Жаңалықтар

30 жыл ауызсусыз отырған ауылға су тартылып жатыр – «AMANAT»

ашық дереккөзі

30 жыл ауызсусыз отырған ауылға су тартылып жатыр – «AMANAT»

Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының депутаты Мұқаш Ескендіров Жамбыл облысында болып, халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін назарға алды. Халық қалаулысы Жуалы ауданындағы Қошқарата ауылдық округіне ат басын бұрып, 34 үй, 144 тұрғыны бар Қызтоған ауылына ауыз су тарту жұмысымен танысты. Аталған ауылға 30 жылдан астам уақыттан бері таза ауыз су тартылмай келген еді. Осы мәселе «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына енгізіліп, қазіргі уақытта су тарту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Оған облыстық бюджеттен 36 миллион 505 мың теңге қаражат бөлінді. Мәжілісмен халықтың әл-ауқат деңгейіне тікелей әсер ететін өзекті мәселеге баса назар аударып, құрылыс жұмысын сапалы әрі уақтылы жүргізу қажет екенін жеткізді. Жалпы, партияның өңірлік бағдарламасы аясында облыс аумағында 2025 жылға дейін 69 елді мекенді орталықтандырылған таза ауызсумен қамту көзделіп отыр. Сондай-ақ халық саны 200 адамнан  аспайтын 24 ауылдық елді мекенде суды тазартуға арналған кешенді блок-модульдер орнатылады.