Жаңалықтар

Өткен жылы 5 мыңнан астам ата-ана жауапкершілікке тартылды

ашық дереккөзі

Өткен жылы 5 мыңнан астам ата-ана жауапкершілікке тартылды

Өткен жылы  елімізде бала тәрбиесіне қатысты міндетін дұрыс орындамаған 5 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды, –  деп хабарлайды 24.kz  арнасы.   Арнаның хабарлауынша, былтырғы жылы бауыр еті баласына қаталдық танытып, қол жұмсаған 44 дерек тіркелген. Мұндай статистикалық деректі Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов келтірді. Үкіметті өткен жиында халық қалаулылары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің тың тетіктерін талқылады. Ал Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов әлеуметтік жетімдік деңгейі жасанды жолмен артып отырғанын айтып, полиция тұрмысы нашар, берекесі қашқан отбасыларға ықпал етудің ұтымды жолдарын тапқанымен оны толықтай шешуге дәрменсіз екендігін айтады. Бұл ретте жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға бағытталған арнайы жалпы білім беретін мектептер жоқтың қасы екенін жеткізді. Ресми статистикалық деректерге  сүйенсек, Білім және ғылым министрлігінің құзырында тәрбиесі қиын 370 балаға шақталған 7 мектеп бар. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов: «Бұл тым жеткіліксіз. Соңғы 15 жылда елімізде мұндай арнаулы мектептің бірде-біреуі ашылмаған. Осы орайда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді қорғау, оңалтуға басымдық берген жөн», – деп атап өтті. Сондай-ақ, министрдің айтуынша, бүгінгі таңда полиция есебінде осындай ұйымдарға жіберілетін 6 мыңнан астам кәмелет жасына толмаған бала тұр. Қараусыз және панасыз қалған жасөсіпімдер – 2412, мектепке бармайтындар саны – 3 888 бала. Енді үкіметтік емес ұйымдар мен тиісті сала өкілдері арқылы тұрмыстық деңгейдегі қылмысқа тойтарыс беру қажет. Сонда ғана тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға болады. «Біз өзіміз үшін бұл мәселені тек полицияның проблемасы ретінде қарауға болмайды. Көп сұрақтардың бұл салада шешілмеуі – бүгін біздің мемлекет тарапымыздан бір арнайы белгілі мемлекеттік органды тағайындалмағандығы. Осы салаға жауап беретін, осы проблеманы шешіп отыратын күнделікті өмірде, көптеген министрліктің және қоғамның басын қоса отыра бүгін мынау үлкен терең тәрбие жұмыстарын осы жағын қарастыру керек сияқты», –  деді жиында сөз алған  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіров.