«Қарызсыз қоғам», «Құқықтық көмек» жобалары қалай жүзеге асып жатыр?
«Қарызсыз қоғам», «Құқықтық көмек» жобалары қалай жүзеге асып жатыр?
Президенттің саясаты мен «AMANAT» партиясы жобаларының арқасында қазір ауылдың белсенді тұрғындары үшін үлкен мүмкіндіктер ашылуда. Қазір қаржылық сауаттылық деңгейін арттырмай, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мүмкін емес. Сондықтан 3 ай бұрын «AMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосты.
Жобаның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру.
Жобаға қатысушылар өз қаражатын тиімді басқаруды және шығынды оңтайландыруды үйренеді. Ал ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер компания бюджетін қалыптастыру тәртібіне, салық есеп-қисабын ұсынуға және мемлекеттік қолдау бағдарламаларының қаржыландыру шартына қатысты құнды ақпарат алады.
Түркістан облысы Сайрам ауданының тұрғыны Айсара Есентаева оқыту курсында несиенің пайыздық мөлшерлемесі жайлы маңызды ақпараттар пайдалы болғанын айтты.
«Қаржы бойынша білімім аса жеткілікті болмағанның салдарынан, банктен жоғары мөлшердегі пайызбен несие алыппын. 800 мың теңгедей қарызым бар. Қазір есептептесем, қарызымды бірнеше есе көп қайтарып жатырмын. Оның үстінде жұмыссыз отырғандықтан, несиені мерзімінен кешіктіріп төлеу мәселесі туындап отыр. Мұның бәрі қаржылай сауаттылықтың аздығынан.
Менторлар несие алмастан бұрын банктердің пайызына баса назар аударып, қалай есептеу керегін түсіндірді. Келісімшартты да мұқият оқып шығудың маңыздылығын айтты.
Сарапшылар мейлінше несиені алмау үшін жалақыны ұтымды жоспарлап, үнемдеу жолдарын көрсетті.
Осыдан кейін кіріс-шығысты есептей білуді, табысты арттыру туралы сабақатар өтілді. Күнделікті үй тапсырмасы беріліп, пайдалы мәліметтер айтылды. Бұл – халыққа пайдалы жоба. «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалына алғыс білдіремін! Ауыл тұрғындарына жиі өткізілу қажет деп санаймын», - деді ол.