Жаңалықтар

Қала күнінде Астанада ең ірі кітап фестивалі өтті

ашық дереккөзі

Қала күнінде Астанада ең ірі кітап фестивалі өтті

Елорданың туған күнінде Астанада Bаurzhan foundation қоры ұйымдастыратын KITAP FEST фестивалі өтті. Бұл - 2014 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан халықаралық деңгейдегі Қазақстанның жалғыз кітап фестивалі. Биыл фестиваль елорда күніне арналып, Астана қаласы әкімдігінің «Креативті индустрияларды дамыту орталығы» МКҚК қолдауымен өткізілді деп хабарлады turkystan.kz. Жобаның басты мақсаты – оқырман мәдениетін қалыптастыру, жазушылар мен олардың оқырмандары үшін бірыңғай алаң құру, балалар мен жастар арасында кітапқа деген қызығушылықты арттыру. «Біз бұл фестивальді Қазақстанның барлық аймағында өткізгіміз келеді, өйткені сұраныс бар. Қазірдің өзінде көп жұмыс істелді. Жаңа Қазақстанға білімді жастар қажет деп санаймын. Сондықтан қоғамда кітап оқуды насихаттау өте маңызды. Бүгін, Елорданың туған күнінде біздің фестиваль тағы да кітапсүйер қауыммен қауышты. Kitap Fest кітап әуесқойлары үшін ғана емес, сонымен қатар үлкен отбасылық мерекеге айналды. Жыл сайын біз балалар мен ересектерге қызықты әрі ауқымды бағдарлама ұсынамыз. Фестивальде әр адам өзіне пайдалы және қызықты дүние табады. Біз отандық әдебиеттің дамуына өз үлесімізді қосуға, жас жазушылар мен олардың шығарылатын кітаптарын қолдауға ұмтыламыз», - деді Kitap FEST фестивалінің бас үйлестірушісі Майра Әлжанова. Kitap Fest кітап фестивалі – 2014 жылдан бері өткізіліп келе жатқан қазақстандықтардың өміріндегі мәдени-бұқаралық іс-шара. 9 жыл ішінде ол шығармашылық жазушылық кездесулердің беделді және қуатты алаңына, сондай-ақ отбасылық мерекеге айналды. Фестиваль жылдарында белгілі қазақстандық авторлар мен баспалардың қатысуымен 300-ден астам кітап таныстырылды. Kitap Fest мәдени-ағартушылық іс-шараға айналды, ол миллиондаған көрерменнің сүйіспеншілігіне ие болды.