Жаңалықтар

Теңізшевройлдың қазақстандық жұмысшыларға лайықты жағдай жасауы маңызды – Қошанов

ашық дереккөзі

Теңізшевройлдың қазақстандық жұмысшыларға лайықты жағдай жасауы маңызды – Қошанов

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Кевин Лион бастаған делегацияны қабылдады. Делегация Астанаға депутаттарды компания қызметімен таныстырып, ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін келген деп хабарлады turkystan.kz. Ерлан Қошанов «Теңізшевройл» ЖШС Қазақстан экономикасының дамуына зор үлес қосып келе жатқан жетекші халықаралық компания екенін атап өтті. Оның құрылғанына биыл сәуір айында 30 жыл толды. "Осы жылдар ішінде сіздің компания мұнай-газ саласындағы ірі жобаларды жүзеге асыруда Қазақстанның сенімді серіктесіне айналды. Еліміздің мұнай өнеркәсібіне озық технологияларды тартуға, көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге белсенді ықпал етіп келеді", – деді Мәжіліс төрағасы. Ерлан Қошанов еңбек адамын жан-жақты қолдау Мемлекет басшысы саясатының басым бағыттарының бірі екенін айта келе, компания тарапынан қазақстандық жұмысшыларға лайықты жағдай жасаудың маңыздылығына, соның ішінде әлеуметтік қамсыздандыру, әділ еңбекақы және оқыту мәселелеріне тоқталды. "Бүгінде елімізде мұнай-газ саласында біліктілігі жоғары мамандар жеткілікті. Шетелден меңгеріп келген білімі мен трансұлттық компаниялардағы тәжірибесі мол азаматтарымыз көп. Осыған байланысты біз нақты қазақстандық мамандарды, оның ішінде басшылық қызметтерге тартуды ұсынып отырмыз", – деді Мәжіліс төрағасы. Сондай-ақ «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Жылыой ауданы тұрғындарының өтінішіне орай компания жаңа келісімшарттарға ауысым мерзімін мердігерлердің өздері анықтауға мүмкіндік беретін норманы енгізуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Ерлан Қошанов компанияның қазақстандық жұмысшыларға лайықты жағдай жасауының маңыздылығын атап өтті. Соның ішінде әлеуметтік қамсыздандыру, әділ еңбекақы төлеу және оқыту шеңберінде. Сондай-ақ спикер депутаттық корпус пен «Теңізшевройл» ЖШС кіретін әлеуметтік-жауапты компаниялар арасындағы өзара әрекеттестік тұрақты сипатқа ие болуы қажеттігін айтты. Ол депутаттардың өңірдің дамуы мен еңбек жағдайына қатысты мәселелерді Парламенттің жаңа сессиясында көтеруге ниетті екенін атап өтті. Кездесуге Қазақстан тарапынан Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан, Атырау облысынан сайланған депутат Әділ Жұбанов, Экология және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов қатысты. Делегация құрамында «ТШО» ЖШС бас директорының орынбасары Көңілқош Сүйесінов, Үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджер Дәрмен Аронов және мүдделі тараптармен байланыс жөніндегі менеджері Ботагөз Құлшаева болды.