өтті.