АҚШ Түркияның ЕО-ға кіруін қолдайтынын мәлімдеді
АҚШ Түркияның ЕО-ға кіруін қолдайтынын мәлімдеді
Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде АҚШ Түркиянының Еуропалық Одаққа мүше болуын әрқашан қолдайтынын мәлімделді.
Бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Түркияның ЕО құрамына кіруіне жол ашылуы тиіс деді. Оның орнына Анкара Швецияның НАТО-ға қосылуына келісім бермек.
«Бізді 50 жылдан бері ЕО-ға қосуға кедергі келтірген елдерге айтарым бар. Түркияның Еуропалық Одаққа кіруіне жол ашыңдар. Ал біз өз кезегімізде Швецияның НАТО-ға кіруіне рұқсат береміз», - деді ол Вильнюсте өтетін НАТО саммитіне ұшар алдында.
«Америка Құрама Штаттары әрқашан Түркияның ЕО-ға мүше болуын қолдап келеді. Түркияның өтініші және келісім алуы - ЕО мен Түркия арасындағы іс. Біздің назарымызда НАТО-ға қосылуға дайын Швеция болып тұр», – деді ҰҚК ресми өкілі Ердоғанның сөздеріне түсініктеме бере отырып.
НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг те Анкараның ЕО-ға мүшелігін қолдайтынын атап өтті. Алайда, оның пікірінше, Швеция НАТО-ға кіру үшін қажетті шарттарды орындады. Ол НАТО саммиті өтетін Вильнюсте бұл мәселе бойынша «оң шешім» қабылдануы мүмкін деп есептейді, - деп жазды Reuters.
Еуропалық комиссияның өкілі НАТО мен ЕО-ның кеңеюі «бөлек процестер» екенін жеткізді.
Айта кетейік, 2022 жылдың ақпанында Ресейдің Украинадағы арнайы операциясы басталғаннан кейін Швеция мен Финляндия НАТО-ға кіруге өтініш берді. Сәуірде Финляндия ресми түрде НАТО-ға қабылданып, 31-мүшесі болды. Ал Түркия Швецияның елдің альянсқа кіруіне әлі күнге дейін рұқсат бермеді. Оған Швецияның күрдтерді қолдауы және Стокгольмде құранды өртеу оқиғалары себеп.
Ұйымның жарғысы бойынша НАТО-ға жаңа мемлекеттерді қабылдау үшін оның барлық мүшелерінің келісімі қажет.