Ескі үйлердің орнына жаңа баспаналар салына бастады

Орал қаласында мүлде жарамсыз ескі үйлердің орнына жаңа көпқабатты тұрғын үйлер салына бастады, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.

Бүгінгі күні  Оралда апатты деп танылған осындай 41 үй бар. Қала тұрғындары үшін аса өзекті тақырыпқа айналған бұл мәселе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында шешімін тауып отыр. Баспана құрылысын өз қаржысы есебінен жүргізуді өңірдегі екі бірдей тұрғын үй құрылысы комбинаты қолға алған.

Құрылыс кәсіпорны мамандарының айтуынша, қазір тоғыз қабатты екі кіреберісті үй салынуда. Кезінде екі қабатты он алты пәтерлік үй болған. Жаңа салынып жатқан үйде бір бөлмелік 36 пәтер, екі бөлмелік 36 және үш бөлмелік 18 пәтер болады. Бұл үйдегі каркастың барлығы «Домстройкомбинаттың» материалдарымен салынған.

Қала аумағында жаңадан салынатын үйлерге 20 орын белгіленіп отыр. Жаңадан салынатын үйлерге коммуналдық желілер тартып, айналасын абаттандыру әкімдіктің міндеті. Кешікпей жаңарған қоныстарына оралатын тұрғындар  қазір уақытша тұрғын үй қорынан бөлінген пәтерлерде тұрып жатыр. Олардың баспананы жалдау шығынын да құрылыс кәсіпорындары өз мойындарына алған.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев: «Бізде құрылыс компанияларымен келісім бар. Қаламыздың құрылыс компаниялары тұрғындармен және әкімшілікпен үш жақты келісім-шартқа қол қойған. Онда, ескі үйлерді бұзып, бұзылған үйлердің орнына шаршы метріне сәйкес ескі үйдің тұрғындары жаңа үйден пәтер алатын болған», – дейді.

Қолға алынған игі жоба тұрғындар үшін де, құрылыс комбинаттары үшін де тиімді болып тұр. Осы жобаның арқасында тұрғын үй құрылыс комбинаттары толық қуатына кіріссе, апатты үй тұрғындары жаңа пәтерлерге ие болады. Бұл бағыттағы жұмыстарды кезең-кезеңімен жүзеге асыру көзделген.

 

Back to top button