Оңтүстіктің жігіттері шетелдік қыздармен көбірек некелеседі
Оңтүстіктің жігіттері шетелдік қыздармен көбірек некелеседі
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысы азаматтары көбіне шетелдік қыздарға үйленеді. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің «ҚазАқпарат» ХАА-ның ресми сауалына берген жауабында, 2016 жылдың қаңтар мен қараша айларында қазақстандық 2154 қыз бен 3112 ер адам шетелдік азаматтармен некеге отырған.
Өзге елдің азаматшаларымен көбіне ОҚО-лықтар некелескен. Аталған аймақтың 658 азаматы өзге елдің қызын жар еткен. Мысалы, сондай отбасының бірі түркістандық Күлсановтар жанұясы. Тәжікстаннан келген Муниса Қ. Ясауи атындағы қазақ-түрік университетіне 2014 жылы оқуға түседі. Оның жары Қайрат сол кезде өз бизнесін енді бастаған кезі болатын. Ол студент қызды көріп, онымен танысады.
«Танысқаннан бастап біз айырылмауға бекіндік. 2 жылдан кейін тойымызды өткіздік. Той екі қалада Душанбе және Түркістанда болды. Қазақ, тәжіктің дәстүрінде, ұлттық тағамдарында бір ұқсастықтар бар дер едім. Тойымыз жақсы өтіп, барлығы риза болды», - деді Муниса. Қазір жастар Түркістан қаласында тұрады. Муниса оқуын жалғастырып жатса, Қайрат өз ісімен айналысып келеді. Жас отбасы қазақ-тәжік дәстүрін бірдей ұстап, болашақта 5 балалы болуды армандайды.
«Мен тамақ істегенді ұнатамын, сондықтан үйде түрлі тағамдар әзірлейміз. Мен бауырсақ пісіріп, ет асамын, тәжік палауын да басамын. Жалпы, асхана кез келген шығыс әйелінің өмірдегі басты дүниесі деп есептеймін. Оқуымды аяқтаған соң өмірімді отбасыма, балаларыма арнағым келеді. Қазақ елі мен тәжік халқының мақтан тұтар ұл-қыздарын тәрбиелегім келеді», - дейді Муниса.
Сондай-ақ, Алматы мен Астананың қыздары шетелдіктерге көбірек тұрмысқа шығады. Өткен жылы Алматыдан - 510, Астанадан 260 қыз шетелдікпен некеге тұрған. Мысалы, алматылық Жанна Байзрахманова-Бриеде әлеуметтік желі арқылы 2014 жылы Мартин Бриедис деген латышпен отасып, қазір Лондонда тұрады.