Астана маңында құлан, ақ бөкен сияқты жануарлар мекендейтін саябақ салынбақ
Астана маңында құлан, ақ бөкен сияқты жануарлар мекендейтін саябақ салынбақ
Астананың ел дамуындағы орны ерекше. Қала күн санап өсіп келеді. Елорда дамыған сайын оған қойылатын экономикалық, архитектуралық, урбанистикалық талап та жоғарылап отыр. Осыған орай биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту тұжырымдамасын қайта қарауды ұсынып, бірқатар нақты міндет қойған болатын. Астананың Бас жоспарына қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізілетіні туралы «Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институты» директорының орынбасары, серіктестіктің бас сәулетшісі Серік Әбдірахмановпен әңгімелескен болатынбыз.
– Мемлекет басшысы Астанада саябақтар жетіспейтінін, тұрғындар серуенге шығатын, демалатын орындар аз екенін, алайда қала әкімдігі мұны ескермей, құрылысқа рұқсат беретінін ашық айтқан болатын. Саябақтарды, жаяу адамға арналған көшелерді көбейту, жалпы, көгалдандыру мәселесі бойынша бас жоспарға қандай өзгертулер енгізілмек?
– Бас жоспарды әзірлеу кезінде қаланы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына аса зор мән беріліп отыр. Жасыл кешендер жүйесі бақтар, бульварлар, гүл бақтары, көгалдандырылған жаяу жүргіншілер жолы, аллеялар шағын көгалдандырылған аумақтар жүйесімен толықтырылады. Ендік бағытта қаланы оң мен солға бөліп ағып жатқан Есілдің екі жағалауын бойлай 30 метрден 500 метрге дейін жасыл саябақ жасау жоспарланған. Бұл саябақтар Есілді қалалық ағынды сулардың ластануынан қорғайды, сонымен бірге керемет демалыс орны болмақ. Бейнелі түрде айтсақ, қаланың «жасыл» өкпесі қызметін атқарады. Осылайша, Бас жоспарда Есіл өзені қаланың жоспарлау құрылымын белгілейтін және анықтайтын негізгі фактор болып отыр. Жоспар бойынша Батығай ауданында жаңа саябақ салу ұсынылып отыр.
Сондай-ақ бас жоспарда ұлттық қорық-саябақ, Өлмес көлі мен Талдыкөл жанында жабайы дала жануарлар орталығын ашуды ойластырып отырмыз. Бұл Пржевальский жылқысы, құлан және ақбөкен сияқты жазық даланы мекен еткен жануарларды ұстайтын дендро саябақ болмақ. Саябақ аумағы табиғатқа жақын жерде орналасады.
Талдыкөл маңында тағы бір ерекше нысан пайда болады. Бұл – елдегі қорық аймағы бар алғашқы табиғи саябақ. Көлдің экологиялық инфрақұрылымы болады. Жағалау аймағында табиғи қамыстар өседі, құмды немесе тасты жағажайларда суда жүзетін және су маңында өмір сүретін құстар тіршілік етеді. Бұл саябақ жай ғана ойын-сауық орны емес, сонымен қатар елорданың ғылыми, білім беру және экологиялық-ағарту алаңына айналады.
Бас жоспарда «Мыңжылдық» саябағының маңайында орналасқан жаңа теміржол вокзалы аумағында ерекше гүлді ағаш түрлері бар жаңа қалалық бақ салуды ұсындық.
Болашақта жаңа алаңдар мен басқа да қоғамдық кеңістіктер саны артады. Жыл сайын 200-250-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік (бұл бақтары, бульварлар, саябақтар) абаттандырылады.
Қаланың Бас жоспарында көптеген гүл бақтары мен бульварлар, бұзылатын аумақтар мен бос жерлер жобаланған. Ені 20-40 м болатын бульварлар көшенің жаяу жүргіншілер жолына жақын орналасқан, бұл жасыл желектер массивін ұлғайтуға, ағаштар мен бұталардың қала ортасының қолайсыз әсеріне төзімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, қаланы жобалау кезінде қаланың көлеміне және климаттық жағдайларға байланысты ерекшеленетін көгалдандыру нормалары қолданылады.
Жаңа Бас жоспарда ұлттық тағамдармен және ұлттық спорт түрлерімен сауықтыру кешенін салу көзделіп отыр, бұл елорда қонақтарының және шетелдіктердің назарын аударады.
– Үкімет басшысының орынбасары жаңартылған бас жоспарды жыл соңына дейін бекіту жоспарланып отырғанын айтты. Жұмыс қалай жүргізіліп жатыр?
– Қазір қалалық әкімдік Астана қаласының 2035 жылға дейінгі Бас жоспарының жобасын әзірлеу жұмыстарын аяқтап қалды. Жоба өткен айда орталық мемлекеттік органдарға келісуге жіберілді.
Пилоттық режимдегі жоба стратегиялық экологиялық бағалау кезеңінде. СЭБ аяқталғаннан кейін тамыз айында қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылады.
Қыркүйекте жобаны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің «Жобаларға мемлекеттік ведомстводан тыс сараптама» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қарауына тәуелсіз сараптамаға беру күтілуде. Бас жоспар желтоқсан айында Үкіметтің бекітуіне жіберіледі.
– Жаңартылған бас жоспар бойынша Астана болашақта көлік жүргізушілерінің қаласы бола ма, әлде жаяу жүргіншілер қаласына айнала ма?
– Бас жоспарды әзірлеу барысында жобалаушыларға Астана қаласының көлік жүйесін одан әрі дамытудың тұжырымдамалық нұсқаларын қарастыру тапсырылды. Әлемнің ірі мегаполистері жеке көліктерді шамадан тыс пайдалануды тежеуге, жаппай жолаушы электр көлігін және моторсыз көлікті (велосипедтер, мотороллерлер) пайдалануға басымдық береді.
Әрине, үлкен қаладағы көлік мәселесі ерекше назар аударуды қажет ететін маңызды тақырып. Бүгінде әкімдік көліктің «басымдық пирамидасын» қалай қалыптастыру керегін нақты түсініп отыр. Қалада қоғамдық жолаушылар көлігі жүйесін жетілдіруде үлкен қадамдар жасалады. Болашақта Астананы жылдамдығы жоғары жүрдек теміржол жолаушылар көлігінсіз елестету мүмкін емес. Ұзақ мерзімді кезеңде қала халқы 3 миллионнан асатын болса, LRT жүйесін (болашақта ұзындығы 35,2 км), трамвайды (88,5 км) және BRT жүйесін дамыту туралы шешімдер қабылдауды талап етеді. Қалаішілік жолаушылар ағынында теміржолдың әлеуетін арттыру туралы да ұсыныстар бар.
Жолаушылардың электр көлігі – қала болашағына, оның экономикасына, экологиясына салынған инвестиция. Бүгінде қала халқы әуежай мен Нұрлы жолды және қаланың сол жағалау бөлігін бір-бірімен байланыстыратын 1-ші LRT желісінің құрылысын аяқтау үшін инвестиция салуға мүдделі деп айта аламыз. Мемлекет басшысы: – «LRT жобасы, негізінен, қате болды. Бірақ қазір басқа амалымыз жоқ. Бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал балама жобалар жоқ» – деген болатын.
LRT желісін одан әрі дамыту және трамвай желілерін салу – келесі қадам. Болашақта тұрғындардың жолаушылар көлігіне сұранысы жоғары болатынын арнайы зерттеулер де растап отыр.
Сондай-ақ газбен, электр қуатымен жұмыс істейтін көліктер желісі де дамиды. Жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы – көше кеңістігінің құрамдас бөлігі. Сондықтан жаяу жүргіншілер жолы демалыс аймақтарында және қала орталығындағы ең танымал орындарда кеңейе бермек.
Сұрақтың мәніне оралсақ, Астананың бас жоспары бойынша қала тұрғындарының жеке автокөлікті пайдалануын қысқартуға бағытталған іс-шаралар қолға алынбақ. Бұған қорғалатын аумақтар жүйесінің жайлылығын жақсарту, велосипед және жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту және реттеу шаралары, қала орталығындағы автотұрақтарды басқару, қозғалтқыш кластарына кіру аймақтарын белгілеу, көлік тораптарын дамыту арқылы қол жеткізу көзделіп отыр.
– Тұрғын үйлер, денсаулық сақтау мекемелері, мектептер бойынша қандай шешімдер қабылданып жатыр?
– Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жаңа әлеуметтік-экономикалық және қалалық жағдайларды ескере отырып жүзеге асырылуы керек және адамның физикалық денсаулығын сақтауға, рухани және мәдени дамуына, оның күнделікті қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталуы керек.
Бүгінгі таңда қалада 148 жалпы білім беру мекемесі жұмыс істейді, оның 93-і мемлекеттік мектеп, 7-еуі республикалық мектеп. сонымен қатар «Білім-инновация» мектеп-интернатының 2 лицейі бар. Мектептерде барлығы 176 688 оқушы білім алады.
Қазір қалада мектеп ұйымдары тапшы, мектеп оқушылары үш ауысыммен оқиды.
Заманауи білім беру ошақтары Қазақстанның зияткерлік, физикалық және рухани дамыған азаматын қалыптастыруды, оның тез өзгеретін әлемде табысқа жетуді қамтамасыз ететін білімге деген қажеттілігін қанағаттандыруды, экономикалық игілік үшін бәсекеге қабілетті адами капиталды дамытуды көздейді.
Осыған орай Бас жоспарда жалпы білім беретін мекемелер желісін балаларды толық емес орта біліммен қамту ауқымына дейін және мектеп ұйымдарының нормативтік сыйымдылығы кезінде балаларды орта біліммен қамтудың 75 пайызына дейін кеңейту ұсынылады. Осы мақсатқа жету үшін қала аумағында жалпы білім беретін мекемелерді 386,7 мың орынға дейін ұлғайту қажет.
Жоба бойынша жалпы білім беретін мектептердің саны 164-ке артып, жалпы саны 257,4 мың оқушыны құрайды. Алайда бір ауысымдық оқыту кезінде мектеп орындарының нормативтік қажеттілігін ескере отырып, жаңа мектеп орындарының жоспарланған саны оқушылардың тек 92 пайызын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал 100 пайыз және одан жоғары қамтамасыз ету көрсеткішіне 1,5 ауысымдық оқытуды ескере отырып қол жеткізіледі.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау мекемелеріне келсек, Бас жоспарда халықты жедел жәрдем стансаларымен қамтамасыз ету көрсеткіштерін сақтау көзделген.
Жайлы өмір сүруді қамтамасыз ету үшін 21,8 мың келушіні қабылдайтын амбулаториялық-емханалық мекемелерді енгізу, сондай-ақ халықтың болжамды санын ескере отырып, ауруханалардағы төсек орнын 4 265-ке дейін ұлғайту қажет.
Алғашқы кезеңде 27 денсаулық сақтау нысанын, оның ішінде 8 аурухана, 13 дәрігерлік амбулатория, 3 оңалту орталығы (904 төсек-орын) және өзге 3 денсаулық сақтау нысанын салу көзделген. Жалпы, 62 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарда бар. Оның 3-еуі аурухана, 53-і емхана және 5 оңалту орталығы және біреуі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау орталығы.
Бас жоспарда әлеуметтік қызмет көрсету нысандары бойынша кешенді әлеуметтік орталықтың, мамандандырылған балалар мекемесінің және 2035 жылға дейін қоса алғанда балалар үйлері түлектерінің уақытша тұру және бейімдеу орталығының құрылысы жоспарланған.
Бас жоспардағы негізгі мақсаттардың бірі – тұрғын үй қорын қамтамасыз ету. Атап айтқанда, өмір сүрудің жайлылығын қамтамасыз ету үшін тұрғын үй қорымен қамтамасыз етудегі сәйкессіздікті жою. Қала халқының орташа қамтамасыз етілуі бір тұрғынға шаққанда 30 шаршы метр. Ал өмір сүрудің осы деңгейіне жеткізу үшін тұрғын үй қорын 68 250 мың шаршы метрге дейін ұлғайту қажет. Бірінші кезеңде бір адамға тұрғын үй қорымен қамтамасыз етуді 26 шаршы метрге дейін ұлғайту жоспарлануда.
2035 жылға дейінгі бас жоспарда тұрғын үй қорын жаңадан салу, тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу есебінен аумақты жаңарту жұмыстары да қарастырылған. Қазір Ботаникалық бақ пен жаңа мешіт маңына қарай қызу құрылыс жүріп жатыр. Ж.Нәжімеденов және А.Байтұрсынұлы көшелерінен, Тәуелсіздік даңғылынан жаңа вокзалға дейінгі жердегі саяжайлар бұзылып, Ш.Айтматов көшесі бойындағы аумақтарды қарқынды дамыту қолға алынып отыр.
– Урбанизация үдерісінің қазіргі қарқыны сақталатын болса, елорда халқының саны 2030 жылға қарай 2 млн адамға жетуі мүмкін. Қала санымен қоса автокөлік саны да жыл сайын көбейіп жатыр. Көлік кептелісі өте күрделі мәселеге айналып, қала тұрғындарының ашу-ызасын туғызып отыр. Көлік кептелісінің алдын алу бойынша қандай шаралар қолға алынбақ?
– Астанада қазір көлік мәселесі өзекті және оны шешу маңызды. Көлік кептелісіне байланысты жол қауіпсіздігі, экологиялық мәселелерді де атап өту керек. Мысалы, бізде 1 000 тұрғынға 256 автокөліктен келеді. Салыстырмалы түрде әлемнің дамыған ірі қалаларында бұл көрсеткіш 300-400 автокөліктен келеді.
Бүгінгі таңда қалада 300 мыңнан астам көлік тіркелген, оның 90 пайызы азаматтарға тиесілі. Бас жоспарда көліктердің өсуін тежеу міндеті қойылып отыр. 2035 жылға қарай көлік құралдарының саны 580 мыңға дейін ұлғаяды деп болжанып отыр. Бұл 1 000 тұрғынға шаққанда 260 автокөлік деген сөз. Егер қала халқы 3 миллионға жететін болса, көлік құралдарының саны 1 млн 180 мыңға жуықтайды. Мұндай жағдайда 1 000 тұрғынға шаққанда 350 автомобильден аспауы керек. Бұл көрсеткіш «бір отбасына – 1 автомобиль» әлеуметтік бағдарына сәйкес келеді.
«Қаланың көлік мәселесін тек көлік құралдарымен шешу мүмкін емес» деген тұжырым бар. Әрине, бас жоспарда бұдан бұрын жоспарланған радиалды-айналма схема бойынша көше-жол желісінің қаңқасын одан әрі дамытуды ұсындық. Бірақ жол құрылысы көлік мәселелерін шешпейді, өйткені шешім жан-жақты болуы керек.
Кептелісті азайту тек жолдардың кеңеюімен, жаңа көшелердің салынуымен, көлік жол айырығы және жерасты жаяу жүргіншілер өткелдерінің құрылысымен шешілмейді. Ірі қалалар мұндай көлік саясатын ХХ ғасырдың ортасынан соңына дейін жүргізіп, оның сәтсіздігін мойындады.
Әрине, Астана көшелерінің қиылыстарында жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру мүмкіндіктері әлі толық іске қосылмаған, бұл бір жағынан қиылыстың көлікті өткізу қабілетін арттырады, ал екінші жағынан – барлық қатысушылар, оның ішінде жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер үшін жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға тиіс.
– Халық тұрғын үйлер салынған кезде мектеп пен балабақша салуды ескермеген деп жиі шағым айтады. Бұл мәселе қаншалықты реттеледі?
– Бастапқы жылы қалада 98 мемлекеттік балабақша, 5 республикалық және арнайы мектепке дейінгі мекеме жұмыс істеді.
Қалада мемлекеттік және жеке меншік балабақшадан бөлек басқа ұйымдардың үй-жайларында мектептер мен тұрғын үйлерге салынған балабақшалар бар екенін ескерген жөн. Алайда бұл балабақшалар жеке басқаруға бағынбайтындықтан, олардың саны мен оларға баратын балалар санына қатысты статистиканы алу және болашаққа болжам жасау қиын. Бұл ретте мектепке дейінгі білім беру жүйесін жоспарлау және бағалау, сондай-ақ олардың сапасын жақсарту кезінде балабақшалардың барлық түрлерін ескеру қажет.
Астана қаласында бастапқы 326 жекеменшік кіріктірілген және жеке тұрған мектепке дейінгі балалар мекемелері бар.
Бас жоспарда қолданыстағы мектепке дейінгі мекемелерді сақтау және қажет болған жағдайда оларды қайта жөндеу, жаңғырту және күрделі жөндеу жүргізу ұсынылады.
Бұдан басқа, мектепке дейінгі мекемелердің қосымша құрылысы ұсынылады. Қызмет көрсету радиусы 300 метр болатын қала құрылысы нормаларын сақтай отырып, оларды қолданыстағы тұрғын үй қорының аудандарында және жаңа тұрғын үй-азаматтық құрылыс аудандарында орналастыру көзделіп отыр.
Астана қаласы Білім басқармасының жоспары бойынша қалада бірінші кезеңде жалпы сыйымдылығы 13,1 мың орындық мектепке дейінгі мекемелер салу жоспарлануда. Есептік мерзімге мектепке дейінгі мекемелерде тағы 69,6 мың орын салу жоспарлануда.
– Көліктер тұрағы да тұрғындарды мазалайтын басты мәселенің бірі. Тұрғын үйлер бір-біріне жақын салынады, ал көлік тұрақтары жоқ немесе өте аз орын бөлінеді. Бұл мәселе болашақта қалай шешімін таппақ?
– Қолданыстағы техникалық нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес әртүрлі мақсаттағы нысандар, оның ішінде тұрғын үйлер де тұрақ орындарымен қамтамасыз етілуге тиіс. Құжат тұрғын үй аумақтарында оның класына қарай көлік тұрақтарын беруді реттейді. Нормаларды сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің барлық субъектісі орындауға міндетті. Тұрғын аудандарды автотұрақпен қамтамасыз ету бөлігінде Астана қаласының бас жоспары қолданыстағы құрылыс нормалары мен ережелеріне қайшы келмейді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ