«Отандастар қоры» Моңғолияда қандастар құрылтайын өткізді
«Отандастар қоры» Моңғолияда қандастар құрылтайын өткізді
Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен Моңғолиядағы қазақтар арасында кіші Құрылтай өз жұмысын бастады. Айтулы шара 4-10 шілде аралығында Моңғолияның Ұлан-Батыр, Хобда, Баян-Өлгей аймақтарында өтуде. «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы бастаған қазақстандық делегаттар құрамында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары, дипломатия ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері бар.
Ұлан-Батырдағы жүздесу
Моңғолия қазақтарының кіші Құрылтайы Ұлан-Батырдан басталды. 4 шілдеде «Отандастар қоры» президенті бастаған қазақстандық делегация Моңғолияның елордасы Ұлан-Батырдың Налайх ауданының әкімі Ч.Раднаабазар және мәслихат депутаттарымен кездесті. Айта кетерлігі, бұл ауданда 5 мыңнан астам қазақ тұрады. Кездесуге «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Бейбітұлы Қойшыбаев бастаған делегация мүшелері, ҚР Мәжіліс депутаттары - Үнзила Шапак, Нұргул Тау, Жарқынбек Амантай, дипломатия ардагері Сайлау Батыршаұлы, жазушы Кәдірбек Құныпия, «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, жазушы Ауыт Мұқибек, Түркияның Мимар Синан университетінің профессоры Абдулвахап Қара, Налайх ауданында қызмет ететін «Ер бірлігі» үкіметтік емес ұйым басшылары мен өкілдері қатысты. Кездесу барысында Қор басшысы Абзал Сапарбекұлы Моңғолиядағы және Қазақстанға көшіп келген қандастарымыз Моңғолия мемлекетінің қамқорлығын ерекше ықылас-ризашылықпен еске алатынын және бұл шын жүректен шыққан сөз деп атап өтті. Сөзін жалғастыра келе, қоғам басшысы Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайы аясында жоспарланған іс-шаралар туралы айтып өтті. Өз кезегінде ҚР Мәжілісі депутаттары Үнзила Шапақ, Нұргүл Тау және Жарқынбек Амантай Моңғолия елінің тумалары ретінде Моңғолияға келгендеріне қуанышты екенін және парламентаралық байланыстарға өз үлестерін қосуға дайын екендеріне сенім білдірді. Дипломатия ардагері Сайлау Батыршаұлы 1992 жж. тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қарым-қатынастар туралы сыр шертті. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Унзила Шапаққызы өз сөзінде осы ауылдың тумасы екенін айтып, жастық шағы өткен кезді тебірене еске алды. Налайх шағын қала болғанына қарамастан, халық санының 3%-ын қазақ халқы құрайтындығы туралы ақпаратпен бөлісіп, шетелден оралып Қазақстанға қоныстанған азаматтардың жоғары білім алып, адал еңбек етіп жатса, мемлекет тарапынан еленіп, үлкен биіктерге жете алатынына тоқталды. Отандастар қорының президенті А.Сапарбекұлы бастаған делегация мүшелері қазақтармен өткен кездесуден кейін Налайхтағы «Ел бірлігі» үкіметтік емес ұйымының орталығына барды. Орталықта қоғам тарапынан ұйымдастырылып жатқан қазақ тілі, домбыра, қазақша сөйлеу курстары туралы сөз қозғалды. Биыл осы орталықта «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен өтіп жатқан домбыра курстарында 45 бала домбыра үйренген. Орталық қызметкерлерімен сұхбат барысында жергілікті қазақтар атынан сөз алған ауыл ақсақалдары мен жас буын өкілдері балалар мен жастар арасында қазақ тілінде сөйлеудің қиыншылықтарына тоқталды. Атап айтқанда, ауылда қазақ балабақшасының жоқтығы, бүлдіршіндерге арналған түрлі кітапшалардың болмауы, қазақ тілі мамандарының жетіспеушілігі туралы мәселелерге көңіл бөліп, Қазақстан, Елшілік және «Отандастар қорының» қолдауларына үлкен үміт артатынын білдірді. Өз кезегінде, ресми делегация мүшесі, Түркияның Мимар Синан университетінің профессоры Абдулвахап Қара алдағы уақытта шетелдік тәжірибені зерттеп, қандастар арасында әр салада маман алмасу, екіжақты зерттеулер жасау сияқты мәселені қарастыру қажеттілігі туралы ұсыныс білдірді. Ал қоғам қайраткері, ақын Ауыт Мұқибек келешек ұрпаққа ана тілінде білім алуға мүмкіндік тудырудың бір жолы ретінде қазақ мектептерінің филиалдарын Моңғолияда ашу туралы ұсыныс айтты. Жиын барысында қатысушылар, білім, әдебиет, өнер салаларында екіжақты тиімді әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды тілге тиек етті. Басқосуды қорытындылай келе, қоғам президенті Абзал Сапарбекұлы Налайхта қазақ салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттаушы, қазақи нақыштағы қолөнер шебері Сайлау Түлкібайқызын «Отандастар қорының» «Алғыс медалімен» марапаттады. Моңғолияның Қазақстандағы тұңғыш Елшісі болған Б.Бямбажав қазақ-моңғол қатынастары мемлекетаралық өзара іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейіне шығатындығына сенім білдіріп, Қазақстанда қызмет еткен жылдарын жылы сезіммен еске алды. Сондай-ақ Энергетика агенттігінің бұрынғы төрағасы А.Тілейхан Баян-Өлгейдің даму стратегиясы туралы баяндады. Бұл ретте білім саласы, денсаулық сақтау, аймақтағы жұмыссыздық, сонымен қатар басшыларды дайындау жүйесі, жастар саясаты туралы кеңінен бөлісті. Қазақстаннан келген депутаттар өз кезегінде екі ел Парламент достық тобының күн тәртібіндегі мәселелерді шешуге күш жұмсау керектігін атап өтті. Осы ретте Баян-Өлгей аймағымен тікелей рейс ашу және Қазақстанға жақын аймақтарда Қазақстанның консулдығын ашу пысықталып жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ халық қалаулылары ҚР Президенті ұсынған «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» қағидасы шеңберіндегі реформаларға тоқталды. «Елде жасалып жатқан реформалар нәтижесінде биыл Парламентке 6 саяси партия кірді», - деп атап өтті ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Унзила Шапақ. Сонымен қатар дөңгелек үстел барысында Қазақстан дипломатиясының ардагері Сайлау Батырша-ұлы, тарих ғылымдарының профессоры Абдулвахап Қара, Моңғолия-Қазақстан парламентаралық достық тобының тең төрағасы Қ.Беделхан, «Президент және халық» газетінің бас редакторы М.Тоқашбай, Моңғолия Мемлекеттік Ұлы Хуралының мүшесі Г.Амартувшин, т.б. тұлғалар да сөз сөйлеп, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.Моңғолия Парламентінің төрағасы Транс-Алтай диалог платформасын құруды ұсынды
Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайы аясында «Отандастар қоры» бастаған Қазақстан делегациясы Ұлан-Батырда Мемлекеттік Ұлы Хуралының (Парламент) Төрағасы Г.Занданшатармен кездесті. Кездесуде қазақ-моңғол қатынастары, оның ішінде мәдени-гуманитарлық мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Мемлекеттік Ұлы Хуралдың төрағасы Г.Занданшатар Қазақстан және қазақ халқына деген шынайы ізгі тілегін айтып, екіжақты байланыстарды дамыту бойынша ойын айтты. Сонымен қатар төраға қазақ, моңғол халықтары Ұлы көшпенділердің мұрагерлері ретінде ортақ бай рухани құндылықтарға ие екендігі төңірегінде ой қозғады. Қор президенті Абзал Сапарбекұлы төрағаға қабылдауы үшін алғысын білдіріп, қоғамның қызметі, кіші Құрылтай аясында өтетін іс-шаралар туралы ақпарат берді. Сонымен қатар А.Сапарбекұлы моңғол халқына және үкіметіне Моңғолияда тұрып жатқан қандастарымызға деген қамқорлық пен қолдауы үшін ризашылығын білдірді. Кездесу барысында екі ел Парламент депутаттары да ойын айтып, парламентаралық байланыс бауырлас елдеріміздің жан-жақты ынтымақтастығын нығайтуда маңызды орын алатынын жеткізді. Кездесуде Парламент төрағасы Транс-Алтай диалог платформасы аясында тарих, археология, әдебиет пен ғылым саласында ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Осы ретте төраға делегация құрамындағы қазақ жазушыларын Моңғолияда дәстүрлі түрде өтетін әдебиетшілер форумына шақырды.Еңбектің еленуі – алғыс пен марапат
Осы орайда, қазақ-моңғол қарым-қатынастарының дамуына, халықтар достығын нығайтуға және ұлттық руханиятқа қосқан үлесі үшін бірқатар қазақ-моңғол қайраткерлері марапатталды. Атап айтқанда, Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының депутаты, моңғол-қазақ парламенттік достық тобының тең төрағасы – Бәделхан Қабдыісләмұлы «Достық» орденіне, Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының бұрынғы депутаты, саясаткер, ұлт жанашыры – Тілейхан Әлмәлікұлы және Моңғолияның Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі, ғалым, PhD докторы – Зульфикар Сарқытұлы «Шапағат» медаліне ие болды. Ал Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының мүшесі, «Баян-Өлгейдің Ұлан-Батыр қаласындағы Жерлестер алқасы» үкіметтік емес ұйымының төрағасы – Әубәкір Тілеуханұлы; Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының депутаты – Бейсен Бұланұлы; Моңғолияның халық дәрігері, қазақ тілінің жанашыры – Асай Рәмішұлы; медицина ғылымдарының докторы, профессор, атақты нейрохирург, Моңғолияның халық дәрігері – Нота Әнуарұлы; «Арулар» әйелдер одағының төрайымы – Айнагүл Сарайқызы; ақын, аудармашы, Моңғолиядағы қазақ жастарын қолдаушы – Байыт Қабанұлы; «Алаш Моңғолия» бейресми ұйымының төрағасы, Ұлан-Батыр қаласында домбыра үйірмесін ұйымдастырушы – Оразбек Сейтахметұлы; Моңғолиядағы Мұсылман қоғамының төрағасы, Моңғолия Президентінің жанындағы Діни кеңес мүшесі және Моңғолиядағы қазақ жастарын Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсуіне тұрақты қолғабыс көрсетуші – Батырбек Хадысұлы ҚР Президентінің төсбелгісімен және Алғыс хатымен марапатталды.Кейуана
Бұл сөзді естігенде, бірден есімізге алып мәуелі бәйтеректей маңайына жан жылуы мен мейірім шуағын шашқан ақ жаулықты ана, кимешекті әже оралады. Көзалдымызға бүтін бір әулеттің ғана емес, елдің ұйытқысы болған, бірлік пен берекенің бастауына айналған алып аналар келеді. Бұл тегін емес. Қазақ қоғамында қашанда әйелдің орны, ананың мәртебесі жоғары болған. «Алып анадан туады» деп, ұрпақ тәрбиесіндегі ананың рөлін ерекше бағалаған. Қазақ – ежелден қызын мәпелеген, қарындасына қамқор болған, аруын аялаған, анасын ардақтаған, әжесін құрмет тұтқан халық. Өйткені, өнер ұрпақ, келер буын, ұлт болашағы – ананың қолында. Сондықтан қазақ тарихында есімі елге ұран болған, руға аты берілген ел аналары қаншама. Әжелер институты әулетті ғана емес, ұлтты ұйыстырып отыратын тәлім мен тәрбие мектебі емес пе?! Әріге бармай-ақ Шоқанның әжесі Айғаным ханшаны, Абайдың әжесі Зере анамызды айтсақ болады. Сол үрдіс әлі де үзілген жоқ. Бұған Моңғол елін ен жайлап жатқан қандастарымызға сапарлап барғанда көз жеткіздік. Қаймағы бұзылмаған қазақы қалыпты, ақ жаулықты аналарымыз бен көненің көзіндей, даналықтың кеніндей болған кимешекті кейуаналарды көріп, көңіліміз марқайды. Осынау алтын құрсақты аналарымыз бен қазыналы әжелеріміз тұрғанда, қазақтың көші ғасырдан-ғасырға аса береді. Суреттегі Сайлау апа - қолөнер шебері. Ою-өрнекпен көмкеріп жасаған киіз үйі Моңғолияның “Juuluchin World Tours” деп аталатын туризм бағдарламасына енген. Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайы аясында “Отандастар қоры” КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы Сайлау апаға “Әр қазақ менің жалғызым” деген жазуы бар “Алғыс” медалін табыстады.