Жаңалықтар

Өскеменде төбелескен қыздарға қатысты сот үкімі шықты

ашық дереккөзі

Өскеменде төбелескен қыздарға қатысты сот үкімі шықты

Өскемендегі сауда үйінің әжетханасында өз құрдастарын аяусыз соққыға жыққан қыздарға қатысты сот үкімі шықты деп хабарлады turkystan.kz inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап. Аталған іс бойынша 14 қыз тергеуге алынып, тек үш бойжеткен айыпталушы деп танылған болатын. Естеріңізге сала кетсек, наурыз айында Өскемендегі сауда үйінің әжетханасында қаршадай қыздар құрбыларын соққыға жығып, ойларына келгенін істеген болатын. Тіпті, әлеуметтік желіде осы іске қатысты бірнеше видео тарап, қаракөз қыздардың бұндай қатігездікке барғанына елдің үрейі ұшқан болатын. Шығыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған қыздарға қатысты қылмыстық істі ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы бұзақылық жасау) ҚР ҚК 194-бабы 2-бөлігінің 1,2-тармағы (күш қолдану, адамдар тобы алдын ала сөз байласуы арқылы бопсалау) бойынша жүргізген. Нәтижесінде, күдікті деп танылған 2 бойжеткенді үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы, ал үшінші қызға бір жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. «Сот істің мән-жайын және күдікті тараптың жеке басын, жәбірленушілердің пікірлерін, құқыққа қайшы әрекеттердің сипатын ескере отырып А және Т есімді күдікті қыздарға ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша 1 жыл бас бостандығын шектеу, ҚР ҚК 194-бабы 2-бөлігінің 1,2-тармақтары бойынша үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады, түпкілікті жаза ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағына сәйкес үш жылға бас бостандығынан айыру. Ал О есімді күдіктіні бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалды», - делінген сот хабарламасында. Сондай-ақ жәбірленушінің пайдасына 9 000 000 теңге сомасында моральдық зиянды өтеу өндірілгенін атап өтті. Үкім заңды күшіне енген жоқ.