Депутаттар әйеліне қол көтерген еркектерді түрмеге қамауды ұсынды
Депутаттар әйеліне қол көтерген еркектерді түрмеге қамауды ұсынды
Әйеліне қол көтерген еркектер бұдан былай түрмеге тоғытылуы мүмкін. Еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылықты талқылаған Мәжіліс депутаттары заңға осындай өзгеріс енгізуді ұсынды деп хабарлайды КТК арнасы.
Халық қалаулылары күйеуінен қорлық көріп жүрген келіншектердің тағдырын үш сағат талқылады. Өйткені елімізде әйеліне ғана әлі жететін еркектер көбейген. Олар көбіне араққа тойып алып немесе отбасындағы түрлі қиындықты, қаржы тапшылығын көтере алмай шу шығарады екен. Ал жанжалдың азабын көріп жатқан әдеттегідей әйел-баласы мен кәрі ата-анасы. "Былтыр 26 мың ауыр қылмыс жасалған. 853 адам қасақана өлтірілді. Бұл қылмыстың көбі отбасылық ұрыс-керістен шыққан", - дейді Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Қазір әйеліне қол көтергендерге айыппұл салады немесе 3 сағатқа абақтыға жабады. Қылмыстық іс қозғау үшін келіншектер қайта арызданып, таяқ жегенін дәлелдейтін құжаттар жинауы тиіс. Бұл ұзақ шаруа. Сондықтан полицейлер сүйген жарын көкала қойдай сабап тастағандарды әкімшілік жауапқа тарту керек деп отыр. Депутаттар бұған бірден қарсы шықты. "Жанұядағы заңбұзушылықтың барлығын әкімшілік жазадан қылмыстық жазаға ауыстыруымыз керек. Ол қылмыс. Ол қалай әкімшілік жаза болып саналу керек?", - дейді Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев. Азап шегіп жүрген әйелдер ғана емес. Келіншегінің қыңыр мінезінен мезі болған еркектер де шағымданады екен. Оларға көбіне психологиялық көмек көрсетіледі. Ал, жылына отбасы алдындағы міндетін орындай алмаған мыңнан астам ерлі-зайыпты ата-ана құқығынан айырылып жатыр. Салдарынан тірі жетімдердің саны да еселеп артқан. Қазір 12 мың жанұя полицейлердің бақылауында тұр. Бұл аздай, кәмелеттік жасқа толмаған қыздармен азаматтық некеде тұратындардың да қатары көбейіп кетіпті. "Бүгінде кәмелеттік жасқа толмаған қыздар арасындағы жүктілік көп. Мәселен, соңғы 3 жыл ішінде 15-18 жастағы 5 жарым мың қыздың аяғы ауыр болған. Ал полицейлер сексуалдық зорлық-зомбылыққа қатысты небары 12 қылмыстық іс қозғапты", - дейді Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко. Келесі жылдан бастап елімізде жәбір көрген жасөсіпрімдерге, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге әлеуметтік көмек көрсететін арнайы мекемелер ашылмақ. Ол үшін қазынадан 1 миллиард теңгеден астам ақша бөлінген.