Жаңалықтар

Варикозды қалай емдеуге болады? – Дәрігер кеңесі

ашық дереккөзі

Варикозды қалай емдеуге болады? – Дәрігер кеңесі

Варикоз деген не, симптомдары, диагностикасы және оны емдеу жолдары туралы А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы,  Ангиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Абылай Тергеусізов айтып берді деп хабарлады turkystan.kz. Варикоз деген не? Бұл дерт қалай дамиды? Варикоз (лат. «varіcosіs» — кеңею) –  аяқтағы вена қантамырларының кеңейіп түйінделуі. Варикоз кезінде вена тамыры кеңейіп, ұзарып, түйінделіп, білеуленіп, өзінің серпімділік қасиетін жояды. Варикозды веналар – веноздық қабырғаның жұқаруы, тамырлардың люменінің ұлғаюы және аневризма тәрізді түйіндік кеңеюі арқылы сипатталады. Варикозды веналар аяқтардағы ауырлық сезімі және олардың шаршауы, аяқтың ісінуі, түнгі спазмалар, веноздық түйіндердің пайда болуы арқылы байқалады. Варикоз туралы кейбір қате түсініктер 1-миф: варикоз ауыр ауру емес Варикозды тамырлар аяқтардағы кеңейген веналар ғана болып көрінуі мүмкін. Бірақ асқынулар туралы, әсіресе, тромбофлебит немесе трофикалық жаралар туралы ұмытпаған жөн. Өйткені бұлар өлімге алып келуі мүмкін. Сондай-ақ варикозды веналар өмір сапасын айтарлықтай нашарлатады. 2-миф: варикозды крем, тұнбалар, сүліктер, т.б. арқылы емдеуге болады Желідегі вирустық жарнамалар сүліктер, кремдер және т.б. өнімдер арқылы варикозды емдеуді ұсынады. Оған алданған адамдар дәрігердің кеңесіне жазылмай, өз беттерімен емдеуді бастайды. Яғни, үнемді нұсқаны іздейді. Бұл әдістер көмектеспейді. Тіпті, асқынуларға алып келуі әбден мүмкін. ⠀ №3 миф: варикозды компрессиялық киімдер арқылы емдеуге болады Компрессиялық шұлықтарды пайдаланудың мәні – ісіну немесе ауырсыну сияқты варикозды тамырлардың белгілерін жою. Сондай-ақ шұлықтар қан ұюдың алдын алуға көмектеседі. Бірақ олар  тамыр қабырғасының тонусына және веноздық клапандардың жұмысына әсер етпейді. Сондықтан олар варикозды веналарды емдеуге қабілетсіз. Әдетте компрессиялық терапия емдеуден кейін тағайындалады. Варикозды тамырлардың дамуына немесе нашарлауына ықпал ететін өмір салты, әдет немесе факторлар Варикозды веналар – бұл полиэтиологиялық ауру. Варикозды тамырлардың пайда болуына әсер ететін және даму қаупін арттыратын бірнеше факторлар бар: - варикозды тұқым қуалаушылық; - аз қозғалысты өмір салты; - қан айналымын қиындататын скинни (жабысқан) шалбар мен биік өкшеге әуестік; - аяқты айқастырып отыру әдеті; - жаттығу залындағы тым қарқынды жүктемелер. Варикозды қалай анықтауға болады? Варикозды емдеу саласында соңғы жылдары қандай жетістіктер немесе емдеудің жаңа нұсқалары пайда болды? Диагноз қою қиын емес. Гемодинамикалық бұзылыстардың ауырлығын бағалау үшін дуплексті ангиосканирлеу, аяқ тамырларының ультрадыбыстық зерттеуі қолданылады. Төменгі аяқтың рентгендік, радионуклидтік зерттеу әдістерін және реовазографиясын қолдануға болады. Варикозды веналары бар науқастарды емдеуде мына әдістер қолданылады: – Варикозды тамырларға арналған консервативті терапия. Консервативті терапия жалпы ұсыныстарды (қозғалыс белсенділігін қалыпқа келтіру, статикалық жүктемені азайту), жаттығу терапиясын, серпімді компрессияны қолдануды (компрессиялық трикотаж, серпімді бинттер), флеботоникамен емдеуді (диосмин + гесперидин, жылқы каштанының сығындысы) қамтиды. Консервативті терапия сырқатты толық емдей алмайды және кеңейтілген тамырларды қалпына келтірмейді. Ол профилактикалық мақсатта, операцияға дайындық кезеңінде және варикозды веналарды хирургиялық емдеу мүмкін болмаған кезде қолданылады. – Варикозды тамырларға арналған компрессиялық склеротерапия. Бұл емдеу әдісін қолдану барысында кеңейтілген тамырға арнайы препарат енгізіледі. Дәрігер шприц арқылы венаға серпімді көбікті енгізеді. Ол зақымдалған аймақты толтырып,  спазм туындатады. Содан кейін науқас тамырды ұстап тұратын компрессиялық шұлықты киеді. 3 күннен кейін тамырдың қабырғалары бір-біріне жабысады. Науқас 1-1,5 ай бойы тығыз адгезиялар пайда болғанша шұлық киеді. Көбік тәрізді склеротерапия, криосклеротерапия (CLaCS) склеротерапияның заманауи түрлері деп саналады. – Варикозды веналарды хирургиялық емдеу. Варикозды веналардың бастапқы кезеңінде фотокоагуляция немесе лазермен емдеу жүргізіледі. Варикозды веналардың коммуникативтік тамырларындағы рефлюкстік асқынуды емдеудің негізгі әдісі – хирургиялық араласу, яғни ота. Варикозды веналарды емдеу үшін көптеген хирургиялық әдістер қолданылады. Соның ішінде микрохирургиялық әдістерді қолдану, зақымдалған тамырлардың радиожиілік және лазерлік коагуляциясы, адгезиялық облитерация. Күрделі варикоздық кеңею кезінде флебэктомия – өзгерген тамырларды жою жүргізіледі. Қазіргі таңда бұл ота миниинвазивтік әдіс – минифлебэктомия арқылы жүргізіледі. Веналар өзінің бүкіл ұзындығы бойынша тромб арқылы асқынып, жанама инфекция пайда болған жағдайда Троянов-Тренделенбург отасы жасалады. Варикозды жеңілдетуге көмектесетін өзін-өзі күту шаралары Ауруға шалдығып, емделгенше, оның алдын алу тиімді. Сондықтан дұрыс әрі пайдалы дағдыларды қалыптастыру (көбірек жаяу жүру, жүгіру) маңызды профилактикалық рөл атқарады. Ұзақ уақыт бойы тұруға немесе отыруға тура келсе, аяқтың бұлшық еттерін арасында ширатып, жоғары көтеру керек немесе көлденең күйге келтірген жөн. Жүзу, велосипед айдау секілді спорт түрлерімен айналысқан пайдалы. Жүктілік кезінде немесе ауыр жұмыс істегенде компрессионды трикотажды қолдану ұсынылады. Варикозды тамырлардың алғашқы белгілері пайда болған жағдайда шұғыл түрде флебологтың қабылдауына барған жөн.