Орнықты отбасы – Отанның олжасы
Орнықты отбасы – Отанның олжасы
Отбасы – адам жанының саясы, қанат жайып, түлеп ұшатын алтын ұясы. Ал отбасындағы құндылық – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан сенім, қағида, әдет-ғұрып, сыйластық пен сүйіспеншіліктің жиынтығы. Отбасылық құндылықтар сол отбасының іргетасын нығайтады, әулет ұрпақтарының тұлға болып қалыптасуына оң ықпал етеді. «Отбасы – адамды жақсылық жасауға үйрететін ең бірінші әлеуметтік ортасы» деген тәмсіл бар. Жаңа заманда отбасылық құндылықтар негізін ұмыт қалдырмай, оны жаңғырта түсу өзекті мәселеге айналып отыр. Нарықтық кезеңде жұмысбасты ата-ананың бала тәрбиесіне уақыт таба алмауы, оның жауапкершілігін мектепке жүктеп қоюының салдары көптеген мәселенің туындауына себеп болып отырғандай. Осы орайда Túrkistan газеті отбасы құндылығы туралы сарапшы мамандардың пікірін жинаған болатын. Динар НӨКЕТАЕВА, Сенат депутаты: Отбасы берік болса, мемлекет те мықты болады
Қазақ халқы ертеден жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған. Әсіресе, бала тағдырының тәлкекке түсуіне қарсы болған. Сондықтан да отбасы құндылығына ерекше мән беріп, оны атадан балаға мұра еткен. Алайда бүгінде отбасылық құндылықтар біршама өзгеріске ұшырады. Қазіргі жастар 30-40 жасқа дейін үйленгісі келмейді. Қыздар «Өзің үшін өмір сүр» қағидасымен жалғыз жүргенді ұнатады. Батыстың өмір сүру тәжірибесі біздің қоғамға қызық болып отыр. Осы ретте ата-ана баласына білім алғаннан кейінгі міндеті отбасын құру, балалы-шағалы болу керек екенін айтып отырғаны дұрыс. Әрбір отбасының іргетасы мықты болса, мемлекет те мықты болады. Білім ордалары осы мәселеге көп көңіл бөлуі керек. Өзім Қыздар университетінде студенттеріме білім алумен қатар олардың шаңырақтың шырақшысы, болашақ ана екенін үнемі айтып жүретінмін. Қыздарға арналған арнайы курстарымыз болатын. Негізі, отбасылық құндылық туралы отбасында басталып мектепте жалғасуы керек. Бұрынғы тәрбие, сынып сағаттарында отбасы құндылықтары туралы айтылатын. Ұлдар еңбек сабағында тұрмыстағы ер адам атқаруы керек жұмыстарды істесе, қыздар киім тігіп, тамақ дайындап, қолөнерімен айналысатын. Осының бәрі қарап отырсаңыз, баланы отбасылық өмірге дайындайтын. Яғни, отбасының маңызы туралы айтылатын әңгіме балабақшадан басталып, мектепте жалғасып, ЖОО-да тереңдетіліп, неке қияр алдында толықтырылуы керек. Жігіттеріміз психолог десе ат тонын ала қашады. Жарыңмен бірге жан жараңның емін табу, бір-біріңмен тіл табысуды меңгеру ажырасудан әлдеқайда жеңіл емес пе? Отбасының іргесі берік, мығым болуы үшін ер мен әйелдің қосатын үлесі бірдей. Дегенмен бүгінгі қоғамда ер адамның отбасындағы рөлі «ақша тапсам болды» деумен шектеліп отыр. Ақша тауып, отбасын асырап, бала тәрбиесіне араласып, әйеліне демеу болатын ер-азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал өзі диванда жатып, әйелін жұмысқа салып, оның тапқан ақшасын ішімдікке, ойынға салып жүрген ерлерімізді қайтеміз? Мұндай келеңсіздіктің соңы ажырасуға алып келеді. Соңында ер жігіттер алимент төлеуден қашады. Нарықтық кезеңге көшкенде азаматтарымыз не істерін білмей абдырап қалғанда, әйелдер алға түсіп, «мықтылық» танытты. Аналарымыздың сол кезеңдегі отбасын асырау жауапкершілігін өз мойнына алуы бүгінгі ерлерімізді солқылдақ етіп жібергендей. «Қатын қайраттанса, қазан қайнатады», «Байтал шауып бәйге алмас» деген ұғым өзгерді. Әйелдер еркекке ұқсап, ерлеріміз ұсақталып кетті. Кінәні тек ер адамнан іздеуден аулақпын. Бүгінгі қыздардың да психологиясы өзгерген. Төркініне кете салу, ажырасу оңай болып кетті. Баланы көшедегі, әлеуметтік желідегі біреу емес, өзіміз тәрбиелеуіміз керек екенін де естен шығарып жатамыз. Жақында Өзбекстанға барып келдім. Ол жақта ажырасушылардың көрсеткіші төмен. Онда тәулікке, сағатқа берілетін пәтерлер жоқ. Қонақүйде бір бөлмені неке куәлігінде мөрі бар ерлі-зайыптылар ғана бірге жалдай алады. Әйтпесе, қонақүйге кіргізбейді. Одан бөлек ажырасқан адам мемлекетке үлкен сомада салық төлейді. Мен осы мәселеге байланысты Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатынмын. Егер біз ондай салық енгізсек, азаматтық некеге тұрушылар саны көбейіп кетеді немесе ерлі-зайыптылар заң жүзінде некеде болғанымен, бірге тұрмау қаупі бар деген жауап алдым. Тәрбие отбасынан басталуы керек. Қазір ата-аналар бала тәрбиесін мұғалімдердің мойнына артып қойғысы келеді. Мектеп ата-ананы, ата-ана мұғалімдерді кінәлап жүргенде, талай нәрседен құр қалып отырмыз. Тәрбие деген таңнан кешке дейін отырып балаға мораль оқу емес. Күніне балаға 40-50 минут уақыт бөліп, еркін әңгімелессеңіз жеткілікті.Сая БАКИМОВА, психотерапевт: Жастардың сөзіне құлақ асу керек
Отбасының ұрпақ жалғастыру, материалдық, экономикалық, тұрмыстық, тәрбиелеушілік және дамытушылық қызметтері бар. Осының ішінде тәрбиелеушілік қызмет арқылы біз баланың бойына отбасы құндылықтарын сіңіре отырып тұлға ретінде қалыптастырамыз. Алайда бұл біз «үйренген» жолдан басқа жол болуы керек. Психоанализ тілімен айтқанда, баланың сезімдеріне контейнер болу. Оның барлық ауыр, негатив, агрессия сезімдерін сезінуге «рұқсат» беріңіз. Адам өмірдегі жағдайларға байланысты түрлі сезімді бастан кешетінін, ол сезімдердің қалыпты екеніне сендіру маңызды. Мысалы, бала үйде балмұздақ әпермегенге ренжіп жылады. Контейнер болатын отбасы оның жанына келіп, «Сен балмұздақ жемегеніңе жылап отырсың ба? Ертең жейсің ғой. Ал қазір маған кел, сені құшақтайын» немесе «Ренішің басылғанша жаныңда отырайын» дейді. Ал баланың сезіміне шыдай алмайтын отбасы «Жылаушы болма, көз жасыңды көрсетпе, ана жаққа барып жылап кел» дейді. Үлкендер баланың сезімін өз сезімінен бөлек алып қарау керек, бізде кейде бала ашуланса үлкендер қоса ашуланып, бәрі бір-біріне айқайлайтын жағдайлар жиі кездеседі. Осы орайда мен ата-аналарға психологиялық сауатты арттыру керек дер едім. Сондай-ақ ата-ана баланың даму кезеңіне байланысты ерекшеліктерін білуі керек. Мысалы, балада екі жасқа тақағанда кризис басталады, көп жылайды, қырсығып, өз дегенін істеткісі келеді. Бұл – қалыпты процесс. Одан барлық бала өтеді. Бірақ бұдан хабары жоқ отбасы баланың бұл кезеңіне шыдамай, ерлі-зайыптылар бір-біріне «сен еркелеттің, құтырттың» деп ұрсысып жатады. Негізі, осындай дағдарыстарды бірге еңсерген отбасының іргесі берік бола түседі. Мұндай ортада өскен бала отбасының маңызын, құндылығын сезініп, ата-анамен ашық сөйлесе алады. Жалпы, капиталисттік қоғамда да отбасындағы үйлесімділікті, түсіністік пен құндылықтарды сақтап қалуға болады. Мәселе рухани және экономикалық дағдарыста. Қиын кезде адамның ұрпақаралық және жеке травмалары оянады. Содан агрессия көбейеді. Біз қазір ұлт ретінде қараусыз қалған жетім баланың рөліндеміз. Сенгіміз келетін, көмектеседі дейтін адал, мықты, мейірімді ата-ананың бейнесі жоқ. Оның орнына озбыр, айтқанын орындамайтын, тек жазалаушы бейнесі бар. Күшті әлсізді одан сайын қинайды дегенге үлкендер көзі жетіп, соған сеніп отырса, әрине балалар да сол жүйеге бейімделеді. Содан келіп мектепте буллинг, агрессия көбейеді. Балалар кімнің ақшасы жоқ, кімде көп, кімнің әкесі мықты дегенге тым ерте бөліне бастайды. Кей жағдайларда жастар аға ұрпақтан анағұрлым өткір, ақылды. Біреуге күштеп құндылық сіңіреміз десек біз қарсыластыққа тап боламыз. Бұл – жалпыға ортақ әмбебап заңдылық. «Сенде құндылық жоқ, мен саған үйретем» деп біреудің ақыл айтқаны ешкімге ұнамайды. Жастар тарапынан ақыл-кеңес, өсиетке қарсылық бар. Өйткені олар өзіне дейінгі ұрпақтың сөзі мен ісінің бір-біріне сай келмейтінін, көп өтірік айтатынын, екіжақты өмірін, тәуелділігін көріп өсті. Бақытсыз, агрессиялы отбасында өскен адамға осы өмір дұрыс, біздің айтқанымызды тыңда деп күштеуге болмайды. Мұны шешудің нақты, төте жолын білмеймін, бір білерім, адам өзін-өзі алдамауы керек. Өзен тек алға қарай ағады, теріс ақпайды. Сол сияқты өткен қайтып келмейді. Өткенін жібере алмаған көршілеріміздің қандай жағдайға жеткенін көрдік. Бізге өткенге салауат айтып, ұлт ретінде бастан кешкен травмаларға дұрыс ат қойып, мән беріп, тек алға жылжу керек. Әр ұрпақтың өз айтары бар. Сондықтан жастардың да сөзіне құлақ асу керек.Мақсұтбек АЙТМАҒАНБЕТ, «Әкелер одағы» РҚБ төрағасы: Құндылықтарды заманға сай жаңғырту керек
Ата-бабамыздан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан құндылықтарды сол қалпында сақтау мүмкін емес. ХХІ ғасырда әлем, экономика, қарым-қатынасы өзгерді. Жаһандық өзгерістер әрбір салаға, оның ішінде отбасына да өз ықпалын тигізіп отыр. Сондықтан адамдардың қалыптасқан менталитеті, қарым-қатынасы өзгеріп келе жатыр. Бұл – дүние жүзіне ортақ үрдіс. «Елу жылда – ел жаңа» дейді. Ата-бабадан келе жатқан «реформаларды» електен өткізіп, өмір талабына сай бейімдеген дұрыс. Жаһандануға жұтылып кетпеудің бір жолы – отбасы құндылықтарын қалпына келтіру, оны заманға сай жаңғырту. Бұл мәселені Түркістанда өткен құрылтайда Мемлекет басшысы да айтып өтті. Қазір жастардың ғана емес, қоғамның отбасыға деген көзқарасы өзгерді. 13-14 жастағы жасөспірімдер онлайн жұмыс істеп жатыр. Балалар ата-анасына материалдық тұрғыдан тәуелді емес. Бұл, әрине, жақсы. Алайда рухани жағынан ата-ана мен бала әрқашан байланысты болуы керек. Салыстырып қарайтын болсақ, өзбек, түрік ағайындарға қарағанда біз өз құндылықтарымызды біраз жоғалтып алдық. Оларды қалпына келтіру үшін бауырларымыздан үйренеріміз көп, алайда үйрететін нәрсеміз де бар. Атам заманнан ер-азамат өз отбасына жауапты. Әке – шаңырақтың отағасы, өз балаларына ат қояды, тегін береді. Бұл – түркі халықтарының құндылығы. Өкінішке қарай, өз баласын тастап кеткен әкелерге қарап біз отбасы құндылығын сақтап отырмыз дей алмаймыз. Біздің қоғам ажырасу кезінде көп нәрсені әйелден көреді. Қалалық отбасылардың моделінде де әйелдің мойнында жауапкершілік көп. Әйел де, ер адам да жұмыс істегенімен, жауапкершілік ер адамда болуы керек. Осы ретте жігіттеріміз үйленуге саналы түрде қадам жасаса екен деймін. Біздің ұйым әкелермен жұмыс істейді. Ажырасқан ер жігіттермен сөйлесіп, олармен араласып, әйелмен ажырасу баламен ажырасу емес екенін түсіндіріп жүрміз. Бұл – істеп жүрген жұмыстарымыздың бір бөлігі. Бала тәрбиесіне еркек те, әйел де жауапты. Ата-ана бұл жауапкершілікті мектепке асып қоймай, өз баласымен жұмыс істеуі керек. Ата-аналардың балалармен жұмыс істемеуінен, ананың қызымен сырласпауынан, әкенің ұлымен ашық сөйлеспеуінен некесіз туу, аборт жасату, ажырасу мәселелері ушығып тұр. Мұндай мәселелер отбасында алдын-ала ашық талқыланса дейсің. Ол үшін баламен кішкентайынан дұрыс диалог орнату керек. Балаға уақытында айтпай, түсіндірмей, білім бермей, кейін отбасы шайқалған кезде «Сен неге ажырасып жатырсың?» деуге ата-ананың құқығы жоқ. Сондықтан балаларымызға уақытылы көңіл бөліп, жұмыс істейік. Сонда ғана отбасы мәселелері шешіледі.