Жаңалықтар

Әкімдік қаламгерлерді марапаттады

ашық дереккөзі

Әкімдік қаламгерлерді марапаттады

Елорда әкімдігі Қаламгерлер аллеясында «Қазақстан Жа­зу­шы­лар одағы» қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық фи­лиа­лының қолдауымен «Астана – шабыт арқауы» мәдени іс-шара­сын өткізді. Шығармашылық кездесудің басты мақсаты – қолдау көрсету, ын­­­таландыру, мәдениет пен әде­биет саласына қамқорлық жасау, со­нымен қатар халыққа көркем шы­ғарма иелерін кеңінен наси­хат­тау және әдебиеттің әртүрлі жан­рларын дамыту. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда өтіп жатқан Жазу­шылар одағының XVI құрыл­тайына жолдаған құттықтау ха­тын­да: «Адамзатқа ортақ мәсе­ле­лер­ді көтерген кесек туын­ды­лар­дың қажет екені түсінікті. Мұндай шы­ғармаларды дүниеге әкелуге ақын-жазушыларымыздың қа­рым-қабілеті әбден жетеді деп ой­­­лаймын. Қалам – киелі құн­ды­лық. Сөз құдыреті халықты ыды­ра­та да, біріктіре де алады. Біз жаһан­дану дәуірінде жұтылып кет­пей, ұлт ретінде сақталудың қа­мын ойлауымыз қажет. Сон­дық­тан қаламгерлеріміздің бірлікті ту етіп, ел мүддесі жолында адал қыз­мет етуі маңызды», – деп ұлт­тың рухани өсуінде әдебиеттің маңыз­ды орын алатынын атап өткен болатын. «Қазір Астанада Жазушылар ода­ғының 160-тан астам мүшесі тұра­ды. Екі жыл бұрын елордалық жас ақын-жазушылардың 30-дан астам кітабы жарыққа шықты. Ол дәстүр әлі де жалғаса береді. Күні ке­ше араға 11 жыл салып ақын-жазу­шылардың мүшәйрасы өтті. Осындай дәстүрлі іс-шараларда қа­ламгерлер елорданың ғана емес, елі­міздің руханиятына, мәде­ние­тіне үлесін қосып келе жатыр. Бү­гін өздеріңізге ризашы­лы­ғы­мыз­ды, сый-құрметімізді көрсе­тейік деп отырмыз», – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен. Тағылымды іс-шара бары­сын­да Қазақстан Жазушылар одағы мен Астана қаласының Мәдениет бас­қармасы 80-ге тарта ақын-жазу­шыны марапаттап, ақшалай сер­тификат табыстады. «Елордадағы бүгінгі іс-шара­ның орны ерекше. Астаналық ақын-жазушылар бас қаланың ру­хани келбетін, әлем алдындағы абы­рой-беделін қалыптастыруда тал­май еңбек етіп келеді. Бүгін осы ақын-жазушыларды арнайы ша­қырып, құрмет көрсетіп жат­қан қала әкімдігіне көп рахмет!» – деді жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова. Мәдени іс-шара аясында ақын­дар мен жазушылар қолтаң­ба сессиясын, кітаптар тұсаукесе­рін өткізді. «Биыл – байрақ көтерген Ас­та­намыздың 25 жылдығы. Ерке Есіл­дің жағасындағы елорда көр­кейіп, қанат жайып, жалпы қазақ­тың қуанышына айналды. Ақын-жазушылар мемлекетіміздің маңыз­ды дүниелерінде бейжай қа­рап қалмайды. Қаламгерлер би­лік пен халықтың арасында ал­тын көпір дәнекері болып жүр, – деді ақын, «Қазақстан Жазушылар одағы» қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы. Шығармашылық кездесу аясында Астана қаласы әкім­дігінің «Орталықтан­ды­рыл­ған кі­тапхана жүйесі» КММ «Ас­тана – бейбітшілік және жа­сам­паздық мекені» атты кітап көр­месін ұйымдастырды.